«Тәліптердің отбасы мүшелері Пәкістанда тұрады». Мұндай мәлімдемені Пәкістанның ішкі істер министрі Шейх Рашид Ахмед растады. Ол жексенбі күні пәкістандық «Geographic News» арнасына берген сұхбатында «Талибан» мүшелерінің жақындары өз елінде, тіпті Исламабадқа (Пәкістан орталығы) жақын аудандарда тұратынын мойындаған.
Рашид Ахмат сұхбатында: «Тәліптердің отбасылары осында, Пәкістанның Рават, Лойбел, Баракаху және Тарнур қалаларында», – деп орталық қала Исламабад маңындағы аудандарды көрсеткен. Ол және «Кейде қаза болған тәліптердің мүрделері де осында әкелінеді, тіпті жаралылары осында емделеді», – деген.
Ауғанстан мен Пәкістан
Ауғанстандағы Пәкістанның ықпалының басым екенін, тіпті Ауғанстандағы қарулы топтар мен өзге де заңсыз әрекеттерді бақылауында ұстайтыны туралы бұған дейін де айтылып келген. Екі елдің ортасында бар болғаны 2600 шақырымдық ашық шекара бар деп қарайтын сарапшылар да кездеседі. Кабулдың ресми билігі «Талибан» қозғалысын астыртын қолдаушы деп Исламабад билігін жиі айыптайды. Бірақ, бұл айтылғандар мен айыптауларды Пәкістан тарабы жоққа шығарып келген. Пәкістан ресми тұлғасының, оның өзінде жоғары лауазым иесінің бұл мойындауы күтпеген жаңалық болды.
Елдегі ұзақ жылдық соғыстар мен тұрақсыздықтан бас сауғалаған көптеген ауғанстандықтардың Пәкістанға қоныс аударғаны белгілі. Пәкістанның ресми мәліметтерінде елде 3 млн шамасындағы ауғанстандық босқын бар деп көрсетілген. Пәкістан сондай-ақ «Талибан» қозғалысының жасырынатын елі екені де айтылады.
Өткен аптада Пәкістан СІМ жетекшісі Шах Махмуд Куреши Ауғанстан тақырыбында журналистердің сұрағына жауап берген болатын. Ол да АҚШ пен НАТО күштері Ауғанстаннан шегінгеннен кейін елде тұрақсыздық пен зорлық-зомбылық орнайды деп санайтынын жеткізген. Ауғанстандағы зорлық-зомбылықтың күшеюінен Пәкістан тарабы да алаңдаулы екенін жеткізген.
Сұхбатында Пәкістан сыртқы істер министрі Ауғанстанда азаматтық соғысы өршіп, тұрақсыздық жайласа бұл жағдай Пәкістан үшін де қауіпті болатынын, айталық Пәкістанның терроризмге қарсы іс-қимылдарының қазірге дейінгі нәтижесін жоққа шығарады және көптеген босқындардың елге кіруіне себеп болады деген ойын айтады. «Біз 3 миллионға жуық ауған босқындарын қабылдадық және оларға қамқорлық жасадық. Одан да көп босқынды қабылдай алмаймыз, өйткені оның экономикалық тұрғыдағы ауыртпалығын көтере алмаймыз», – деген.
Сонымен тәліптер кімдер? "Талибан" қалай құрылған?
Анығында «Талибан» туралы әңгіме Кеңес одағының Ауғанстаннан әскер шығарған кезінен басталады. Әрине, КСРО-ның мақсаты Ауғанстандағы ресми билікті қолдап, елде тұрақтылық орнату деп айтылады. Бірақ, ауған жерінен Кеңес әскері шегінгенде елде тұрақтылық орнай қоймаған еді. Шетелдік сарапшылар Кеңес одағы Ауғанстанды ең қажетті кезде тастап кетті деп те айтады. Алайда, ол кезде қызыл империяның өз іргесі де сөгіліп жатқан кез-тін. Елдегі билік үшін талас сол күйінде қалды, сол кездегі билік тұрақтылықты қалпына келтіруге дәрменсіз болды. Бұндай аумалы-төкпелі кезеңде Кеңес әскерінің елден шығуы азаматтық соғысқа жол ашты. Елді тұрақсыздық жайлап, зорлық-зомбылық күшейді.
Міне осы кезде «Талибан», яғни тәліптер (талабалар – студент, шәкірт деген мағынада) сахнаға шықты. Тәліптер негізінен Кеңес әскері Ауғанстанға кірген кезде қаза тапқан моджахедтердің балаларынан құралған медресе шәкірттерінен құралды. Талабалардың құрған ұйымы «Талибан» ұйымы деп аталды.
Алғашында, соғыс пен зорлық-зомбылықтан шаршаған Ауғанстан қоғамы үшін тәліптер үміт отын жақты десе де болады. Себебі, олар бақылауына ұстаған өңірлер көбінде қақтығыстардан аман тұрды. Дегенмен, кейін тәліптер Кабул билігіне қауіп төндіріп, шариғат жолымен басқарылатын исламдық мемлекет құратындарын көрсетті.
«Талибан» өздігінен пайда болды ма?
Медресе шәкірттері өздігінен ұйым құрып, өздігінен соғысқа араласты ма? Сарапшылардың басым көбі бұған келіспейді. «Талибан» белгілі бір күштер жағынан арнайы ұйымдастырылғанын көптеген елдің сарапшылары өз зерттеулерінде көрсеткен. Тіпті, «Талибанды құрушы», «Талибанның анасы» немесе «Талибанның әкесі» аталған Пәкістан премьер-министрі де бар.
Тақырып бойынша қырғызстандық сарапшы Оразбек Молдалиев 1997 жылы Пәкістан премьер-министрі Беназир Буходо ханымның BBC-ге берген сұхбатын алға тартады. Буходо «Талибанды» құрушылар турасында айтқанда «Бір ғана Пәкістан емес, оларды дайындауға бір қатар араб мемлекеттерінің қаржылай қолдауы болғанын, тіпті АҚШ пен Британия да көмектескенін» айтқан.
1996 жылы тәліптер Кабулда билікті басып алды. Олардың исламдық мемлекет құру туралы мақсаттарын қолдаған араб мемлекеттері де болған. Пәкістан, Сауд Арабиясы және БАӘ жағынан ресми мойындалған кезі де бар. Бірақ, діни радикалды сипаттарынан қауіптеген көптеген мемлекеттер оларды билік ретінде мойындамады. Тіпті көптеген елдерде экстремистік, террорлық топ ретінде танылды. Қазақстан Республикасы жоғары сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сай «Талибан» ұйымының ел аумағындағы әрекетіне шектеу қойылған.
Отандық БАҚ назар аударуы керек
Асыра сілтеп, айғайға сүрен қосқандық емес, бұл күнде Орта Азия қауіпсіздігі мен тұрақтылығы жаңа сын-қатерлердің алдында тұр. Сүрия мен Ирак жеріндегі жағдай біршама тұрақтанып, ендігі «ойын алаңы» Қазақстанды қамтыған аймаққа қарай жақындай түсті. Айтпағымыз – тағы да Ауғанстан тақырыбы.
Ұлттық мүдде мен қауіпсіздік тұрғысынан, қазір Орта Азия елдері үшін басты міндеттің бірі – Ауғанстанда болатын өзгерістерді, ықтимал қауіп-қатерлерді қалт жібермей қадағалап, аймақта сыртқы күштер қандай мақсатта қандай қадамдар жасап жатқанын бақылаудан шығармау болып тұр. Мәселенің өзектілігіне қарамастан, бұл тақырып Қазақстандағы БАҚ-та жеткілікті деңгейде көтеріліп жатыр дей алмаймыз. Әрине, аттандап, байбалам салып жұрт көңіліне үрей ұялатуға болмайтыны шын. Дегенмен, іргедегі қауіп туралы қоғам мүшелерін жан-жақты хабардар тіп, ол туралы түсінігін тереңдетіп, әлеуметтік пікірді ұлттық мүддеге лайық бағытқа қарай топтастыру БАҚ-тың басты функциясы екенін де айта кетуіміз керек.