Қазақстанның денсаулық сақтау министрі коронавирус пандемиясының елдегі бағдар-барысы туралы болжамның жаңа нұсқасын мәлімдеді.
Сейсенбі, 19 қаңтардағы үкімет отырысында баяндама жасаған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой індеттің кезекті шарықтау кезеңі көктемде болуы мүмкін дейді.
«Министрліктің болжау жөніндегі жұмыс тобы міндетті медициналық бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, алдағы вакцинация, қолданыстағы шектеу шаралары өзгеріссіз қалған жағдайда жыл соңына дейінгі эпиджағдайға болжам жасады. Аурудың таралуы бойынша ықтимал шарықтау кезі наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келуі мүмкін», – деді министр Цой.
Егер дерт бағдары оптимистік бағытта жалғасса тәулігіне – 3 мың, ал реалистік тұрғыда – 6 мың, тіпті ушығып пессимистік қарқын алса күніне – 9 мыңға дейін науқас тіркелуі мүмкін.
Оптимистік нұсқа бойынша, тәулігіне 3 мыңға дейін науқас анықталып, денсаулық сақтау жүйесінде 24 мың төсек-орынға науқастар жатқызылуы ықтимал – мұндай жағдайда карантин шектеуін қатаңдатудың қажеті жоқ. Ал күніне 6-9 мың аралығында науқас тіркелсе, реалистік және пессимистік сценраийлер аясында ауруханалардағы бос емес орындар саны 45 және 52 мыңға дейін өседі. Медицина саласындағы жүктемені бұдан ары қиындатып алмас үшін карантин шарасы күшейеді.
Сонымен қоса, министр ақпан айынан вирусқа қарсы жаппай вакциналау басталатынын хабарлады.
«Бірінші кезеңде 2 млн адамға екпе салынады. Бұл эпиджағдайға оң әсер етеді. Біздің есебімізше, осы көлемдегі вакциналаудың өзі тіркелетін кейстер санын 40 мыңға азайтады. Жаппай вакцина егу қаншалықты ауқымды әрі жылдам жүрсе, аурушаңдық пен өлім-жітім көрсеткіші соғұрлым азаяды. Сәйкесінше локдауынсыз қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік артады», – деді ол.
Бұған дейін 9 желтоқсан денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар-дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау кезеңін биыл қаңтар және ақпан айларына сәйкес келеді деп болжаған.
13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 170 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 46,8 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 215 мыңға жетсе, ал Ұлттық статистикада 217 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3903-і (КВИ+ / U07.1 – 2423, КВИ- / U07.2 – 542, ілеспе аурулардан – 938) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 938 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.