Салық қызметі Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросы үстінен қозғалған іс-өндірісті тоқтатты. Бюроның қызметіне қойылған үш айлық шектеу және 800 АЕК көлемінде кесілген айыппұл алынып тасталды. Сонымен қоса, «Құқықтық медиа орталық» және «Эхо» ұйымдарына қатысты әкімшілік іс тоқтаған.
«Іс заң бұзушылықтың мардымсыздығынан жабылды. Құзырлы орган өкілдерінің пікірінше, заң бұзушылықтарға жол берілді, бірақ бұл жауапқа тартылатындай маңызды емес. Десе де ұйым шешімге шағымданады, өйткені мұнда заң бұзушылық құрамы жоқ. Хаттама толтырылғанға дейін барлығы түзетілген еді. Ал хаттаманың өзі кейінгі мерзіммен жасалған. Тіпті қате болған күнде де мұндай деңгейде жауапқа тарта алмас еді. Біз істі толығымен жоюға тырысамыз», – деді КМБПЧ сайтының редакторы Андрей Гришин.
«Құқықтық медиа орталық» ұйымының басшысы Диана Окремованың айтуына қарағанда, ұйым алғаш рет әкімшілік іске іліккен.
«Іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауынан тоқтады. Біз MediaNet сияқты мұндай жағдайға бірінші рет тап болдық, алайда соған қарамастан айыппұл мен жұмысты уақытша тоқтату қаупі төнді. Қалай дегенмен де жеңіс біз жақта. Істі бүгін қарау керек еді, бірақ былтырғы қараша айынан бері сот отырысын шегеріп келді. Евгений Жовтис айтқандай, «саясат араласқан жерде заңдар жұмыс істемейді». Мұның бәрі үлкен ойын болды, десе де «суық ақыл» жеңіп шықты», – деді ол..
Нақақ айыппұл арқалаған бес бірдей ұйымның бірі «Эхо» қоғамдық бірлестігінің үстінен қозғалған әкімшілік іс те кілт тоқтады.
«Бірінші хаттама бойынша іс құқық бұзушылықтардың болмауынан, екінші хаттама бойынша құқық бұзушылықтың елеусіздігінен жабылды. Айыппұл да, қызметті тоқтата тұру да алынып тасталды. Бұл бізді қуантқаны рас, бірақ қалай дегенмен де биліктің мұнысы қате болды», − деді ұйым президенті Павел Лобачев.
Былтыр күздің соңына қарай азаматтық және адам құқықтары жөніндегі жеті бірдей ұйым, салық органдарының қысымына ұшырағанын жариялаған. Оларға бақылау органдарынан бірнеше жылғы есептерінде құқық бұзушылық фактілері анықталғаны туралы хабарлама келген. Салдарынан үкіметтік емес ұйымдарға көлемді айыппұлдар мен қызметін уақытша тоқтату қаупі төнген. Ұйымдар бұл қысымды Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы қарсаңындағы «саяси астарлы қысым» деген.
Қаңтар айының ортасында 20 жылдан астам сайлауды бақылаумен айналысып келген «Эхо» бірлестігіне қызметін уақытша тоқтатуға шешім шығарылды. Ал қаңтардың 25-і Адам құқықтары жөніндегі бюроға төрт бірдей хаттама бойынша 800 АЕК (2,3 млн т) мөлшерінде айыппұл салынып, 15 сәуірге дейін қызметі шектелді.
Сәрсенбіде Мемлекеттік кірістер басқармасы MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорына шығарылған шешімнің күшін жойып, қалған өзге бейүкіметтік ұйымдарға қатысты әкімшілік өндірісті жаба бастады.
Осыған дейін халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары үкіметтік емес ұйымдарды «қудалау мен оларға қысым көрсету кампаниясын» сынап, астананы қаржылық есеп беру ережелерін асыра пайдаланбауға және қысымды тоқтатуға шақырған. Тағы бір халықаралық құқық қорғау ұйымы Human Rights Watch (HRW) Үкіметтің әрекетін «репрессияшыл шара» ретінде айыптаған. Бұған Халықаралық Transparency International (TI) ұйымы да үн қосып, азаматтық қоғам өзінің қоғамдық бақылау функциясын атқару мүмкіндігінен айырылса Қазақстанның «жемқорлықпен күрес саласында кері кетуі оңай» екенін ескерткен.
Қазақстан сыртқы істер министрі әрі вице-министр Мұхтар Тілеуберді 26 қаңтарда «үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын тоқтату елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді» десе, мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев ақпанның басында мұндай тексерістер ұдайы жүргізілетінін алға тартқан.