Сәрсенбіде, 5 мамырда мәжіліс сайлау туралы конституциялық заң жобасын өзгертіп, жаңа нұсқасын мақұлдады.
Заң жобасында аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдың әкімдерін тікелей сайлау, саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендету және сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» деген таңдау нұсқасын енгізу сияқты өзгерістер қамтылған.
Заң жобасы туралы баяндама әзірлеген ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, биыл екінші жартыжылдықта 836 ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Оған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сай біліктілігі бар 25 жасқа толған кез келген азамат қатыса алады. Партия мүшелері мен сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайыз қолын жинаған тәуелсіз кандидаттар да сайлауға түсе алады.
«Егер кандидат болмаса немесе бір адам ғана ұсынылған жағдайда аудан әкімінің екі немесе бір кандидатты ұсынуға құқығы бар. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін он күн бұрын өтеді. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады. Өз кезегінде сайланған әкім жүргізіп жатқан жұмысы үшін халық алдында есеп береді» деді Әсет Ерғалиев бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, биыл ауыл әкімін сайлауға республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңге қарастырылған. Келесі жылы 351 ауыл әкімін сайлауға 3,1 млрд теңге бөлінеді. Ал 2023 жылдан бастап мұндай сайлауға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады.
Министр бұдан өзге Тоқаевтың жыл басындағы тапсырмасы бойынша, «мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың парламентке өту шегі жеті пайыздан бес пайызға төмендейді. Бұған қоса, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «барлығына қарсымын» деген баған қосылады» деп мәлімдеді.
Мұны зор жетістік көрген депутаттардың кейбірі «Қазақстан саяси тұрғыда жаңа белеске шықты» деп мәлімдеді. Алайда азаматтық белсенділер мен сарапшылар осыған дейін бұл межені 3%-ға дейін кемітуді сұраған. Ал қазір қолданыстағы заң аясында Мәжіліске сайлауда кемінде 7% дауыс жиған партиялар ғана өте алады.
Осыдан екі жыл бұрын Назарбаев тағайындап, артынан ресми түрде сайлаған Тоқаев елде «саяси демократиялық реформа» жүргізуге уәде еткен. Былтыр көктемгі карантинде асығыс қабылданған бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдарды азматтық қоғам қатты сынады. Бір ғана мысал, президент митинг өткізуге енді рұқсат алудың қажеті жоқ, тек құлақтандыру механизмі арқылы жүреді десе, жергілікті билік өкілдері «рұқсат алынбаған митинг заңсыз» деген уәж айтады.