Ауғанстан катастрафаның алдында тұр. Елдегі әлеуметтік жағдай күн сайын нашарлап, экономика толықтай күйреген. БҰҰ есебінше халықтың 95 пайызы азық-түліктің тапшылығын тартып отыр, жалпы есепте 23 млн ауғанстандық аштыққа ұшырауда.
АҚШ бастаған бірқатар Батыс елдері қолдаған үкімет тамыз айында құлатылып, «Талибан» ұйымы билікті соғыссыз басып алды. Ауған жеріне тәліптердің екінші рет билік орнатқанына 100 күннен асты, бұл тұста Ауғанстан аса қауіпті дағдарыстың алдында тұр.
Мектеп, емхана, үкіметтік және түрлі әлеуметтік мекемелер дерліктей жұмыскерлеріне айлық бере алмағанына бірнеше ай болған. Бұндай жағдайды өз көзімен көрген BBC-дің журналисі Ялда Хаким елдегі жағдайды «қорқынышты» деп суреттейді. Оның айтуынша бірқатар орталық қалалардағы емханаларда дәрігерлер жалақысыз жұмыс істегеніне ұзақ уақыт болған. Олар жұмысқа барып-келуге ақшалары жоқ болса да жаяулап жүріп ерікті түрде жұмыс істеп келеді.
Халықаралық ұйымдардан келетін көмектердің қысқаруынан емханалардағы аурулардың жағдайы тіптен қиындаған. Инфекцияның таралуы әлі де қарқынды күйінде тұр. Аз тамақтанудан ауруға қарсылық қуаты азайған сырқат адамдар шарасыз күйде, міне осының бәрі Ялда Хакимнің арнайы репортажында айтылды.
Елдегі қазіргі жағдайға байланысты тәліптер Батыс елдері мен халықаралық қауымдастықты айыптайды. Айталық, «Талибан» өкілдерінің бірі Сухали Шахин Батыс елдерінің әрекеті Ауғанстанды осындай мүшкіл күйге түсірді деп санайды. Ол сөзінде: «Егер олар бұл ел күйреу алдында, әлеуметтік дағдарыс алдында не ашарлық алдында тұр деп жатқан болса онда осы бойынша шара көрулері, трагедияның алдын алуға әрекет ету солардың жауапкершілігінде», –деген.
Әрине, тәліп өкілінің айтып жатқанын толықтай теріске шығару қиын. Белгілі деңгейде Ауғанстанның қазіргідей күйге түсуіне ондағы түрлі процестерге араласқан елдердің жауапкершілігі бар. Қалай деген күнде де қазір Ауғанстанда миллондаған бейбіт тұрғын аштық алдында, үлкен үмітсіздік пен торығыстың ішінде жасап жатыр.