Жаһанда сәт сайын түрлі саяси оқиғалар орын алып, әлемдік қаржылық байланыс күрделеніп барады. Түркия мен АҚШ қарым-қатынасының шиеленісуі соның бірден-бір дәлелі.

Бүгінде жаһандық бұқаралық ақпарат құралдары екі алып арасындағы бұл қадамды жарыса жазып жатыр. АҚШ пен Түркия байланысының ушығуына өзара экономикалық соғыс пен доллар бағамының күннен-күнге өсуі ықпал етті. Ердоған доллардан түбегейлі бас тартуды мақсат етес, Америка мен Қытай екеуара келіссөз жүргізуге ниет білдіріп отыр.

Қақтығыс: Түркия мен Америка байланысы неден әлсіреді?

Әңгімені арыдан бастасақ. 2016 жылы қазанда америкалық пастор Эндрю Брансонға «тыңшылық жасады» деген айып тағылып, Түркияда тұтқындалды. АҚШ-тың пасторды үй қамақтан шығару туралы ұсынысына Измир соты келіскен жоқ. Бұл шешім шамына тиген Құрама Штаттары Түркияға қарсы санкцияларды бірінен соң бірін қарша боратты. «Даудың басы – пастордың әрекетінен» соң, екеуара қақтығыс тіптен күрделеніп кетті. Алдымен, Америка Түркияда импортталатын құрыш пен алюминийге баж салығын салды. Ізінше Түркия да жауап қайтарды. Есесіне, әлемді уысында ұстап тұрған доллар бағамы артып, лира құнсызданды. Бұл мәселеге қатысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Америкаға «сендерде доллар болса, бізде Құдай бар!» – деп доллардан бас тарту туралы мәлімдеме жасады.

Шегінерге жол жоқ – санкция!

Шиеленіскен жағдайларға қарамастан, 23-27 қыркүйек аралығында түрік көшбасшысының АҚШ-қа ресми іссапары жоспарланған болатын. Алайда Ердоған Дональд Трамппен кездеспейтін болды. Сарапшалардың пікірінше, екі алпауыт мемлекет жай ғана пастордан шыққан оқиғаны халықаралық экономика соғысына асқындырып, баланың әрекетін жасап отыр. Түркия бұл ретте нақты шешім шығарған жоқ. Ал Бейжің Дональд Трамптың екі қайтара салған баж салығына көз жұма қарап, достасуды мақсат етенінін айтқан. Трамптың экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі Ларри Кудлоу: «Қытай үкіметінің бізбен келіссөз жүргізгісі келетіні мәлім болды. Қандай жағдай болса да, екеуара түсініспеушілікті тіл табысу арқылы шешкенді құп көреміз. Екі тарапқа да қол қусырып отыра беруге болмайды. Егер Қытай расымен де шын ниеттенсе, Вашингтон келіссөз жасауға тас түйін дайын».

АҚШ vs Қытай: Сауда соғысы сыйластыққа ұласа ма?

Қытай сауда-экономикалық байланыс жөніндегі басшылары АҚШ тарапымен келіссөз жүргізуге құлықты екенін айтқан. Америкалық тарап АҚШ-қа тауар импорттайтын қытайлық кәсіпорындарға қатысты әділ шешім шығарады деп үміттеніп отыр. Тағдыры қыл үстінде тұрған Қытай үшін ең бастысы мәмілеге келу болмақ. Яғни Қытай сауда соғысын тоқтату үшін бар күшімізді саламыз дейді. Бірақ, Трамп бұл жайлы пікір білдіруге түбегейлі қарсы. Егер аталған келіссөз жүзеге асса, Қытай АҚШ-тың 200 миллиард доллар көлеміндегі тауарына баж салығын салу шешімін өзгертуі ықтимал. АҚШ президенті Дональд Трамп тағы бір санкция салу туралы құжатқа қол қойыпты. Бұл жолы нысанаға Бейжің емес, Ресей ілінуі мүмкін. Трамптың жақында енгізген жоспарына сай, барлау және мемлекеттік департамент агенттіктері өзге елдің сайлауға араласқаны туралы нақты деректер ұсынса, қатаң санкциялар автоматты түрде күшіне енеді. Америка енді америкалық сайлауларға өзге елдердің араласқанына түбегейлі қарсы. Жарлық жеке және заңды тұлғаларға және бүтін бір елге қолданылады.  Бұл жоспар бойынша, айыпқа ілінген елдер Америкамен келіссөздерге тыйым салады. Экспорт пен импортқа шектеу қойылады. Сондай-ақ күдікке ілінген мемлекеттің активтері түгелдей бұғатталатын болады. Дәлірек айтқанда, сезік тудырғандардың барлығы сазайын тартады.

Екіжақты пікір

Түркиямен арадағы байланыстың күрт құлдырап кетуіне байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп «Reuters» агенттігіне сұхбат берген болатын. Ол  өз сөзінде: «Қазіргі таңда бұл мемлекеттің әрекеті мен үшін өте аянышты. Олар долларға қарсылық білдіруімен қатар, Америка елшісі Брансонды қамауға алу арқылы өрескел қателікке бой алдырды. Енді шегінуге жол жоқ. Қандай жағдай болмасын, Брансон біздің нағыз патриотымыз боп қала бермек. Түркияның экономикалық жағдайына келетін болсақ, мені ештеңе алаңдатпайды, әрі маған қатысы жоқ! Ал санкция мәселесі жайлы нақты пікір білдірмеймін. Мен Түркияны жақсы көремін. Маған ондағы қарапайым халық ұнайды. Өздеріңіз білетіндей, Түркия президентімен жақсы саяси қарым-қатынаста болдық. Бірақ, бұл деген біржақты келіссөздің болатынын білдірмейді», – деп есептейді.

Түйін

Биыл түрік лирасы 38%-ға құнсызданған. Оған Анкарадағы АҚШ елшілігін атқылау және S&P Global, Moody’s Түркияның ұзақ мерзімді рейтингісін төмендетуі түрткі болған. Түркиядағы инфляцияның ондаған пайызға жетуі экономикалық дамуды тежейді. Жақында Катар мен Түркияның өзара валюта айырбастау туралы екіжақты келісімінен соң түрік орталық банкіне 15 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылады. Бұл Ердоған үшін жағымды жаңалық болса да, доллар бағамының жан-жақтан қыспаққа алуы қуанышты ұзаққа созбады.

Бүгінде әлемдік экономика тікелей Трамптың шешіміне «байланған» десек, артық болмас. Себебі сұрапыл санкцияларды енгізу Трамп саясатының басты бағыттарының бірі. Ресей, Қытай мен Түркияға түрлі санкция жаудырып жатқан Америка халықаралық қаржы бағамын «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап тұр. Демек, санкцияны бопсалау деп қабылдайтын Ресей сынды мемлекеттердің тағдыры уақыт еншісінде.

"The Qazaq Times"