«Nur Otan» партиясының мүшесі, cаясаттанушы Ерлан Саировтың 29 қарашадағы «Неге?» қоғамдық-саяси ток-шоуының кезекті шығарылымында айтқан дерегін тексеріп көреміз.

«Сайлауды қалай әділ өткізуге болады?» тақырыбында өткен бағдарламаның бұл жолғы шығарылымының 34.20 хроносында ақордашыл саясаттанушы Саиров «қарапайым мұғалім-дәрігердің орташа жалақысына» байланысты «арман» дерек келтірді.

«Біз біздің елдің мұғалімінің, дәрігерінің рөлін арттырдық, иә... Қазір Қазақстанда дәрігердің жалақысы 1000 (АҚШ нұсқасында айтуы мүмкін – QT тұспалы) доллардан асып отыр, мұғалімнің жалақысы 1000 долларға жақындады. Менің ағам дәрігер, әпкем мұғалім. Олар қарапайым дәрігер, қарапайым мұғалім. Екеуі де ешқандай бастық емес. Оның барлығын билік істеп отыр», – деді ол билік партиясының жүргізіп отырған саясатын мақтауға дәлел-аргумент ретінде келтіріп.

Праймеризге қатыспай-ақ, партия көсемі Н.Назарбаевтың таңдауы түскендер ілігетін орталық-партиялық квотаға тиесілі 49 кандидаттың бірі ретінде мәжіліске депуаттаттықтан дәмелі Ерлан Саировтің сөзінше, «ешқандай бастық емес» мұғалім мен дәрігер 422-429 мың (қарашша және  айындағы орташа есеп – KASE / QT) теңге төңірегінде жалақы алады. Білдей бір Еуразиялық интеграция институтының директоры қызметінд атқаратын сарапшы бұл қарапайым мамандардың табысы екенін айтады.

;t=2106s

Үкім: Жалған

Бұл деректің рас-өтірігін анықтау мақсатында Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің ең соңғы деректерін ақтарып көрдік.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының  соңғы мәліметінше, Қазақстанның білім беру саласында 978 мыңға жуық, денсаулық сақтау саласында 421 мыңнан астам қызметкер бар.

«Еңбек және жұмыспен қамту статистикасы» 17-сериясындағы дерекке сәйкес, елдегі орташа атаулы айлық жалақы 204 330 теңге көлемінде.  Республика деңгейінде педагогика саласындағы жалақы 147 083 теңге, ал денсаулық сақтау саласындағы ай сайынғы орташа табыс  182 104 теңгеге тұрақтаған. Демек бүгінгі валюта бағымы негізінде аталған сала мамандарының орташа атаулы жалақысы 350-430 доллар шамасында: педагог-қызметкерлер 348$, медқызметкерлер 431$. Сарапшы Қазақстан көлемінде теліп айтқан көрсеткіштен әлдеқайда аз.

Саясаттанушының астанада тұратынын ескеріп, орташа жалақы жағынан Атырау өңірінен кейінгі екінші орынды иеленетін елордадағы көрсеткіштерге үңіліп көрелік. Нақтырақ айтсақ, астанадағы 47 мыңдай педагогтің барлығын бірге қарастырғанда әрқайсына атаулы жалақы мөлшері 239 290 теңге соммасында шығады. Елордалық денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметкерлердің ортақ табысы – 249 062 теңге.

2020 жылғы ІІІ тоқсандағы білім беру және медицина саласындағы қызметкерлердің саны мен олардың атаулы жалақысы

(ҚР ҰЭМ Статистика комитеті)

Қызметкерлердің нақты саны,

мың адам

Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы,

теңге

Барлығы (барлық сала бойынша)   3 512.3   204 330
Білім беру саласы    977.8   147 083
Мектепке дейінгі білім беру    186.8   81 809
Бастауыш білім беру (1-ші деңгей)    9.8   127 201
Орта білім беру (2-ші және 3-ші деңгейлер)    628.3   162 294
Жоғары білім беру (5-ші, 6-ші, 7-ші, 8-ші деңгейлер)    79.7   200 316
Білім берудің өзге де түрлері    69.4   125 591
Білім беру саласындағы қосалқы қызмет    3.8   166 738
Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласы    421.2   182 104
Денсаулық сақтау саласындағы қызмет    389.8   187 407
Аурухана ұйымдарының қызметі    236.4   193 928
Дәрігерлік практика және стоматология саласындағы қызмет    91.3   162 474
Денсаулық сақтау саласындағы өзге де қызмет    62.1   199 228

Дегенмен Саиров айтқан цифрға сай жалақы алатын дәрігерлер мен мұғалімдер жоқ емес. Жоғары санатты, біліктілігі мен тәжірибесі мол болуы, әртүрлі қосымша еңбегі үшін төленетін үстемақы есебінен бұл жалақыға қолы жеткендер де бар. Бірақ бұл шоу қонағы айтқандай республикалық орташа көрсеткішке жатпайды.

* Негізгі жалақыдан өзге білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу еңбек және білім беру заңнамаларының нормаларына сәйкес айқындалып,

  • білім деңгейіне;
  • біліктілігіне;
  • жұмыс өтіліне;
  • еңбек жағдайларына;
  • орындалатын жұмыс көлеміне байланысты жүргізіледі.

Мұны есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициентті базалық лауазымдық ақының (БЛА – 17 697 теңге) мөлшеріне көбейту қажет. Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының 18-қосымшасы мен «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 еселенген АЕК (бүгінде 1 АЕК – 2 778 теңге) мөлшерінде үстемақы белгіленген.

Сыныпқа жетекшілік ету (санаттар бойынша 9-10 теңге аралығында), дәптер мен жазбаша жұмыстарды тексеру (5-9 мың теңге аралығында), жаратылыстану-нақты ғылымдар пәндерін ағылшын тілінде меңгерту ( толық ағылшынша – БЛА-ның 200% мөлшеріне дейін,яғни 2 есеге дейін; ішінара ағылшынша – ағылшын тілінде ішінара БЛА-ның 100% мөлшері), баланы олимпиада-байқауларға дайындау, т.б. қосымша жұмыстар үшін үстемақы тағайындалады. Мұғалімдер еңбекақысының дұрыс есептелуін тегін онлайн калькулятор арқылы қадағалай алады. Калькулятор FavorIT сайтында орналасқан. Калькуляторды қолдану нұсқаулығымен мына жерден танысуға болады.

"The Qazaq Times"