Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Доминик Раабтың Эстония мен Норвегияға ресми іссапары басталды. Тараптар Ресейден аймақтық қауіпсіздікке төнетін қауіпке қарсы тұру стратегиясын дайындап, жаһандық климаттың өзгеруі мәселелерін талқыламақ.
Бүгін министр Таллинге барып, Эстония президенті Керсти Кальюлайдпен кездеседі. Кейіннен ол пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіруді талқылау мақсатында Литва мен Латвия өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздерге қатысады. Сонымен қатар, Рааб Ұлыбританияның Эстониямен қорғаныс саласындағы серіктестігін растайтын құжатқа және «елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға» бағытталған келісімге қол қояды.
11 наурызда Рааб Ослода Норвегия, Дания, Исландия, Финляндия және Швеция СІМ басшыларының бірлескен отырысына қатысады. Жиында тараптар «климаттың өзгеруі және халықаралық қауіпсіздік, оның ішінде мемлекеттерден төнетін қауіп-қатері» тақырыбын талқыламақ.
Аталған мемлекеттердің министрлері алдағы уақытта Ресейден төнетін қатерге қарсы шараларды қарастырады. Доминик Рааб мәлімдемесіеде: «Ұлыбритания Солтүстік және Балтық елдерін әскери жағынан да, Ресейдің дезинформациясы мен тұрақсыздандырушы әрекеттеріне қарсы күресте қолдайды», – дейді.
Біріккен Корольдіктің премьер-министрі Борис Джонсон қырғи қабақ соғыстан кейінгі қорғаныс Стратегиясын қайта қарау туралы тапсырма берген. Себебі, Еуропа елдері Ресей тарапынан қауіпсіздікке нұқсан келетін шабуылдар артты деп санайды.
Ресейге қарсы қауіпсіздік стратегияларын Еуропа ғана емес, АҚШ та басты тақырып ретінде қарайды. 5 наурызда АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясына байланысты құжат жарияланды. Құжатта Ресей «халықаралық аренадағы тұрақсыздандырушы», ал Қытай Америка үшін «қауіпті әрі жетекші қарсылас» ретінде көрсетілген болатын.
Бұған дейін Еуроодақ елдері мен Америка химиялық қарудан уланған Навальный ісіне байланысты Ресейге қарсы шектеулер енгізуді қолға алды. 3 наурызда АҚШ Навальный ісіне байланысты Ресейге қарсы санкция енгізіп, экономика, қорғаныс саласында көмек көрсету бағдарламаларын тоқтатты. Санкция 1991 жылы қабылданған «Химиялық және биологиялық қаруды бақылау және оны қолдануға тыйым салу туралы» заң аясында жүзеге асып отыр. Санкциядан кейін Ресейге шетелдік әскери қаржыландыруды көздейтін АҚШ-тың барлық бағдарламсы күшін жойды. Вашингтон, сонымен бірге, Мәскеуге АҚШ үкіметінің министрліктері мен басқармалары, оның ішінде экспорт-импорт банкі арқылы несие немесе басқа қаржылық көмек беруден де бас тартады. Америкадан Ресейге «Ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды тауарлар мен технологияларды экспорттауға» да шектеулер енгізілуде.