11 ақпанда Еуропарламент «Қазақстандағы адам құқықтары жағдайы нашарлағаны туралы» қарар қабылдап, тіпті санкция қаупі жайлы бастама көтерген. 20 талаптан тұратын 12 беттік құжатқа қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында қарарда «елдегі ахуал бұрмаланған» және «оны теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған» деп мәлімдеді.

Министрлік айыптаған «теріс ұстанымдағы саясаткерлер» кімдер және Еуропарламент осындай «тапсырыс  орындауға» мүдделі ме, қарардың Қазақстанға әсері, биліктің алдағы қадамы, санкция салдары жөнінде депутаттар мен құқық қорғаушы пікірі әрқилы.

Төреғожинаның СІМ мен Тоқаевқа ұсынысы

Сыртқы істер министрлігін ашық дебатқа шақырған «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Тоқаевқа тығырықтан шығудың жолы ретінде диалогқа келуді ұсынады.

– Тоқаев БҰҰ құрылымында қызметте болды. Адам құқықтары мәселесін біледі. Сол себепті Ұлттық кеңесті жедел шақыртуы қажет. Депутаттар, министрлер кабинетін, Бас прокуратура басшылығын, қарарда аты аталған азаматтар мен тәуелсіз құқық қорғау ұйымдарын жинап, үшжақты ашық мәміле құруы тиіс, – дейді ол.

Тоқаев азаматтық қоғамды дамыту ниетті болғанымен, созылмалы-жүйелі мәселелерді шешуде жартылай әрекет етеді деп санайды. Оның айтуынша, митинг туралы заң бейбіт жиын өткізу құқын шеше алмады; партия құруға қажетті адам санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін кеміту де жаңа партияның құрылуына жол аша қойған жоқ; «парламенттік оппозиция туралы алдамшы заңға еуро-депутаттар күле қараған».

Ұзақ жылдар құқық қорғаушы қызметінде жүрген Бақытжан Төреғожина Алматы қаласында өзі ұйымдастырған митингіде сөйлеп тұр. 31 қазан 2020 жыл. Фото: Азаттық радиосы / Петр Троценко

Егер Тоқаев бұл мәселелерді «түпкілікті шешуді қаласа, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін жалдамалы сарапшылар мен әкімдіктен ауызбастырық алатын жалған бейүкіметтік ұйымдардың өкілдерінен емес, шынайы оппозиционерлер, азаматтық белсенділер, тәуелсіз құқық қорғаушылардан жасақтасын. Біз мәселенің барын емес, оны шешідің жолын айтамыз. Кедергі жасамаса, өзіміз-ақ шешеміз».

– Дебат құқықтық жағынан қарағанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында жүруі керек. Президент өз төрағалығымен өткізетін диалог жиынына Бас прокуратура, ҰҚК, белсенділерді үнемі қудалайтын ІІМ, СІМ өкілдерін, қарсы бетке қарарда есімі аталған азаматтар мен құқық қорғаушылар шақыртқаны дұрыс. Онда халықаралық талаптарға сай келмейтін, көп сынға себеп болған «Бейбіт митинг туралы» заң, қайырымдылық және кәсіподақтар жөніндегі заңдар талқыланатын үлкен алаң болуы тиіс. Сондай-ақ бұл процеске Парламент депутаттары, ұзақ жылдар Еуропада қызмет еткен (еуро-депутаттармен таныс-біліс – А.С.), қазір Мәжілістегі Халықаралық істер комитетінің жетекшісі Айгүл Құспан мен Еуропарламентпен бірлесе әрекет ететін халықаралық жұмыс тобы мүшелері қатысуы қажет, – дейді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы. 20 желтоқсан 2020 жыл. Фото: www.akorda.kz

25 жылдай сыртқы істер саласында әртүрлі лауазымда қызмет атқарған, қазір мәжіліс депутаты әрі Халықаралық істер комитетінің төрайымы Айгүл Құспанға хабарластық. Тұтқаны алғанда емін-еркін сөйлескен депутат сұрағымызды естігеннен кейін бірден жиында отырғанын, сөйлесуге уақыты жоғын айтып, кері хабарласуға уәде берді. Дегенмен артынша көмекшісімен қоса өзінің телефонына он мәрте қоңырау шалдық, сол күйі тұтқаны көтермеді. Халықаралық мәселеге жауапты жетекші-депутаттың бұл әрекетін сауалдан бой тасалау деп топшылауға тура келетіндей.

Дәл осылай президент болуға талпынған өзін демократ-оппозиция санайтын Ақжол партиясының депутаты Дания Еспаева жұмыс тобының отырысынан кейін жауап беретінін, бір жарым сағаттан кейін хабарласуды сұраған. Бірақ сол күйі тұтқаны көтермеді. Ақдол партиясы бұған дейінгі сұрау хатымызға толық жауап бермеген. Жетекшісі  Азат Перуашев ақпарат құралы қоңырауына жауап бермей тастай салатыны біздің редакцияға таңсық емес. Бұған дейін бірнеше рет тілшінің мәселесін ести сала кейін-кейінмен телефонды өшіріп тастаған.

Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі өкілі Ғазиз Зейнел-Ғабиденұлы да мәселеден хабарсыз екенін, ешқандай пікір білдіре алмайтынын хабарлады. Осылайша Мәжіліс қабырғасындағы «үшем партиядан» тек екі бірдей нұротандық рай білдірді.

Мәжіліс депутатының сайлау жайлы манипуляциясы

Осымен екі шақырылымға «Нұр Отан» фракциясының атынан Мәжілісте орын алған депутат Генадий Шиповоскихпен әңгімелестік. Еуропарламент қарарын журналистен білгенін айтқан депутат  «дегенмен де...» деп пікір білдіруге ыңғай танытты. Сайлау тақырыбына соққан ол ЕҚЫҰ-ның билік партиясына лайықты бәсеке болмағаны туралы пікірін алға тартты.

Мәжілістің VI және VII шақырылымындағы «Нұр Отан» фракциясының депутаты Генадий Шиповских. Фото: Kazpravda.kz / Марат Кураков

«Барлық адамның құқығы Конституцияда негізделген және нақты көрсетілген. Бізде адам құқығының бұзылмауын бақылайтын мемлекеттік ұйымдар, арнайы омбудсмен бар. Парламент сайлауына байланысты ЕҚЫҰ бар болғаны «Нұр Отан партиясына лайықты бәсеке болған жоқ» дегенін білеміз. Жалпы құқық бұзушылық, адам құқығын шектеу жағдайы тіркелмегенін айтқан.  Шетелден келген ЕҚЫҰ бақылау делегациясының біз білетін мәліметінде (олар тағы бірдеңені қосқан ба, мен түсінбедім, олардың жұмысына араласа алмаймыз – Г.Ш.) нақты бәсекелестік болған жоқ деді, бірақ ешқандай құқық бұзушылық не адам құқығын шектеу жағдайы болмағанын айтқан еді, естеріңізге сала кетейін», – дейді депутат.

Сөз арасында ептеп сыналап керісінше ЕҚЫҰ миссиясының ресми қорытындысында «сайлау демократия талаптарына қайшы әрі шынайы бәсекесіз өткені, көптеген адам құқығы бұзылу, тіпті  ақпарат құралдарының қызметіне кедергі келтіліргені» туралы түпнұсқадағы аргументтерді санамалай айтқанымызда:

«А-а-а… білмеймін. Жалпы тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, ешқандай құқық бұзушылықтар болмаған», – деді де әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.

Оның айтуынша, халықаралық ұйымдардың сынынына ұшыраған «митинг заң талаптарына сай өтуі керек». Қазір митингке шығатын адамдардан пандемия жағдайын ескеруін сұрайды.

«Ұтылмайтын СІМ»: Ресми сұрау болмаса, жауап бере алмаймыз

Депутат Шиповских «Бақытжан Төреғожинаға министрлік шығып, сөйлесіп, нақты бір мәмілеге келетін шығар» деп есептейді. Оның сөзінше, «министрлік диалогқа шығудан ұтылмайды».

– Мемлекеттік мекеменің өкілі шығып, ақты ақ, қараны қара деп түсіндіреді деген ойдамын. ...Өзіміздің заң шығарушы органға келсек, әріптестермен бірге дебатқа да, түсіндірмеге де әрқашан ашықпыз, – дейді депутат.

Сонымен қоса, депутат Айдос Сарым «бұл қарардың қабылдану реті, басы-қасында жүргендердің тірлігі, пандемия кезінде қатысып-талқылауға мүмкіндік болмады, құжат біржақты» дейді министрлікпен келісетінін айтып.

«Сыртқы істер министрлігіне ішкі мәселе бойынша дебатқа шығып-сөйлесудің еш негізі жоқ. Оның жұмысы жетіп жатыр. Егер айтқысы келетін болса, ресми партиялар, басқасы бар. Қарар бар екен, оны қабылдау, ескеретін нәрсені ескеру  керек. Бірақ оның айналасында дау-дамай туғызып, дебат жасаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Қазақстанның тағдырын шешетін, оған әсер ететін құжат емес», – деді нұротандық депутат Сарым.

ҚР СІМ ресми өкілі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров. Фото: mfa.gov.kz

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров құқық қорғау ұйымының ұсынысы туралы ведомство қандай пікірде екенін сұрай хабарласқан тілшіге ресми сұраусыз қандайда бір ақпарат берілмейтінін айтты.

– Ресми түрде министрлікке ешқандай ұсыныс келіп түскен жоқ. Ақпарат құралдарында жаза береді ғой. Ресми түрде қандай хат келіп түседі, біз сол кезде қарастырамыз, – деді ресми өкіл.

Сонымен қоса, ол меммедиаға берген сұхбатындағы «атүсті, біржақты және әділетсіз сын» дегені Сыртқы істер министрлігінің ресми бағасы деп нақтылады.

Бұған таңданған құқық қорғаушы «министрліктің дегеніне сай ресми хат жолдайтынын» жеткізді.

«Еш қиындығы жоқ, ресми түрде жазамын. Әдетте министрлік өкілі (Айгүл деген қызметкері – Б.Т.) үнемі мәселені талқылайық, қарастырайық, сізге жауап береміз деп хабарласатын, бұл жолы ешкім байланысқа шыққан жоқ. Құқық қорғаушыларға өз бетінше Үкіметтен жауап алу қиын. Еуродепутаттар адам құқығына байланысты белгілеп жазған жазбаға бірден жауап қатады, ал біздің саясаткерлер (парламентарий және министрлік – Б.Т.) үнсіз қалады. Жақсы, дегені болсын», – дейді.

Ол түптеп келгенде БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдеме құқықтық тұрғыда заңды және жеке тұлғалардың ресми сұрауы ретінде қарастырылуы керек дейді. Бас прокуратура әлеуметтік желіде тараған кейбір деректер бойынша тексеріс жүргізіп, реакция білдіреді, тіпті осының негізінде қылмыстық іс қозғайды. «Неге екені беймәлім саясаткерлер біздің сұрағымызға келгенде тас керең-көр соқыр позицияда отыр. Алайда бұл жолы үндемей қала алмайды» деп ескертеді.

Сайлау күні 7-8 сағат арнайы жасақ қоршауында тұруға мәжбүр болған Демпартия мен Oyan, Qazaqstan қозғалысының өкілдері. 10 қаңтар 2021 жыл. Фото: QT

Еуропарламент қарары объективті емес пе?

Әуелде центрист бағытта пікір білдіріп жүретін, кейнгі жылдары билік партиясының маңдайалды насихатшысына айналған Айдос Сарымның пікірінше, қарар біржақты.

Қарар тек билікке аса наразы топтардың  пікірімен жасалған сияқты деген депутат «есесіне басқа саяси партиялардың не биліктің көзқарасы мүлде ескерілмеген және оған ешкім мүдделі болмаған тәрізді» дейді

«Менің түсінігімде объективтілік деген тек билікке наразы тараптың ғана көзқарасы емес. Өмірдің шындығы шамамен «Егемен Қазақстан» мен «Дат» газеттерінің ортасында. Яғни біржақты пікірге кәсібиленген кейбір үкіметтік емес ұйымдардың пікірін топтастырып қарау – объективтілік емес. Биліктің пікірі ескерілмеген құжатты қалайша обективті деуге келеді. Еуропарламентте Қазақстанның не екенін білетін 40 адам болса, шүкір», – дейді Сарым.

Бақытжан Төреғожина резолюция бір күнде емес, қараша айынан бері үш айдай уақытта дайындалғанын айтады. Қарар жазыларда» Еуропарламент әуелі диалогқа шығып, саясаткерлері мемлекет билігіне шығып, мәселе туралы хабарлаған». Еуро-депутаттар Елена Семенова жағдайы бойынша Қазақстан Үкіметіне бірнеше рет ескерту хат жолдаған.

Құжатта ұзақ уақыт қудалауда жүрген құқық қорғаушы Елена Семенованың есім-сойы аталғаны объективтілік пе деген сұраққа білмейтінін йтып, бірақ алдағы «үлкен үміт – амнистияны пайдалануға» кеңес берді.

«Реформа бір күнде орындалып, жұмақ бір күнде орнай салатын нәрсе деп ойлайсыз ба? Әр мәселенің өз инерциясы, орны, бағыты  бар. Жақсылық үшін күресу керек деп отырмыз ғой. Мұндай мәселені Еуропарламенттің қарарымен шешуге болады дегенге өз басым сенбеймін, бұл мүмкін емес», – дейді Сарым.

«Қайта қарап шықтым. Қарарда қамтылған фактінің жалғаны жоқ, бәрі болған жайт, министрлік айтқандай ешбір дерек ескі емес» дейді құқық қорғаушы.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі әрі депутаты Айдос Сарым. Фото: ашық дереккөз

Айдос Сарым нұсқасындағы «Еуропарламент портреті және Әбілязов еңбегі»

«Еуропарламент біздің түсінігіміздегі парламент емес. Әр ел өзінің мүддесін айтқызу үшін, кезінде саясаткерлердің өкілеттілік мәселесі болуы тиіс деген принциптен туындаған  құрылым. Ондағы бірнеше жүздеген адамның көбісі ағылшын тілін білмейді, тіпті бірін-бірі танымай жатады. Бір ғана дерек айтайын, Еуропарламенттің жанында ресми-ерікті түрде 9 мыңдай ұйым лоббист ретінде тіркелген. Госпромнан бастап бүкіл ұлттық-оппозициялық күштер дегендей… Мұның сыртында тағы соншама ұйым бар. Дәлірек айтар болсақ, Әбілязовтің қасында жүрген бір-екі қоғамдық ұйым бар. Бұл қарар солардың бір жыл бойғы еңбегінің нәтижесі деп айтуға болатын шығар.  Бірақ одан Қазақстанның кетіп жатқан ештеңесі жоқ. Еуропарламенттің қарары Еуропа елдері немесе атқарушы биліктері үшін міндетті заң болып есептелмейді, негізінен ескертпе-ұсыныс ретінде айтылады», – дейді саясаттанушыдан саясаткерге айналған Айдос Сарым. Ол бұрынғы «Нағыз Ақ жол» партиясы теңтөрағасының кеңесшісі әрі «Жас Алаш» газетінің бағыты өзгермеген кезде бас редактор орынбасары, Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының басшысы болған, бүгінгі таңда Мәжілістен «Нұр Отан» фракциясының депутаты мандатын алған.

Қарардан төнер қауіп

Айдос Сарымның уәжінше, еуро-депутаттардың қабылдаған қарарынан «нақты мемлекеттердің саясаты мен ұстанымы әлдеқайда маңызды. Мұндай қарардың талайы қабылданғанын тілге тиек еткен ол «Еуроодақтың Қазақстанға қатысты көзқарасын күрт өзгертетін не ұпайын мүлдем жығып беретін құжат емес» дегенге сенімді.

– Еуропарламент осындай мәселе көтерді екен деп Еуроодақтың атқарушы органдары, мемлекетаралық саммиттері, сыртқы істер министрлері осы шешімді қабылдай қоярына өз басым сенбеймін, – дейді.

Бақытжан Төреғожина 2019 жылғы сәуір айындағы Еуропарламент құжатында тек «саяси тұтқындарды» босату туралы ұсыным болғанын, бұл жолғысында көптеген мәселелер қамтылғанын айтады.

«Былтыр Қазақстан Еуроодақпен арада 29 саланың басын тоғыстырған бес жылдық іскерлік-экономикалық аса ірі келісімшартқа қол қойған. Адам құқығын бұзуға қатысы бар мемлекеттік қызметтегі жекелеген шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелеріне санкция салу жағы айтылады. Егер билік қарардағы ұсыныстар негізінде әрекет етсе, персоналды санкция салынбайды. Қазақстан Еуропамен арадағы байланысты мұндай ауыр әрі күмәнді бәске тіге қоюы екіталай», – дейді құқық қорғаушы.

Депутат сөз арасында қарар «мәселені шешпейді, керісінше, қырсығатын жағдай болуы мүмкін» деп, бір қауіптің ұшын шығарды.

– Менің түсінігімде, шынтуайтында, мына құжат елдегі кертартпа (биліктің ішіндегі реакцияшыл, аса консервативті, Қазақстанның Еуроодақпен жақындасуын қаламайтын, реформалар қажетсіз санайтын, бұрынғы жетістікті қанағат тұтатын топтар – А.С.), реформаға қарсы күштерге көбірек азық болып, солардың ұпайын арттыратын  дүние. Және Қазақстанды Еуропадан гөрі Қытай мен Ресейге қолтығына итермелейтін құжат, – деп алаңдайды саясаткер.

Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жапишева. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: QT

Санкция салдары: Тұрғымбаев бастаған төртеу...

Генадий Шиповоскихтің сөзіне сенсек, депутат еуро-әріптестерінің санкция туралы ұсынысынан бейхабар.

«Бізде бүгінгі таңда адам құқықтарына байланысты дүниелер заң аясында істелуде. Шетелден келетін санкциялардың ешқандай зияны болмайтын шығар деп ойлаймын. Себебі елімізде нақты демократиялық көрініс бары сөзсіз», – дейді алтыншы жыл мәжілісте отырған Шиповских.

Еуропадағы әріптестерінің санкция ұсынысын эмоцияға балаған Айдос Сарым құжат неге қазір қабылданды деген сауалдың контексіне тоқталды.

«Еуропарламент бұған дейін бір жыл бойы Белорусьті талқылап келді, яғни ол жақта көп лоббистер жүрді. Оның үстіне Навальныйдың оқиғасынан кейін біраз күштер Ресейге және оның одақтастарына қарсылық саясаты жүрді. Мұның бәрі әсер еткен болуы керек, сол себепті  қарар осындай жағдайда қабылданып отыр ...шындап келгенде, бұл құжатты жұрт екі аптадан кейін ұмытады да кетеді. Мұның ешқандай ұзақ мерзімді салдары болмайды», – деп кесіп айтты.

Бұған байланысты Бақытжан Төреғожина депутатқа:

– Бірер аптадан кейін бәрі ұмытылып кетеді деген қате түсінік. Алты айдан соң санкция алғашқы қамыты қабылдануы ықтимал. Персоналды санкция Қазақстан үшін санкциялардың басы ғана, шлюз деп есептеуге болады. Әзірге санкция енгізілуі мүмкін Тұрғымбаев бастаған төрт адамның кейсі дайындалып жатыр. Бұл өте жауапты ұзақ мерзімді жұмыс, – деп ескертеді.

Ескетудің себебі «халықаралық саяси дускуссия тәжірибесіне сай, Еуропарламент қарарынан кейін жарты жылдай БҰҰ Адам құқықтары комитетімен бірге аймақтағы билік әрекетін күтеді». Бұдан соң құқық қорғаушылар санкцияны бастайтын болады.

«Қазақстан жағдайды дұрыстауға шара қолданбаса, қарардағы әр кейске қатысты құжаттарда аты аталған тұлғаларды қаудалауға қатысқандар туралы ашық дереккөздердегі бар мәлімет (шетелдегі дүние-мүлкі, отбасы мүшелері мен бала-шағасының шоттары – Б.Т.)  таразыланады».

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Фото: patrul.kz

«Ертең ештеңе білмедік-естімедік демес үшін» он жылға жауық саяси қуғын-сүргін мәселесімен айналысып жүрген маман ретінде санкцияның салдары жайлы егжей-тегжейлі айтып беруді жөн деп есептейді.

– Мәселен, құқық қорғаушылық қызметі үшін ең қатаң қуғынға түскен Елена Семенованың ісінде және өзге кейстерде аты ең көп аталатын тұлға санкция тізіміне енгізіледі. Көп қысым алған Семенованың ісіне тікелей жауапты ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа санкция салынуы мүмкін алғашқы кандидаттың бірі. Тұрғымбаевты мысалға алсақ, тізімге енгеннен кейін ашық дереккөздерден оның шетелдегі активтері, мал-мүлкі мен банк есеп шоттары, отбасы мүшелерінің капиталдары  жөнінде алты ай бойы деректер жинап-өңделеді.  Санкция жарияланғаннан бастап 45 сағатта осының барлығы бұғатталады. Сондықтан осы жолы жіті мән беріп қарағаны жөн, – деп ескертуін қайталады.

"The Qazaq Times"