Жетінші тәулік түнеп жатқан аналарға жексенбі түні сағат 22.00 шамасында бір топ полицей келіп, карантин шараларын алға тарта отырып тарауын ескерткен. Алайда әйелдер талабы орындалмайынша, ешқайда кетпейтінін айтып, ғимараттан шығудан бас тартқан.

«Әкім кеңесшісінің сөзінше, бүгін Көлгінов қабылдап қалуы мүмкін» дейді редакция тілшісі тілдескен аналардың бірі Назира Мукушева.

«Әкім мәселені толық шеше алмаса да, жоғарыға жеткізу қолындағы дүние. Диалогқа келетіндей дөңгелек үстел ұйымдастырамыз дегендей сыңай танытқан. Сегізінші күн болып жатыр, мәміле болатын шығар деген ойдамыз. Қалай дегенмен де аспандағы айды сұрап отырғамыз жоқ. Құқығымыз тапталғанына байланысты ІІМ, Еуропарламент, Қауіпсіздік кеңесіне т.б. хат жолдадық. Тамара Дүйсеноваға тікелей эфирде бейнежазба арқылы да, жазбаша түрде де хат жолдадық. Өзі түгілі көмекшісі де келген жоқ», – дейді Мукушева ашынып.

Бүгінгі таңға дейін Үкімет не Парламенттен лауазымды шенеуніктердің бірде-бірі аналардың алдына шықпаған. Дүйсенбі-жұма күндері аралығында әкім кеңесшілері мен атқарушы мамандар мәмілеге келуге тырысқан. Алайда  «құрғақ уәде қажытқанын» айтып, қағаз жүзінде өтініш жазудан «еш қайыр жоғына» көзі жеткен аналар мәселеге Ақорда-Кітапхананың, заң шығарушы орган мен үкімет құрамының назарын аудартуды көздейді.

Әлеуметтік жағдайды жақсартуды және балаға берілетін жәрдемақыны көбейтуді талап еткен бір топ әйел 22 ақпаннан бері астана әкімдігінде түнеп келеді. Көп балалы, мүгедек баласы бар, жалғызбасты, тұрмысы нашар, белсенді аналар апта бойы елорда әкімі Көлгінов пен Мәжілістің VII шақырылым депутаттары алдына шықпаған соң Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президенттері Назарбаев және Тоқаевқа үндеу жасаған. Әкімдікті уақытша тұрақ еткендер негізгі үш талабы барын айтады. Олар:  «Ана мен бала капиталы» ретінде отбасына табысына қарамай әр балаға 42,5 мың теңге тағайындау, Конституция бойынша (25-бап) әлеуметтік осал топ отбасыларын баспана-тұрғын үймен қамту және «халық ызасын тудырған дәстүрлі-ұлттық мәдениетке қайшы» бала құқығы туралы заң жобасын («Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы – QT) қаралымнан алып тастау.

«Бәрімізге ортақ Қазақстан жерінің игілігін халық та көруі керек шығар. Тек билік пен маңайындағы үйелмен топ қана емес, осы даланың заңды мирасқоры жұртымыз, әсіресе еліміздің болашағы – балаларымыз да жақсы өмір сүруі тиіс, оған құқылы. Ешкім баспананы тегінге сұрап отырған жоқ, тек тиімді бағамен халық жағдайына ыңғайлап беруін талап етеміз», – деген әйелдер «Еститін үкіметтің» керең-соқыр күйге түскеніне» ашулы.

Наразы топтың айтуынша, ас-су қамы, керек-жарағын жеке қалтасынан сатып алып, жетпегенін басқа қолдаушы аналар сырттан әкеп береді. Олар түнде дәліз-фойе еденіне төсеніш төсеп, кейбірі орындықтарда жатуға мәжбүр.

“The Qazaq Times”