Аляскада АҚШ пен Қытайдың сыртқы істер жөніндегі жоғары лауазымды тұлғалары арасында кездесу өтті. Бұл Байден өз қызметін бастағаннан бергі оның өкілдерінің алғаш рет Қытай лауазымдыларына бетпе-бет кездесуі еді. Кездесудің қалай өтетіні бұған дейін де ақпарат құралдарында талқыланған, алайда тараптар бір-біріне соншалық өткір сындарды боратады деп ешкім күтпеген еді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен мен Қытай СІМ басшысы Уаң И бастап барған делегаттар келіссөз үстеліне отырудан бұрын медиа алдында бір-бірлерін өткір сындармен сынап алысты. Айталық, АҚШ тарабы Қытайдың кейбір әрекеттерін ашық айыптап, халықаралық тәртіпті, АҚШ пен оның одақтастарының мүддесін қорғайтынын айтса, Қытай да өз кезегінде қатаң мәміледе жауап берді.
Блинкен Уаң Иға кездесуден бұрын Жапония мен Оңтүстік Корея сапарлай барып келген болатын. Ол Уаң Имен келіссөзге кіруден бұрын жасаған мәлімдемесінде өзінің АҚШ және оның одақтастары, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылық үшін бұл келіссөз үстеліне отырғалы тұрғанын айтып өткен. Сондай-ақ, халықаралық ережелердің бұзылуы әлемде зорлық-зомылық алып келетінін де атап көрсетті.
«Рейтер», «Америка Дауысы» секілді ірі ақпарат агенттіктерінің жазуынша, кездесуде АҚШ тарабы бұған дейін сезімтал тақырып болып келген мәселенің барлығын ашық жайып салған. Айталық, Шыңжаң, Гонконг, Тайуан мәселелеріндегі Қытайдың әрекеттері ережелерге негізделген жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін ескерткен. Бұл тақырыптардың талқыға салынатынын Блинкен алдын ала да айтқан.
Қытай сыртқы істер министрі Уаң И да өз кезегінде АҚШ-ты ішкі ісімізге араласты деп айыптады. «Қытай ешқашанда АҚШ-тың бұрынғы, қазіргі және болашақтағы айыптауларын да қабылдамайды. Сонымен бірге біз АҚШ-тан Қытайдың ішкі істеріне өз еркімен араласу туралы осы гегемонистік әрекеттен бас тартуды сұраймыз, бұл ескі проблеманы түзету керек», – деген екен Уаң И.
Сейсенбіде, АҚШ Қазына департаменті Гонконг ісі бойынша Қытайдың 24 лауазымды тұлғасын санкция тізіміне енгізген болатын. Уаң И бұл туралы да қатаң пікір танытты. «Егер бұны АҚШ Қытайдан өзінің артықшылығын күшейту үшін жасаған болса, бұл дұрыс жасалған есеп деп ойламаймын. Бұл тек өзінің ішкі дәрменсіздігі мен әлсіздігін ғана дәлелдей алады. Ол Қытайдың заңды жағдайына әсер етпейді және бұл қытай халқының ерік-жігерін мұқалта алмайды», – деп салды Уаң И.
Жалпы, АҚШ пен Қытай лауазымдылары кездесуге бір күн қалғанға дейін Уашингтон тарабы Қытайға қарсы бірқатар қысым жасап үлгерді. Қытайлық шенділерге санкциядан тыс, қытайлық компанияларды санкция тізіміне қосудың жаңа раундын жасады.
Қытай делегация жетекшілерінің жоғарыдағыдай қатаң пікірге толы баяндамалары аяқтала салысымен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен бірден қосымша сөз алып сөйледі. Ол өзінің екі айға жуық мемлекеттік хатшы қызметінде әлемнің жүзден астам елінің СІМ басшыларымен сөйлескенін және сол күні ғана Жапония мен Корея сапарынан оралып тұрғанын атап өтті. Блилнкен Ян Жиечы мен Уаң Иге қарап: «Мен сіздерге айта кетейін, менің естігендерім сіздердің сипаттағандарыңыздан мүлде басқа. Мен Америка Құрама Штаттарының оралуы және одақтастарымыз бен серіктерімізбен байланыстың жаңғыртылуына деген терең ризашылықтарды естідім. Мен және сіздің үкімет қабылдаған кейбір шаралар үшін қатты алаңдаушылықты да естідім. Біз бүгінгі шынай кездесуде осыларды талқылауға мүмкіндік аламыз», – деді Блинкен.
Одан кейін Байденнің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Салливан бір ауыз сөз қыстыра кетті: «Өзіне сенімді ел өзінің кемшіліктерін мұқият тексеріп, әр қашан жақсаруға ұмтылады. Бұл – Америка Құрама Штаттарының құпиясы», – деп қосты Саливан.
Осылайша әлем екі держава арасындағы бұған дейін болып көрмеген тартысты, арбасуға куә болды. Тараптар кездесуде қандай да бір келісімдерге келмеді. Бұл бұған дейін де болжанған. Салқын қабақпен, суыққанды күйде тарасқан. Тіпті, келіссөзден кейін қытайлық делегацияға қонақасы да ұйымдастырлымаған.