Наурыз мейрамы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шымкент қаласында өткен айтыстың бюджеті мен жұмсалу барысы бұлыңғыр. Мегаполистің мемлекеттік қызметкері әнші Сәкен Майғазиев ұйымдастырған мерекелік шараның жай-жапсарына үңіліп, 40 миллионның баянын анықтауға тырыстық.
Қалалық мәдениет басқармасының желідегі парақшасында жарияланған дерекке сай, осы жұма-сенбі күндері өткен «Наурыз-Айтыс» сайысына 16 ақын қатысқан. Екі күнге жоспарланған шара бюджеттен қаржысына ұйымдастырылған. Пандемия шағында өткен мерекелік шараға жұмсалған қаражаттың сомасын мемлекеттік сатып алу порталынан іздестіріп көрдік.

Facebook желісінен алынған скрин-фото

Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйі осы айтысты өткізу үшін «Quraq Group» ЖШС-мен келісім-шарт жасасқан. Құны 40 миллион теңге. Келісім шартқа Майғазиевтың өзі қол қойған. Тендер «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілінде өткен. Демек Майғазиев басқаратын мекеме айтыс өткізу үшін порталда ешқандай хабарландыру жарияламаған, тапсырысты орындаушы ретінде бірден «Quraq Group» компаниясын таңдап алған.

Мемлекеттік сатып алу операциясы туралы жалпы мәлімет. Скрин-фото: goszakup.gov.kz

Өнерпаз-шенеунік басқаратын мекеменің мейірі түсіп, 16 ақынды екі күн айтыстырып, 40 млн теңгеге қарық болғалы тұрған «Quraq Group» компания жөнінде ашық дереккөздердегі ақпараттардан көруге болады.

Сатып алуға қатысқан тараптар. Скрин-фото: goszakup.gov.kz

Былтыр 8 шілде Шымкент қаласында ресми түрде тіркелген. Бастығы – 27 жастағы Сағынтаев Бақдәулет Батырханұлы деген азамат. Статистика комитетінің сайтында бұл компания жиһаз жасаумен айналысатыны жазылған. Осы уақытқа дейін мемлекетке бір тиын салық төлемеген. Компанияның ресми тіркелгеніне 9 айға жуық уақыт өтсе де, әлі жұмыс істемегенін білдіреді.

Контрагенттерді тексеруге арналған pk.uchet.kz ресурсынан

Осы тұста Сәкен Майғазиевке «Жиһаз жасаумен айналысатын әрі бұған дейін ешқандай жұмыс істемеген компанияға айтыс өткізуді қалай сеніп тапсырдыңыздар? Бұл компанияны таңдарда не нәрсені негізге алдыңыздар?» деген сұрақ туады.

Бюджеті қомақты айтыстың көрермендері көп болған жоқ. Фото: Қалалық мәдениет басқармасы

Айтпақшы, 16 ақын қатысатын, жүлде қоры шамамен 6 млн теңге болатын айтысқа 40 млн теңге көп емес пе деген сауал ойландырады. Біздіңше, өте көп. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені 26 ақпанда Тараз қаласында да айтыс өткен еді. Оны ұйымдастырған Жамбыл облысының мәдениет басқармасына қарасты «Облыстық халық шығармашылығы орталығы» айтысты өткізу үшін бюджеттен шамамен 4 млн теңге жұмсаған. Ал ол айтыстың жүлде қоры 7,2 млн теңге шамасында (бұл ақша қайдан бөлінгені белгісіз, бірақ YouTube порталында жарияланған марапаттау рәсіміндегі бейнежазбадағы табысталған сертификаттардан есептеуге болады – авт.). Сонда Тараздағы айтысқа барлығы 11,2 млн теңге жұмсалып тұр. Жарайды, қазылық жасаған 7 адамға және айтысты жүргізген Жүрсін Ерманға шамамен 2 млн теңгедей гонорар берілді делік. Сонда барлығы 13,2 млн теңге болады. Жан-жақтан келген ақындар мен қазылардың жолақысын қоса қарастырсақ, барлығы 15 млн теңгеге жуықтайды. Бұл – бір ай бұрын ғана Таразда өткен айтыстың шығыны.
Шымкентте өтіп жатқан айтыс 2 күнге созылатындықтан, шығыны қомақты деген күннің өзінде 5 млн қаржы кеткен болар. Сонда шараға 20 млн жұмсалады десе де, көңілге қонымды, ойға сыйымды болар ма еді? Айтпақшы, Тараздағы айтысқа 22 ақын қатысқан, ал Шымкентте – 16 ақын.

Әкім орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтау сөзін сөйлеп тұр. Фото: Қалалық мәдениет басқармасы

P.S. Айтысқа 40 млн теңге бөлінгенін ақындар да, қазылар да білмейтін шығар. Сенбі Шымкенттегі «Түркістан» сарайында айтыстың финалы өтеді.
Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан, Шұғайып Сезімхан, Казырет Бердихан, Қажымұхан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов, Рауан Кайдаров және Бауыржан Ширмединұлы сияқты сөз барымташылар қатысатын айтыста «елім» деп еңірейтін шайырлардың қайсыбірі болмасын финалда осы мәселені қозғап, Шыңғыс Мұқан мен Сәкен Майғазиевтен 40 млн теңгенің есебін сұрар деген үміттеміз.