Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов Қырғызстанның Ош қаласына ресми сапармен барды. Ресми мәліметтерде, өзбек премьер-министрінің Қырғызстан сапары екі елдің шекаралас облыстарының жетекшілері арасындағы кеңеске қатысуды мақсат еткені айтылған.
Қырғыз бен өзбек билігі арасындағы бұл кездесуде шекаралас аймақтардың сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарын дамыту мәселесі тақырып етілген. Осы мәселелерде Қырғызстан жоғары билік өкілдері, министрлері, Ош облысының жетекшілері Өзбекстан премьерімен кеңес өткізген.
Соңғы екі жылда өзбек пен қырғыз ағайын арасында татулыққа бет бұрып, қарым-қатынасты жақсартуға деген талпыныстар байқалады. Бұған дейін Ферғана аймағын екіге бөліп жатқан екі елдің арасында толассыз шекаралық даулар туылып, кейде тіпті қақтығыстарға да жол беріп жататын.
Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзеев келгеннен кейін көршілес елдермен қарым-қатынасты жақсарту бағытында жұмыстарды қолға алды. Қырғыз бен өзбек ағайынның арасында қарым-қатынасты дамыту мақсатындағы келіссөздер бірнеше рет өтті. Өзбекстан премьері Абдулла Ариповтың кезекті сапары да соның бірі.