АҚШ-та Джордж Флойдтың өліміне тікелей жауапты деп айыпталған бұрынғы полиция қызметкерінің сот отырысы басталды.
Дерек Чавеннің ісі бойынша сот процесі әлі де екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Егер оның кінәсі дәлелденсе, бұрынғы офицер 40 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Ал Джордж Флойдтың өліміне қатысы бар өзге де үш офицердің сот отырысы тамыз айында өтетін болады.
Сотқа дейін жүздеген адам құқық қорғау органдары тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарсы бейбіт митинг өткізді. Осыған байланысты Миннеаполис мэриясы қаладағы полиция бөлімшелерінің қоршауларын бекітуге 1 миллион доллар қаржы бөлген. Себебі былтырғы тәртіпсіздіктер кезінде ереуілшілер Джордж Флойдтың өліміне қатысы бар офицер жұмыс істеген жерге от қойған болатын.
Былтыр 25 мамырда Миннеаполис қаласында 46 жастағы Джордж Флойд полицей өкілдерінің көз алдында жан тапсырған. Дүкен кассирі марқұм жалған банкнотпен есеп айырыспақ болды деген уәжбен полиция шақырады. Артынша оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктінің қолына кісен салғаннан кейін офицерлердің бірі оның желкесін аяғымен 7 минуттай басып тұрған. Дауысы қарлыққан афроамерикалық өзінің дем ала алмай жатқанын айтады, бірақ оған полицейлер құлақ аспаған. Осыдан кейін «Мен тұншығып қалдым!» тіркесі шерудің басты ұранына айналды.
29 мамырда Миннесотада Джордж Флойдың өліміне тікелей қатысы бар деп айыпталған бұрынғы полицей Дерек Шовин тұтқындалды. Куәгерлер түсірген видеокадрды сараптаған мамандардың айтуынша, Дерек Шовин Джордж Флойдтың «демала алмай жатырмын» дегеніне қарамастан мойнын қысып ұстап бірнеше минут босатпаған.
Джордж Флойд өліміне ұқсас жағдай 2014 жылы орын алған. Сол жылы 17 шілдеде Нью-Йоркте ақ нәсілді полиция қызметкері Даниэль Панталео қара нәсілді Эрик Гарнерді ұстау кезінде тұншықтыру әдісін қолданған. полицияның қара нәсілділерге көрсеткен зорлық-зомбылығына қарсы күресінде «Мен тұншығып қалдым» сөзі жаппай ұранға айналды.