«Қатаң бәсекелестік қарым-қатынастағы» АҚШ пен Қытай басшылары келесі аптада бейне кездесу өткізеді деп күтілуде. Онлайн саммит туралы Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде держевалар арасындағы «қатаң бәсекелестік қатынасты» «жауапкершілікпен біржақты ету» үшін аталған саммиттің аса маңызды екенін атап өткен.
АҚШ президенті Жоу Байден мен Қытай басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) ортасындағы онлайн жүздесу туралы екі ел ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Тек осыдан бұрын онлайн саммит туралы Бейжің тарабы «қайшылықтарды дұрыс басқару» үшін Уашингтонмен жұмыс істеуге дайын екенін айтқан болатын.
«Рейтер» мен Bloomberg өздерінің ең сенімді деген дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, тараптар мүмкіндігінше тезірек диалог өткізуге тырысып жатқанын, дегенмен онлайн кездесудің нақты уақыты әлі тұрақтанбағанын айтады.
Екі елдің басшыларының онлайн саммитін өткізу үшін Бейжің мен Уашингтонның бірнеше жоғары лауазымдылары бұған дейін де онлайн сөйлесулерді өткізген. Бірақ, оның бәрі тараптар ортасындағы күрделі қайшылықтарды шешіп кете алмады.
Соңғы айларда Тайуан және Шыңжаң мәселелері бойынша Уашингон мен Бейжің арасындағы қайшылықты пікірлер тіпті де тереңдей түсті. Қытайдың Тайуанға (Тайваньға) әскери қысымын жалғастыра беруі, ядролық арсеналын жылдам кеңейтуі және гипер дыбыстық зымырандарды сынауы көптеген сарапшыларды екі алпауыт держава арасындағы апатты қақтығысқа әкелуі мүмкін деп алаңдата бастағаны мәлім.
Өткен аптада АҚШ президенті Шотландиядағы климат саммитіне қатысқан кезде журналистердің сұрағына жауап беріп, АҚШ-Қытай арасында қарулы қақтығысқа бастайтын пәлендей үлкен себеп жоқ екенін, бірақ күтпеген жерден қақтығыс болып кетуінен алаңдайтынын айтқан болатын.
Байден президент болғаннан бері Қытай бесшысы Ши Жинпиңмен ресми кездесу өткізген жоқ. Онлайн кездесуде болған емес, тек бірнеше рет телефон арқылы сөйлескені бар. Байден Глазгодағы саммит кезінде осы сөйлесулер туралы айтып: «Мен бұл бәсекелестіктің жанжалға айналуына негіз жоқ екенін көп рет айттым», – деген.
АҚШ пен Қытай қазіргі күйде тікелей қарулы қақтығыстан барынша сақтанатыны анық. Дегенмен, шиеленістер күшейген сайын кейбір сезімтал нүктелердегі (айталық, Оңтүстік Қытай теңізі, Тайуан бұғазы секілді) кездейсоқ қақтығыстардың қауіпі жақындап келеді. Бейжің мен Уашингтон арасында ең жоғары басшылар ортасында осы қақтығыстардың алдын алу үшін және ортадағы кереғарлықты талқылау үшін қалайда диалог жүргізетін кезіне келіп қалды. Тараптардың диалог өткізуге барынша асыққанына қарай отырып екі ел арасындағы шиеленістің тіпті де қауіпке қарай бет алғанын бағамдауға да болады.