Биыл ең елеулі оқиғаның бірі көптен күткен халық санағы болмақ. Әр он жыл сайын өтетін санақ 2020 жылы екі кезеңмен жүргізіледі. Санақ нәтижесін есептеу уақыты биліктің сылбырлығы мен құлықсыздығын байқатпай ма?

Әуелі, маусымның 1-30 аралығында дайындық кезеңі өтіп, негізгі, яғни екінші кезең күзде болады. Маусымдағы процесте үй-жай мен ондағы тұрғындардың нақты есебі анықталса, қазан айында интернет-сауалнамамен қатар респонденттік сауалнама алынады деп жоспарланыпты.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов:  

– Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазанда интервьюерлер жаппай сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда, халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі», деді.

Ресми өкілдің дерегінше, халық санағына дайындық және өткізу үшін 8,2 млрд теңгеқаржы қарастырылыпты.

Аталған сома бұған дейін өткен соңғы санақтың (2009 ж.) бюджетіне қарағанда 1,7 млрд (6,5 млрд)теңгеге артық.

Сондай-ақ Айдапкелов 1 млрд теңгеге планшет сатып алынғанын, 3,7 млрд теңге 32,5 мың санақшы қызметкерге еңбекақы төлеуге бағыттылғанын хабарлады. Санақ жүргізуші азаматтарға 75 мыңнан 113 мың теңге аралығында жалақы төлеу көзделген деседі.

«Халық санағы бойынша алғашқы есеп желтоқсанда белгілі болады. Ал, 2021 жылдың наурызында шамамен санақ қорытындысы жасалады. Соңғы әрі нақты цифрды 2021 жылдың соңында жариялаймыз», – деді комитет жетекшісі.

Екі айда өтетін санақтың нақты есебін шығаруға 12 ай қажет көрінеді. Төртінші өндірістік революцияға аяқ басқан, сандық бағдарламаларды дамыту бойынша жетістігін жиі сөз ететін Қазақстан билігі сауалнаманы онлайн тетікпен өткізе отыра, нәтижесін нақтылауға жыл жұмсайтыны қоғамның наразылығын тудырып отыр.

2009 жылғы халық санағына бөлінген 6,5 млрд теңгенің 1,1 миллиарды республикалық бюджеттен қарастырылып еді. Қаржы полициясы оның 764,8 млн теңге талан-таражға түскенін, тек 379 млн ғана тиісті бағытқа жұмсалғанын хабарлаған.      

Мемлекет құрушы қазақ ұлтының үлесі 1999 жылы 14,9 млн адамның 53,5 %-ын, 2009 жылы 16 млн адамның 63,1%-ын құраған болатын. Бірақ соңғы санақтың нақтылығына қатысты сарапшалар мен азаматтық қоғам белсенділері күмәнмен қарайды. Санақ қаржысының жымқырылуы, санақ ауданының тиісті деңгейде қамтылмауы және ең күдікті тұсы қазақ халқының үлесін бірнеше мәрте кемітіп түзетілуі билікке сенімді азайтты.

“The Qazaq Times”