Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қазақстандық қоғамда ұзақ жылдар бойы дауға айналған Ұйғыр ауданының атауын өзгерту жөніндегі уәдесінің «дедлайнын» тағы өзгертті.

Ол былтыр 4 қарашада ОКҚ-інде өткен брифингте Ұйғыр ауданы мен аудан орталығы Шонжы атауларын ауыстыруға қатысты редакция сауалына «сайлау қарсаңында азаматтардың тұрғылықты жерін өзгертуге болмайтынын» алға тартқан.

«Жұмыс істеліп жатыр. Бірақ қазіргі сәтте бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Себебі, қазір сайлау науқаны басталайын деп жатыр. Осының алдында біз сайлаушылардың тізімін нақтыладық, сайлау учаскелерін түгендедік. Сол үшін осындай кезде көшенің атын, ауданның атын ауыстыру секілді жұмыстарды істеуге болмайды. Қазір сайлаушылардың тұратын жерін өзгертуге болмайды. Сайлау науқаны өткеннен кейін бұл мәселеге қайта ораламыз. Нақты шешімін сол кезде сіздерге жеткіземіз», – деп еді әкім Амандық Баталов былтыр қарашада ел алдында.

Сонда «сайлау науқаны өткеннен кейін бұл мәселеге қайта ораламыз» деген еді. Бірақ арада бес ай өтсе де әкім өз еркімен үн қатпады. Әкімге, баспасөз хатшысына апталап хабарлассақ та, не Амандық Баталов, не Айдар Башбаевпен байланысу мүмкін болмады. Ресми сұрау хат жолдау арқылы жауап алдық. Осылайша алғашқы қадамды «қайта оралуға» әм құлақтандыруға сөз берген «Тыңдаушы мемлекеттің» әкімі емес, ақпарат құралы жасауға мәжбүр болды.

Алматы облысы әкімінің тіл дамыту, дін-мәдениет істері және ішкі саясат бағыттарына жауапты орынбасары Али Рустамның атынан берілген ресми жауапта Ұлттық санақ себеп ретінде айтылады.

«Ұйғыр ауданының атауын өзгерту қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын саяси маңызы бар мәселе. Сондай-ақ биылғы жылы Ұлттық санақты өткізу міндеті тұр. Яғни, халық санағын өткізу кезінде елді мекен, көше атауларын өзгертуге болмайды», – дейді әкімдік.

Сонымен қоса, ресми жауапта Ұйғыр ауданындағы «білім беру ұйымдары (мектеп, кітапхана) мен елді мекендердің құрамдас бөліктеріне (көшелерге) әл-Фарабидің, Абайдың, Дінмұхамед Қонаевтың, Мұқағали Мақатаевтың есімдері берілуде» делінген.

«Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық санақты өткізу мақсатында жарияланған шектеуге байланысты 2020 жылы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау бойынша жұмыстар жүргізілмеді».

Әкімдік мәліметінше, мемлекет меншігіндегі инфрақұрылым нысандарына, көше-ғимараттарға «атау беру және қайта атау, транскрипциясын нақтылау бойынша барлығы 918 ұсыныс түсіп отыр». Олардың арасында 7 аумақтық бөлініс, 904 көше, 7 білім ошағы атауы бар.

35 жылдан бері мемлекеттік басқару ісінде жүрген Баталов кейінгі жиырма жылында облыс әкімдігінде қызмет етіп келеді. Десе де қоғамның ең созылмалы мәселесінің бірі Ұйғыр ауданынің атауын ономастикалық редакциялау тәжірибелі әкімге «бағынбас белеске» айналғандай. Алайда Баталовқа көше атауларын өзгерту қиын емес  тәрізді.

"The Qazaq Times"