Жаһандық климат мәселесін талқылап жатқан COP26 саммиті делегаттарының құрамына байланысты күдікті жайттер ашыққа шықты. Жер шары мен адамзаттың ұзақ болашағы үшін қазып алынатын энергия көздерінен бас тартуға түрткі болады деп күтілген жиынға, керісінше дәл осы қазып алынатын жанар зат индустриясына қатысты тұлғалар көбірек қатысып жатқаны белгілі болды.
Бұндай жайтты анықтап шыққан Global Witness ұйымының белсенділері қазба энергия көзі арқылы капитал топтаған адамдар саммиттің қорытындысына елеулі кері әсер етеді деп алаңдап отыр. Олардың анықтаған мәліметінше, қазба энергия көздері индустриясына байланысы бар 503 адам климат саммитіне қатысып отыр.
Global Witness ұйымы белсенділерінің айтуынша, мұнай-газ, көмір секілді қазып алынатын энергия көздері саласындағы ірі корпорациялар, олар қолдаған ірі саясаткерлер 25 жылдан бері БҰҰ-ның климат өзгерісіне қатысты келіссөздерін нәтижесіз етіп келеді. «Қазба энергия көздері индустриясы климат өзгерісін жоққа шығарып, осы бойынша қабылданатын маңызы шараларды он жылдап артқа шегіндіріп келеді. Сондықтан да климат мәселесі үлкен проблемаға айналып кетіп отыр», – дейді Global Witness ұйымының өкілі Мюррей Ворзи.
Жаһандық ортақ проблеманы талқылап жатқан саммитке жалпы 190-ға жуық елден 40 мыңға жуық делегат қатысуда. Олардың қатарында 479 делегат жіберген Бразилия көш бастап тұр.
Global Witness, Corporate Accountability секілді халықаралық ұйымдардың жүргеізген бағалауына сай, саммит барысында Канада мен Ресей өкілдері қазба энергия көздерінің климат өзгерісіндегі ықпал-әсерін көбірек жоққа шығарып отыр. Сондай-ақ, сандардың салыстырмасы көрсеткендей 500-ден астам қазба энергия өндірісіне қатысты делегаттар соңғы 20 жылда осы энергия көздерінен көбірек климаты бұзылған 8 елдің делегаттарынан көп. Сондай-ақ, бұл саммитке аталған салада кәсіпорындары бар 100-ден астам компания және 30-дан астам бірлескен ұйымдар қатысып отыр.
Қоршаған ортаны қорғау ұйымдары, эко-белсенділері саммиттегі делегаттар құрамын қайта қарауды өтініш етуде. Олардың пікірінше кезекті саммитте климат өзгерісіне байланысты сындарлы шаралар қабылданбаса, келесі он жылдықтар климаттың оңалту шараларына тым кеш болуы мүмкін.