Садыр Жапаровтың жаңа билігі 30 жылдан бері хатталып бекітілмеген қырғыз-өзбек шекарасын шегендеуде ауқымды әрі батыл қадамға барған еді. Алайда, қырғыз қоғамындағы наразылық бұл қадамды кері тартып тұрғандай. Қазір Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитетінің жетекшісі Қамшыбек Ташиевтің өзі шағымшылдар көбейсе шекара келісімі жүзеге аспай қалуы мүмкін екенін айтты.
Қырғыз Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік Комитет төрағасы 24-25 наурыз аралығында Тәшкентте өзбекстандық әріптестерімен шекара мәселесін талқылап, жаңа келісімдерге қол қойып қайтқан еді. Осыдан кейін Жапаров билігі «Өзбекстанмен шекара мәселесі 100 пайыз шешімін тапты» деген. Бірақ, қырғыз қоғамында шекара келісіміне қатысты күдік пен наразы пікір көбейді. Олардың кейбірі қырғыз билігі өзбек тарапқа жер беріп жатыр деген де сөздерді айтты. Ал, оған кеше Ташиев жауап беріп: «Қырғызстан Өзбекстанға бір метр де жер бергеміз жоқ», – деді.
Ташиев пен шекара ісі бойынша Жапаров тағайындаған арнайы өкіл Нәзірбек Бөрібаев кеше шекара аймақтағы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Баткеннің бірнеше ауылы мен ауданын аралады. Онда қырғыз жоғары лауазымдылары Өзбекстанмен келісімдердің мазмұндарын халыққа түсіндіріп жүр. Ташиевтың мәлімдемесіне қарағанда даулы аумақтардың көбі Қырғызстанның пайдасына шешілген. Айталық, Оштың Қарасу өңірінің өзінен 13 мың гегтар аумақ Қырғызстан пайдасына берілген.
Шекара мәселесін шешу Қырғызстан жаңа билігінің алдында тұрған ең ауыр әрі маңызды міндет болып тұрған. Егер Өзбекстанмен шекара мәселесі толық шешімін тапса Бішкек билігі үшін үлкен жеңілдік болады. Президент Жапаров қырғыз ақпарат құралдарына берген сұхбаттарының бірінде Тәжікстанмен де шекара мәселесі бойынша сөйлесулердің болатынын айтқан. Қос даулы шекараны бекіте алса Садыр Жапаров сонымен де қырғыз тарихындағы елеулі тұлға болып қалмақ.