Алматы қаласының бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин тәулігіне 500 адамнан коронавирус анықталған жағдайда қала түгелдей жабылатынын мәлімдеді.
Бекшиннің сөзіне қарағанда, жергілікті билік алдағы шектеу шараларын талқылап жатыр. Қызыл аймақтан шықпайынша, әр сенбі-жексенбі қоғамдық көлік жұмысы тоқтамақ. Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері қоғамдық көліктердің қозғалысын шектеуді – инфекцияның жұғу тізбегін тоқтатуда негізгі амал деп санайды. Оның айтуынша, егер соңғы жеті тәулікте 100 мың тұрғынға шаққанда науқастар саны 50-ден және R көрсеткіші (бір науқастың өзге сау адамдарға жұқтыру ықтималдығы – QT) 1-ден асатын болса, онда қызыл аймаққа өтеді.
Сырқаттардың 17%-ы қоғамдық көлікте жұқтырғанын айтады, алайда ол жұмыс және демалыс күндері нақты қанша алматылық ауру жұқтырғаны жөнінде жауап бере алмады.
«Аурушаңдық өсімі 3 наурыздан байқала бастады. 3 наурыз – 121, ал 12 наурыз – 360 жағдай тіркелді. Осы себепті өткен дүйсенбіде қабылданған №10 қаулыдағы шектеулер арқасында сенбі-жексенбі күндері көрсеткіш біршама кеміді», – деді
Оның айтуынша, шектеу шарасы жалғасуы қажет.
«Қазіргі таңда жүктемесі 40%-дан аспайтын 3400 төсек-орнымыз бар. Қосымша 7 мың орын дайындалған. Егер тәулігіне 500 жағдай тіркелер болса, онда жай шектеп қана қоймай, бірқатар салалардың жұмысын толық тоқтатуға тура келеді. Біздің міндетіміз – бұған дейін жеткізбеу, әлі кеш емес», – дейді ол.
Айта кетерлік жайт, шектеу талабын мына жағдайларда күшейеді: тәуліктік көрсеткіш 300-ге жетсе, ішінара шектеу енгізіледі де қала ішінде локдаунға жабылады, бірақ халықтың жүріп-тұруына шектеу қойылмайды; ал 500 науқас анықталған жағдайда, блок-бекеттер орнатылып, қозғалыс тоқтайды.
Қазақстан Үкіметінің жанынан құрылған ведомствоаралық комиссияның ресми мәліметінше, наурыз айының 1-14 күндері аралығында Алматы қаласына халықаралық бағытта 177 әуе рейсімен 27 770 жолаушы келген. Оның 3202-сінде ПТР анықтамасы болмаған. Редакция тілшісінің наурыздағы өсімнің бірден-бір себебі шетелден келген жаңа штамм болуы мүмкін бе деген сауалға бас санитар «Қазақстанда әзірге басқа штамм тіркелмеді, меніңше, екі аптаға созылатын зерделеу жұмысынан кейін айтамыз» деді.
– Бір аптадан соң астанадан «Секвинатор» деген арнайы құрылғы жеткізіледі. Соның көмегімен жаңа штамдардың бар-жоғы зерттеледі. Оның басты мақсаты – өзгерген штамдарды анықтау. Біз жаңа штамдарды анықтау үшін арнайы жүйе құрдық. Зерттеу нәтижелері туралы кем дегенде екі аптадан кейін ғана айта аламыз. Бүгінгі күнге дейін ПТР тесттерінің нәтижелері бойынша коронавирустың 145 түрлендірілген түрі анықталды. Бірақ, патогендік өзгерістер анықталған жоқ, – дейді Бекшин.
Дүниежүзінде коронавирустың жұғу және өлім көрсеткіші жағынан әлдеқайда қатерлірек британдық, оңтүстік африкалық, бразиялиялық және америкалық бірнеше штамм анықталған.
Жексенбі күні Қазақстанда ПТР тесті арқылы анықталған науқастардың үштен бірі Алматыдан. Қалада наурыз айының алғашқы декадасында тәулігіне жүзден кем емес деңгейде, 11-інен бері еселеп өсуде. Кейінгі екі аптада қалада 2,5 мыңнан астам науқас тіркеліп үлгерді. Сондай-ақ, сырқаттар көбейген аймақтар қатарында астана (1536) және Павлодар (916), Ақмола (897) облыстары бар.