Денсаулық сақтау министрлігі QT сұрау хатына берген жауабында жалпыхалықтық вакцинация науқанының бюджеті туралы хабарлады. Отандық вакцинаның әр дозасына 2 мың теңге шамасында жұмсалмақ.
Ресми дерекке қарағанда, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» 31 наурыздағы қаулыға сәйкес вакцинация науқанында қолданатын құралдарға 50 млрд 229 млн теңге қаражат бөлінген. Қаржы Ресейдің «Спутник V» вакцинасының 2 млн 60 мың, «QazCovid-in» отандық вакцинасының 15 млн 680 мың дозасын және егуге қажетті 20 миллионға тарта шприц сатып алуға жұмсалмақ.
«Спутник V вакцинасының 2 060 000 дозасын сатып алу үшін 18 млрд 024,6 млн, QazCovid-in отандық вакцинасының 15 680 000 дозасына 31 млрд 610,9 млн және вакцина салуға арналған 19 800 000 дана шприц сатып алуға – 594 млн теңге қаражат бөлінді», – делінген ведомство жауабында.
QazVac / QazCovid-in екпесі клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне өткен 15-інші екпе болғанымен, барлық кезеңде оған небәрі 3244 адам ғана қатысқан. Шетелдік Pfizer, Moderna немесе «Спутник V» екпелерінің үшінші кезеңінде 30 мыңнан астам адам екпе алған. Осыған дейін отандық вакцинаны жасап жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья сынаққа қатысатын еріктілер саны ұлғайған сайын тиімділік көрсеткіші төмендеуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Қазақстандық вакцина Жамбыл облысында салынып жатқан, құны 7 млрд теңге болатын зауытта шығарылмақ. Әу баста билік вакцина наурыз айынан бастап шыға бастайды дегенімен өндіріс орнының құрылысы күзге шегерілді. Үшінші кезең 9 шілде аяқталады. Сондықтан вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеуінше, вакцина жазғытұрымда және зауыт ашылғанға дейін Түркияда құтыға құйылады.
Ведомствоаралық комиссия төрағасы Тоғжанов сәуірде 50 мың, мамырда 50 мың және өзге алдағы айларда 100 мың дозадан шығарылатынын жеткізген. Бірақ қаржы QazVac-тың 15,6 млн дозаға бөлінген.