Іле Алатау ұлттық паркінің жалпы көлемі 187,7 гектар болатын 35 жер телімінің бірнеше жылға жекеменшікке жалға берілмек.

Ұлттық парктің ресми сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, туристік және рекреация нысандарын дамыту мақсатында аталған аумақтарды пайдалану үшін тендер жарияланып, конкурс өтеді. 9 аумақты – 25 жылға дейін, 26 аумақты 5 жылға дейін жекеменшік компанияларға пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ондағы ақпаратқа сәйкес, парк аумағында төмендегідей нысандар салуға басымдық беріледі:

  • Үлкен Алматы орманы аумағынан тау-шаңғы курортын салуға – 140 гектар жер бөлінеді;
  • сауықтыру кешені түрінде эко-қонақ үйге салуға 1.5 гектар жер қарастырылған;
  • туристік сауықтыру кешендері;
  • қоғамдық тамақтану орындары;
  • балалар лагері.

Жарияланған лоттар бойынша өтінім 26 сәуірге дейін Алматы қаласындағы Таусамалы ы/а, Жандосов 1 мекен-жайында қабылданады.

Іле Алатау ұлттық паркінің аумағы алғаш рет тендерге қойылып жатқан жоқ. Былтыр жазғытұрымда билік жарты сағатқа жетпейтін талқыда ұлттық меншік саналатын жердің бір бөлігі (бұл аумаққа Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан шатқалы, Асы үстіртінің учаскелері мен басқа да жерлер кіреді) иесіне қоғам күдіктене қарайтын «Құлтау және К» компаниясына 49 жылға жалға берілген.

2002 жылы экс-президент Назарбаевқа «Bonita group» компаниясы «Іле Алатауы курорт аймағы» жобасын таныстырылып, Көкжайлау шатқалына тау шаңғысы курортын салуды ұсынған. Бірақ бұл бастамаға алматылық эко-белсенділер қарсы шыққан. Құны 1,5 млрд доллар тұратын жоба төңірегіндегі дау 17 жылға созылып, 2019 жылы президент Тоқаев «Көкжайлау тау шаңғы кешенін салуға тыйым салған».

Қазақстанда табиғаты ерекше аумақтарға билік пен бизнес өкілдері жиі көз алартады. Сол себепті қоғамда экодау көп қайталанады. Кейінгі бірер жылдың өзінде Алматы облысында орналасқан аса көрікті мекен Көкжайлау, Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы және Шымкент қаласындағы атшабар орны тәрізді атышулы оқиғалар қоғамда резонанс тудырды.

Қосымша:

Іле Алатауы ұлттық табиғат саябағы – Алматы қаласы іргесіндегі Алматы тау жотасында орналасқан. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, саябақ 1996 жылы табиғи кешендерді, жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін қорғау мақсатында құрылған. Іле Алатауының орталық бөлігін алып жатқан саябақ жері батысында Шамалған өзені мен шығысында Түрген өзені аралықтарын қамтиды. Саябақ белдеміне Алматы қорығы мен оған іргелес жатқан орман шаруашылықтары кіреді.

Саябақ аумағында орналасқан тау көлдері – табиғаттың ең көрікті жерлерінің бірі. Олардың ішіндегі ең ірісі әрі әдемісі - Үлкен Алматы көлі.

Іле Алатауы ұлттық табиғат саябағында өсімдіктердің 1500 түрі анықталған. Бұл өсімдіктердің 40 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ал 30 түрі (Іле бөріқарақаты, Іле көкжалбызы, Іле сасыры, Іле үшқаты, т.б.) Қазақстаннан басқа еш жерде кездеспейді. Омыртқалы жануарлардың 245 түрі, олардың 8 түрі балықтар; 4-еуі – қосмекенділер; 8-і – бауырымен жорғалаушылар; 178-і – құстар; 47-сі – сүтқоректілер. 

Сондай-ақ, мұнда Талқыз және Түрген ескі қалашықтарының орны сақталған. Түрген шатқалында ертедегі темір дәуірінің зираттары мен Есік өзенінің бойында сақ қорғандары бар. Бутаков сарқырамасы, реликті мүк басқан Шыңтүрген шыршалары да табиғат ескерткіштері болып саналады. Соңғысында мүк астында, 30- 40 см тереңдікте қалыңд. 2- 3 м болатын мәңгі мұз қабаты бар. Әсем табиғаты, алуан түрлі флорасы мен фаунасы бар саябақтың қоршаған ортаны қорғауда алатын орны ерекше.

"The Qazaq Times"