Алматы қаласында жыл сайын тек күтім-бабына жүздеген миллион қаржы бөлінетін жерасты және жерүсті-аспалы өткелдердің сиқы адам көргісіз. Тұрғындардың өтініші бойынша редакция тілшісі қаладағы бірқатар нысанды аралап көрді.
Алматы қаласында 100-ден аса жерүсті және жерасты жүргіншілер өткелі бар. Мұндай өткелдермен өту бәріне бірдей ыңғайлы емес. Егде жастағы адамдар мен балалы ата-аналарға, денсаулық жағынан мүмкіндігі шектеулі жандар мен қолында жүгі бар адамдарға тіпті қиын. Арбамен жүретіндерге пандус өте тік жасалған, жоғарыға көтерілуге әлдекімнің көмегі керек. Төменге түсу өте қауіпті. Велосипедпен жүру де оңай емес. Пандустардың көлбеулігі техникалық талапқа сай емес. Мыңдаған тұрғын жер бетінде реттелетін я реттелмейтін белгісі жоқ ірі автомагистральдардан тек жерүсті я жерасты өткелдерімен күніне бірнеше рет өтуге мәжбүр. Мұны қиынсынған кейбір жүргіншілер жолды кесіп өтуге тәуекел етіп, соңы қайғылы, кемі зардапты жағдаймен де аяқталып жатады.
Халықаралық тәжірибеде түрлі деңгейдегі өткелдер құрылысының көбеюі – қала билігі үшін адамға қарағанда автокөлік басты орында екенін көрсетеді. Әдетте, жерүсті-аспалы өткелдер бой көтерген жерде жаяу жүргіншілердің өлімі артады.
Өткелдердің көрнекі жабыны жауыннан қорғаныш бола алмайды. Қыстыгүні баспалдақ бетін тайғақ мұз қаптайды. Жүріп-тұруға қолайсыз. Тобығы тайып, мертіккендер де аз емес. Дәл осыған ұқсас себеппен зардап шеккендердің арнайы есебі жүргізілмейді.
Өзін Эльмира Ілдебай деп таныстырған жаяу жүргінші «өткелдің адамдарға арнап салыбағанына» қапалы.
– Мына аспалы көпір дұрыс салынбаған, тым биік әрі баспалдағы да тік орнатылған. Мен мұғаліммін. Жүрісі баяу, адымы қысқа балалар мен қарттарға қиын. Дөңгелекке арналған қосжол пандусы іске татымсыз. Соны салғандар баласын арбамен итеріп көтерсін, көреміз сонда... қара терің шығады. Адамға арнап салынса, бұлай болмас еді. Перғауынның басына тұрғызылатын пирамиданы салуға жегілген құлдарға арналғандай. Қаласаң да, қаламасаң да осы жарайды дегендей. Лифтінің тұрқы анау, салынғалы бір қолдана алмадық, өзім аяғымды сылт басам, қайтеміз, жүреміз осылай күнде. Жұртты ойлаған адам бар ма, ешкімді қызықтырмайды, қалада жүріп ауруымыз асқынады осылай, – дейді ашынып.
Қоғамдағы қозғалыс жағынан қолдауға мұқтаж топтардың физикалық қуаты мен уақытын үнемдеуге арналған лифтілердің түгел дерлігі жұмыс істемейді. Әйтпесе, қаланың әр ауданына өткелдерді күтіп-ұстауға, жөндеп-жарақтауға қаржы бөлініп, тендер ойнатылылады. Бірақ журналист аралаған нысандарда іс жүзінде қажетке жарап тұрған бір лифт кезікпеді. Барлығы әбден тозған, көбі бүлінген: шағылған әйнек, бұзылған есік.
Транспорт саласы бойынша сарапшы Роман Барабанов транспорт инфрақұрылымының сапасына көңіл толмайтынын айтады.
«Жерасты-үсті өткелдерінің жағдайы қанағаттандырмайды. Азаматтарға қолайсыз.Әуелден-ақ бағдаршаммен жүріп өтуге ыңғайсыз автобан жол емес, қарапайым көше салу керек еді. Өкінішке қарай, автокөлігі барларға қарағанда жүргіншілердің көптігіне қарамастан, таңдау жаяу жүретіндерге емес, автомобильге ыңғайлап жасалды. Балалар арбасына әрқайсына 5 литр су құйылған төрт бөтелкені салып, күніне бірнеше рет ары-бері ешкімнің көмегінсіз сүйреп-тасып көрген соң-ақ қаншалықты ауыр екенін сезінуге болады», – дейді ол редакция тілшісіне.
Тым тік орналасқан пандус сияқты «құрылымның» ыңғайсыздығы себепті Барабанов былтыр 5 жерасты өткелінің үстінен жол бетінен арнайы өтпе жасалып, бағдаршам қойылғанын жеткізді. Әкімдіктің шарасыздықтан қабылдаған бұл шешімінің соңы жерасты өткелдердің ешкімге қажетсіз «жертөлеге» айналуына әкелуі мүмкін. Дәл солай аспалы өткелдерге балама тетік қаралар я қаралмасы әзірге белгісіз.