Әділет министрлігі тіркемеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы пікір білдірді. Белсенді 26 қазанда кешкісін Азаттық радиосына іс ашуға түрткі болған себебін түсіндірген.
Жанболат Мамай Алматы қалалық полиция департаменті белсендінің үстінен 18 қыркүйекте Абай ескерткіші түбінде өткен шеруде полицияға тіл тигізді деген айыппен «Билік өкілін қорлау» (378-бап, 2-бөлім) бабы бойынша іс қозғағанын мәлімдеді.
«18 қыркүйек күнгі митингіде Абзал Достияровты тура сол жерде арнайы жасақ ұстаған болатын. Мені жерге құлатқан. Сосын мен шығып айттым: «Осы әрекетті жасап тұрған полиция қызметкерлері отанына опасыздық жасайды. Ертең Қазақстанда Қытай экспансиясы басталса, бұлар Қытайға да қызмет жасайтын нағыз сатқындар» дедім. Міне, осы сөздер үшін 17 қазанда іс қозғаған. Филологиялық сараптаманың бәрін дайындап қойған», – деген Жанболат Мамай Азаттық тілшісіне.
Оппозиция өкілінің айтуынша, айтқан сөзінен бас тартпайды, бұл оқиға нағыз «саяси қысым». Ол «бұл биліктің демпартия митингіге шықпасын, наразылық танытпасын деп қасақана жасап отырған әрекеті, басқаша түсіндіру мүмкін емес» деген пікірде.
«Наразылық акциясына шыққан кезде басбұзарлықпен, болмаса заңды бұзайық, болмаса тәртіпсіздік жасайық, теріс әрекет жасайық деп шыққанымыз жоқ. Біз ұлттық мүддені қорғап шықтық. Тәуелсіздікті қорғап шықтық. Арон Атабекке бостандық талап еттік. «Сбербанкпен» жасалып жатқан келісімге қарсы шықтық. Қолымызда мегафоннан басқа ештеңе болған жоқ. Біз түскен бетте полиция тарпа бас салып, күш көрсетті. Абзалды ұрып-соғып, полиция департаментіне алып кетті. Ырысбек Тоқтасын ағамызды екі-үш күн бұрын ұстады. Дәурен мен Теміртасты екі күн бұрын қамап тастады. Мұның бәрі заңсыз. Ешқандай іс-әрекет жасамай тұрып, осындай заңсыздықтарға барды. Сондықтан мен солай деп айттым. Олар енді «қоғамдық тәртіпті қорғаған» полиция қызметкерлерін қорлады деп айыптап отыр», – дейді Жанболат Мамай.
Белсендінің ақпарат құралына хабарлауынша, өз құқығы аясында тергеушінің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан. Мамай полицияға адвокаты Жанар Балғабаевамен кіріп шыққан. Алматы полициясы әзірге іс бойынша түсініктеме бермеді.
Сейсенбі, 26 қазанда күндіз Жанболат Мамай өзіне қылмыстық іс қозғалғанын, полицияға шақыртылғанын хабарлаған. Түстен кейін қалалық полиция департаменті ғимаратының алдына оны қолдаған жақтастары жиналды.