Австралия және Қытай зерттеушілері бірлесе отырып, тибет ұлтының үстіртті жерде тіршілік етуге беймделгіш қасиетінің сырын ашқан. Бұл зерттеу нәтижесі АҚШ «Ғылым академиясының журналы» басылымында жарияланған болатын. Тибет ұлтының үстіртті жерде жасауға бейімділігін екі ел ғалымдары хан ұлтының генімен салыстыру арқылы тапқанын айтады. Бұл туралы «People.com» хабарлайды.

Ғылыми анықтау жұмысына Австралияның Квинсланд университеті мен Қытайдың Вынжоу медицина университетінің зерттеушілері қатысқан. Бұл реткі ғылыми жұмысы тибет ұлтына жүргізілген тарихтағы ең көлемді генетикалық зерттеу болып табылады. Олар 3000 тибет ұлты өкілінің генін жазық жерде жасайтын 2000 хан ұлтының геніне салыстыру арқылы, тибетті ерекшелеп тұратын 7 түрлі генді анықтаған. Олар: MTHFR, RAP1A, NEK7, ADH7, FGF10, HLA-DQB1және HCAR2 гені. Мамандар осы гендердің тибеттердің үстіртті жерде жасауында маңызды рөлге ие деп тапқан. Мамандар осы гендерді анықтау арқылы бұлардың тұқым қуалағыштық қасиеттерінде ішкерілей зерттеуді қолға алыпты.

Тибет үстірті әлемдегі ең биік үстірт саналады. Теңіз деңгейінен орташа биіктігі 4500 метрден асады. Бұл Алатауының ең биік нүктесінен де асып түседі . Кей жеріндегі ауаның тығыздығы жазық жердегі ауа тығыздығының 40 пайызына да жетпейді. Үстірттегі ультра күлгін сәулесі де жазық жердегіден 30 пайыз жоғары болады. «Адамзат өміріне үйлесімсіз жер» аталған Тибет үстіртінде жергілікті тибет ұлты ғасырлар бойы өмір сүріп келеді.

The Qazaq Times