Иран мен Израиль арасындағы жанжал ушыға түсті. Ирандағы ядролық бомбаны жасаған ғалымның қазасынан кейін Иран президенті Хасан Рухани Израильді «АҚШ-тың жендеті» деп, кек алатынын айтты. Ізін ала Израильдің одақтасы Америка Парсы шығанағына соғыс кемелерін аттандырған.
Жағдайдың ушығуына Иранның ядролық бағдарламасына басты жауапты физик Мохсен Фахризаденің өлімі себеп. Ол 28 қарашада белгісіз біреулердің шабуылынан қайтыс болды. Шабуыл Абсард қаласының маңында ғалым көлігімен кетіп бара жатқанда жасалған. Оның қорғаушылары мен лаңкестер арасында атыс болып, Фахризаде жараланған.
Мохсен Фахризаде – Ирандағы ең танымал ядролық физика саласының маманы. Осы елдің ислам революциясы сақшылары корпусының офицері ядролық қару жасауға бағытталған құпия бағдарламаны басқарған.
Ресми Теһран оны Израильдің барлау қызметі өлтірді деп айыптап отыр. Ислам республикасы басшысының әскери кеңесшісі Хосейн Дехкан бұл қастандық үшін кек алатындарын мәлімдеген. Кейіннен Иран парламентінің депутаттары ядролық іс-қимылды жандандыру туралы заң жобасын қарастыруды қолдап, тез арада қолға алды.
Әзірге, Израиль, АҚШ ғалымның өліміне қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Негізі Израиль марқұм ғалымның еврей барлаушыларының қатаң бақылауында болғанын жоққа шығармайды. 2 жыл бұрын «Моссад» жансыздары Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мұрағатты тура Тегеранның өзінен алып кеткен болатын. Сол кездегі сөзінде Израиль премьері Фахризаденің аты-жөнін атаған еді.
Яғни бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху: «Иранның Қорғаныс министрінің жаңа нұсқауы бойынша жұмыс жасырын әрі ашық жүргізіліп, жаңа ұйымдар құрылмақ. Бұл туралы жоба жетекшісі Мохсен Фахризаде мәлімдеді. Осы есімді жаттап алсаңыздар деймін. Ол тікелей бұйрық берген. Жұмыс ғылыми ноу-хау жаңалықтары ретінде жарияланады. Бірақ бұл ядролық қаруды жасау бағдарламасының жалғасы болуы мүмкін», – деген.
Сарапшылардың пікірінше, «Иран бомбасының атасы» атанған Фахрезаденің өлтірілуі АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің Иранмен арада дипломатиялық қатынасты жақсарту ниетіне кедергі жасауы мүмкін. Байден Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қайта қосылуға тырысатынын айтқан.
Ядролық келісім – 2015 жылдың 14 шілдесінде Иран мен әлемнің алты державасы (Ресей, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Франция және Германия) арасында жасалған шарт. Оған сәйкес, аталған елдер Иранға қарсы салған барлық санцияларының күшін жойды, ал Теһран өз кезегінде ядролық қару қуатын дамытуды тоқтатуға міндеттелді. 2018 жылы АҚШ бұл келісімнен шығып, Иранға қарсы санкцияларды күшейткен.