Биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамай мен оның жұбайы, журналист Инга Иманбайды сотқа берді. Бұл жайлы бүгін, 30 сәуірде Байбектің заңгері Айжан Ташенова өзінің facebook-таға парақшасында хабарлады.
Байбек Мамай мен Иманбайды "абырой мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді" деп айыптап отыр. Заңгер Ташенованың жазуынша, Байбек өз арызын Алматы қаласы Әуезов ауданы №2 аудандық сотына тапсырған. Билік партиясы өкілінің Мамай мен Иманбайдың үстінен арыз жазуына олардың өзі жайлы түсірген зерттеу видеосы себеп болған.
Аталған видео "Демократиялы Қазақстан" Youtube арнасында жариялаған. Видеода Мамай "Байбектің Алматыға әкім болып тұрғанда қаладағы бірқатар жемқорлық істерге қатысы болды" деп айыптаған және сол кезде оның отбасы мүшелерінің ірі бизнесмендерге айналғанын айтқан.
"Демократиялы Қазақстан" Youtube арнасында жариялаған Б.Байбек жайлы Ж.Мамайдың зерттеуі
Заңгер Ташенова бүгінгі жазбасында осы видеода келтірілген мәліметтер "дәлелсіз, негізсіз" екенін айтқан.
"Биыл 19 сәуірде Бауыржан Байбек қажетті ресми құжаттар мен басқа да материалдарды көрсете отырып, барлық айыптауларды жария түрде жоққа шығарды. Бұл ретте, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның айтқан сөздерінің жалғандығын, жалаңсөзділігін және арсыздығын ескере отырып, Б.Байбек өзінің ар-намысын, абыройы мен беделін сот арқылы қорғау құқығын пайдалану жөнінде шешім қабылдады. Сондықтан азаматтық заңнама аясында біз бейнематериалдар авторлары айыптауларының негізсіздігі мен мағынасыздығын дәлелдеуге ниеттеніп отырмыз" деп жазды Байбектің заңгері Ташенова Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, Байбек Мамай мен Иманбайды қылмыстық және әкімшілік қудалаудан бас тартып, істі азаматтық қараумен шектеуді жөн көріп отыр. Заңгер Байбектің өтемақы талап етпейтінін де жазған. Бұған қоса, ол Мамай өзі жариялаған видеода айтқан мәліметтерді сотта дәлелдеп беру қажет деп есептейді.
"Ж.Мамай мен И.Иманбайға қатысты талап арызды сот қанағаттандырған жағдайда, аталған азаматтар Б.Байбектің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін материалдарды жоюы, сондай-ақ тиісті әлеуметтік желілерде және YouTube-арнада барлық негізсіз, шындыққа жанаспайтын айыптауларын жоққа шығаруы тиіс" деп жазды Ташенова.
Байбектің заңгері өз жазбасында Мамай мен Иманбайды сот процесін саясиландырудан бас тартып, оның ашық та конструктивті аяда өтуіне қолдау көрсетуге шақырған.
"The Qazaq Times" тілшісімен сөйлескен Мамай "соттың әділ өтетініне еш сенбейтінін" айтты. Ол Байбектің заңгерінің "сот процесін саясиландырмайық" дегенін негізсіз деп есептейді.
– Байбек – "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Ол – саяси тұлға. Ал біз – Демократиялық партия құрғысы келетін саяси ұйымбыз. Сондықтан бұл 100 пайыз саяси сот болады. Ал соттың шешімі Байбектің пайдасына шығуы әбден мүмкін. Өйткені Қазақстанда әділетті сот жоқ. Мен өзім әкімшілік сот, қылмыстық сот, азаматтық сот барлығынан өткен адаммын. Сондықтан мен Қазақстанның сотынан ешқандай әділдік күтпеймін. Бірақ сот қандай шешім шығарса да, өз айтқандарымнан бас тартпаймын, ешқашан Байбектен кешірім сұрамаймын, өзім жариялаған видеоны, мәліметтерді, деректерді еш жерден өшірмеймін. Сол үшін түрмеге отырғызамын десе, отырғызсын, – деді Мамай Qazaq Times тілшісіне.