Тәжікстандағы Таулы-Бадахшан автономиялы облысының орталығы Хорог қаласында тұрғындар 4 күн қатарынан наразылық шарасына шықты. Полиция наразы топқа қарсы оқ атып, екі адам мерт болды. Наразы жұрт полицияға тас лақтырып тойтарыс берген, жараланған 10-нан астам адамның қатарында полиция қызметкерлері де бар. Жергілікті тұрғындар қауіпсіздік органдары билігін асыра пайдаланғанды деп айыптайды, наразылыққа да осы себеп болған. Алайда, Тәжікстанның ресми ақпарат құралдары наразылық шарасын заңсыз әрекет деп көрсетті.
Үш елмен шекараласқан Памир Бадахшаны
Памир үстіртінің бір пұшпағы Таулы-Бадахшан Тәжікстандағы территориясы жағынан ең үлкен облыс. Алайда, халық саны аз, елдің жартысына жуығын алып жатқан аймақта не бары 200 мыңға жуық халық тұрады. Алайда, Тәжікстанды Қырғызстан, Қытай және Ауғанстанмен шекараластыратын аймақ стратегиялық жақтан аса маңызды.
Аймақта жасайтын памирліктер шиит ұстанымындағы мұсылмандар, тәжік саналғанымен тілдік және этникалық болмысы жағынан басым көп тәжіктерден көп айырмаланады, өзіндік бірегей тарихы мен мәдениетке ие. Бұл тұрғыда Бадахшан памирліктерінің Қытай жеріндегі тәжіктерге көбірек жақын. Өзге тәжіктердің сүннит болуы, Памирліктердің шиит болуы да этникалық бөліністі алшақтатып келеді.
Соңғы 10 жылда Тәжікстанның Бадахшан аймағында көптеген ауқымды қоғамдық шерулер өтті. Соның көбі демонстранттар мен әскери және полиция қызметкерлері арасындағы жиі қақтығыстарға ұласып тұрды. Солардың арасында қан ең көп төгілгені 2012 жылғы наразылық кезінде болды, қауіпсіздік күштері наразыларға оқ жаудырып, ондаған адам мерт болған еді.
Бадахшан – Тәжіктсандағы ең кедей аймақтардың бірі. Жол-тасымалының қолайсыздығынан аймақтағы зат бағасы мен Тәжікстанның өзге провинцияларындағы баға парықты болады. Өңірде жұмыссыздық жағдайының ауырлығынан Ресей және өзге де шетелдерге жұмыс істеуге шығатындар да көп.
Кезекті наразылықты тұтандырған оқиға
Бадахшан тұрғындарының наразылығына құзырлы орган қызметкерлерінің билігін асыра пайдаланған әрекеттері себеп болғаны айтылуда. Былтыр жергілікті аймақтағы прокурордың жас әйелді зорламақ болған оқиғасы наразылық тудырған, әйелдің жақындары прокурор көмекшілерін ұстап алып сұраққа тартқан, кейін прокурор тұрғындардан кешірім сұраған болатын. Бұл оқиғаға бір жыл өткенде прокурор көмекшілерін заңсыз кепілге алды деген айыппен жергілікті қауіпсіздік департаменті 29 жастағы жігітті қамауға алған. Қамауға алынған жігіт белгісіз себептермен көз жұмған, жақындары оның басынан оқ іздерін көргенін айтып, 25 қарашада Хоррог үкіметі ғимаратының алдындағы алаңға қаза болған жігіттің мәйітін көтеріп барған. Артынша наразылар саны бірден көбейіп, соңғы полициямен қақтығысқа дейін ұласты.
Наразы жұрт талабы – қаза болған ер адамның өліміне қатысты ашық әрі әділ тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту. Соған қоса, биліктен жергілікті кедейлік мәселесін шешуді, қауіпсіздік қызметкерлерінің ұзақ жылдар бойы билікті асыра пайдалану әрекеті мен сыбайлас жемқорлық әрекеттерін тоқтатуды талап етті. Бұлардың қатарында саяси талаптар да бар, айталық аймақтағы басшыларды отставкаға жіберу, аймақты демилитаризациялау, өңірдегі әскерилер санын қысқарту және әскери қызметкерлер қатарында жергілікті тұрғындардың санын көбейту қатарлылар.
Жергілікті билік таратқан ресми мәліметте айтылуынша демонстранттармен 10 сағатқа созылған келіссөз жүргізілген, соңында наразы топ тарап, бірнеше уақытша заставалар мен бақылау-өткізу бекеттерін алып тастаған. Бұл бақылау бекеттерінде билік әскери көліктер мен саутты әскери техникаларды орналастырған болатын.
Бадахшанда қоздаған от
Памир үстіртіндегі автономиялы аймақта болған наразылық және онда оқ атылып, қан төгілуі көршілес елдер мен аймақтардың назарын аудармай қоймайды. Аймаққа ықпал еткісі келетін Ресей, Қытай секілді державалардан тартып, Ауғанстанда билікке келіп жатқан исламшыл ұйым мен ондағы өзге де экстремистік, террорлық топтар да көз тіккені сөзсіз.
Кейбір сарапшылардың пікіріне қарағанда, Бадахшанағы наразылықтың қайталануы өңірдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, халықтың санасындағы ұзақ уақыттың наразы көңіл-күй деп көрсетеді. Кеңес одағы тұсында тіршілік етуге қолайсыз осы аймаққа арнайы субсидиялар бөлінген, қазіргі тәжік билігі бұған көңіл бөлген жоқ. Ресейдеші «Тәуелсіздік» басылымы («Независимость» газета) осы тақырыптағы мақаласында: «Тәжікстан билігі халықтың наразылығын елемей, халықтың күнкөріс мәселесін шешпесе, тіпті темірдей жолмен халықты басып-жаншуға кіріссе, бұл жергілікті жерде бөлектену сезімін одан сайын күшейтеді», – деп жазыпты.
Ресей саясаттанушылары арасында кезекті наразылық памирліктердің Душанбедегі орталық тәжік билігіне бағынғысы келмейтінін көрсетеді деп санайтындары да бар. Мүмкін, бұл факторды да жоққа шығаруға келмес, дегенмен аймақтың стратегиялық маңыздылығына қарамастан тәжік билігі өте қауіпті мәселелерге жол беріп отырғанын көреміз.
Оның үстіне, аймақ орталығы Хорог қаласы Ауғанстан шекарасына тиіп тұр. Ауғанстандағы қазрігі тұрақсыздық жағдайында бұл мәселе Тәжікстанның тұрақтылығына, тіпті Орта Азия тұрақтылығына да өзіндік әсері бар. Неге десеңіз Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде Бадахшан бір мезгіл тәуелсіздігін де жариялаған болатын, әрі билікке негізгі оппозиция күштерінің орталығы ретінде де белгілі. Бадахшанның билікке төндіретін қаупі 90-шы жылдардағыдай болмағанымен, әлі де Душанбені алаңдатып отыр.
Қытай факторы
Бадахшанда қайта оянған наразылық Қытайдың аймақтағы белсенділігімен де қатар пайда болды. Жақында Тәжікстан парламенті Қытаймен үкіметаралық келісімді мақұлдады, онда Қытай Тәжікстан үшін Бадахшан аймағында жаңа әскери база салуға инвестиция салатын болған. Қытай осыдан бірнеше жыл бұрын салып, қазір қолданыста жүрген тағы бір жергілікті әскери база Қытайға берілгені хабарланды. Бұл екі базада атышулы «Ауған дәлізіне» (Вахан дәлізіне) жақын орналасқан. Базаны нақты қай елге тиесілі екені туралы алып қашпа сөз көп, бірақ «Ауған дәлізіне» жақын базасының болғаны Қытай үшін тиімді болар еді. Себебі, Бейжің Қашқарға жақын бұл аумақта өзіне қарсы қарулы топтарды бақылауға мүмкіндік алады.
Бұдан тыс қытайлық China Capital-дың Бадахшан аймағындағы алтын, күміс және сирек кездесетін минералдар сияқты пайдалы қазбаларды белсенді түрде игеріп жатқанын да айта кету керек. Егер Тәжікстанда саяси жағдай дағдарысқа кептелсе Душанбені терең қарызға батырған Қытайдың елдегі ықпалын елестету қиын.
Дегенмен, Қытай Орталық Азияға саяси және әскери араласуға әлі де толық дайындықта емес. Бұдан көрі Мәскеудің тәжірибесі көбірек. Қытай Үнді-Тынық мұхит аймағындағы өзінің қауіпті стратегиялық қарсыластарымен әбігер бұл тұста Орта Азиядағы белсенділікке дерлік назар бөле алмай келеді. Егер, олар болмағанда Ресеймен аймақтағы астыртын тартыс жүрістері қызып тұрған болар еді.
Түйін
Бадахшан орталығындағы қақтығысқа ұласқан наразылық кезінде Ресейде жұмыс істеп жатқан бадахшандықтардың Тәжікстан елшілігінің алдында шеруге шыққанын көріп қалдық. Бұл дағы бізге қатыссыз көрінген осы оқиғаның салмағын танытса керек.
Қазір Орталық Азия өзінің геостратегиялық өзектілігін танытып келе жатқан аймақ. Қазақстанды қамтыған осы аймақтағы саяси, экономикалық, діни, әскери іс-қимылдар мен өзгерістер, түрлі оқиғалар қазақ қоғамында да талқыланып отыруы аса маңызды. Бұл ұзақ болашақтық және таяу жылдарғы еліміз бен аймақтық тұрақтылық тұрғысынан да өзекті. Тәжікті нәсіл тегі алыс дегеніміз бен бізді қамтыған аймақтағы әлсіз ел ретінде аймақтық тұрақтылықта ең бірінші қарастыруға тура келеді. Өңірлік көшбасшы ел бұндай мәселелерді жіті қарап, ұстанымын бекітіп, ұрт қимыл, ұтымды шешім шығарып отырса жарасар. Әне, сондай ой-арманда Бадахшан мәселесін талдап көрген едік.