Төртінші толқынды ауыр хәлде өткізіп жатқан Алматы қаласында науқастар саны күн сайын артып келеді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше,өткен тәулікте тіркелген 420 адамның 370 науқаста симптом белгілері бар, тағы 50 адам симптомсыз түрде ауырған. 8 шілдеде 203 адам ауруханаға жатқызылған және 116 адам үйіне жіберілген.
Жалпы қалада 2516 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 3700 орын болатын инфекциялық стационарларда 1277 адам жатыр. Олардың арасында жағдайы жеңіл әрі орта деңгейде 89 бала бар. Бұдан өзге аурухандағы ересектердің 900-дейі ауыр және 3118-і орта хәлде. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 96 науқас бар. 13 адам ӨЖЖ, 39 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 30 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.
Ресми дерекке қарағанда, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни ақпан айынан бері мегаполисте 339 мың адам екпені толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 212 егу пункті мен 308 егу бригадасында 1260 медқызметкер жұмыс істейді.
Наурыз айында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.
Алматыда пандемия кезінде коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 83 мыңға (77 мыңы КВИ+, 6 мыңы КВИ-) жетті. Бекшиннің айтуынша, шілде айында қалада төртінші толқын басталды.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 448 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 57,5 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 505 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 10 424 адам (КВИ+ / U07.1 – 4576, КВИ- / U07.2 – 3481, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.