Білім беру саласы адамды жалпы қалыптастырмайды, нақты қоғамда және сол қоғамға сәйкес адамды қалыптастырады.
1990 жылдары жоғарғы оқу орындарында реформалар жүргізілгені мәлім. Мемлекеттік оқу орындарында қосымша ақылы бөлімдер ашылып, халыққа ақылы қызмет көрсетіле бастады. Нарықтық экономикаға көшу Қазақстанда білім беру қызметі көлемінің күрт өсуіне әкеліп соқты да, сұраныс пен ұсынысқа байланысты бола бастады. Бірақ, білім беру және еңбек нарығының басқа нарықтан ерекшелігі сұраныс көлемі ұсыныс көлеміне тең емес. Егер еңбек нарығында ұсыныс көлемі сұраныс көлемінен көп болса, білім беру қызметі саласында керісінше, білімге деген сұраныс көлемі ұсыныстан көп.
Совет Үкіметі кезіндегі білім идеологияға көбірек негізделген және орталықтандырылған еді. Бұл жағдай әлемде кеңінен таралмаған. Бюджет тарапынан қаржыландырылатын тегін білім беру қызметінің ұсынысы шектеулі. Советтік экономика заманында білім беру халық шаруашылығы үшін мамандар даярлайтын материалдық емес өндіріс саласына жататын. Сондықтан профессионалдық білімге сұраныс көлемі ұсыныстан жоғары болатын.
Советтік экономика жоспарлы болғандықтан халық шаруашылығын ұйымдастыру процесі административті түрде жүзеге асты. Ал нарықтық экономикада халық шаруашылығын ұйымдастыру нарық заңына сүйенеді. Осыған байланысты білім беру тұрғын халыққа қызмет көрсету сипатына ие болды.
Нарықтық экономика оқытушыларға жоғарғы талап қоя бастады және жоғарғы оқу орындарының экономикалық жағдайының бюджеттік емес қаражатқа тәуелдігі артты. Студенттер саны ақылы білім қолжетімділігі артуы арқылы өсті. Сонымен қатар региондарда филиалдар ашылып, тұрғын халықты жоғарғы біліммен қамту аймағы ұлғайды.
Оқыту жүйесі күрделі өзгеріске ұшырады, еңбек ақы төлеуде материалдық теңсіздік кездесе бастады. Студенттер романтизмнен прагматизмге ауысты. Білімгерлердің сұранысы мен білім берушілердің ұсынысы арасында сәйкессіздіктер байқала бастады. Студенттер арасында білім алуға қызығушылық бәсеңдеп, құштарлық азайды. Кей жағдайларда жоғарғы оқу орнында алынған білім бітірушілердің өмір траекториясында өзінің шешуші рөліне ие бола алмады.
Жоғары оқу орны халық шаруашылығына кадрлар дайындау орнынан әлеуметтік «сақтау камерасына» айналуда. Себебі, кейбір жағдайда жастар жоғарғы оқу орнында сүйікті мамандығы бойынша білім алу үшін емес, әскер қатарында қызмет етпеу үшін немесе ауылда бос жүрмеу, қала қалу, әйтеуір бірдеме істей жүру үшін төрт жыл уақытын өткізеді. Осыған қарамастан, бұл жерде білім беру саласының жеке жағдайларда әлеуметтік позитивті ролін байқаймыз.
Ақылы білім беру саласының негізгі проблемалары мынадай: біріншіден, ақылы білім алатын студенттерді жоғарғы оқу орындарынан шығару жұмыссыздар санын көбейтіп, жастар арасында құқық бұзушылықтың артуына әкеліп соғуы мүмкін. Екіншіден, оқу ақысын төлей алмайтын студенттер төменгі деңгейлі жоғарғы оқу орындарына ауысуына байланысты білім сапасы төмендейді.
Білім беру саласы экономикалық және әлеуметтік маңызы бар «өнімді» өндіреді. Оны қалай бағалауға болады? Біріншіден, білімнің экономикалық нәтижесі адами капиталдың мөлшерімен, екіншіден, оқу бағдарламасын аяқтаған соң жеке адам бойындағы пайда болған оң өзгерістермен анықталады. Ал, «өнімнің» әлеуметтік маңызын түлектер арасында девиантты тәртіп элементтері қаншалықты байқалады, сол арқылы анықтауға болады.
Нарық заманындағы позитивті ерекшеліктердің бірі білім алуды қайта жалғастыру. Басқа мамандыққа қызығушылығын қанағаттандыру, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін көтеру, карьера жасау немесе жеке өмірінде жетістіктерге, табысқа жету үшін жоғары оқу орнына қосымша білім алуға түлектер қайта келе бастайды.
Мәселен, информатика және есептеу техникасы, техникалық мамандық өкілдерінің еңбек жалақысы жоғары және тұрақты орташа жалақы алуға мүмкіндіктері бар. Осыған байланысты олар екінші рет жоғарғы білім алу үшін көбінесе менеджмент, экономика, қаржы, құқық мамандықтарын таңдайды. Олардың қосымша білім алуға қызығушылықтары, талпынысы жоғары. Себебі техникалық мамандық иелеріне әлеуметтік білім алу бизнесті жүргізу, қаржылық және құқықтық сауатсыздықты жою қажеттілігінен туады. Қосымша білім алу – «болашақ үмітке» инвестиция жасау.
«Неге біз кедейміз?» деген сұраққа әлеуметтік айырбас моделін пайдаланып жауап беруге болады. Бұл модельдің негізгі элементтері өзекті орта, тұтынушылар, «соңғы өнім». Өзекті орта ол әлеуметтік институттар: мемлекет, мәдениет, отбасы, экономика, ғылым, білім, саясат, дін; әлемдік жүйе, өркениет, нарық; табиғат, экология; этникалық потенциал. Білім жүйесінің тұтынушылары тұрғын халық, мемлекет, жұмыс берушілер, тапсырыс берушілер.
Ал соңғы өнімі болып адам капиталы, білім беру қызметі, үлгілі тәртіп, денсаулық, әлеуметтік құрылым, қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігі. Осы үш элеметтің өзара байланысы әлеуметтік айырбас моделін мағынасын құрайды. Қоғамда білім беру саласы арқылы ресурстар алмасуын көрсетеді. Ресустардың тиімді түрде алмасуы арқылы қоғам өзінің келесі жоғарғы сатыға көтеріледі.
Білімнің қажетсіздігі немесе алынған білімнің тиімді пайдаланылмауы, сапасыздығы – ең үлкен әлеуметтік мәселе – кейбір мемлекеттердің кедейлігінің бір себебі болып саналады.
Кейбір жағдайда оқу орнын бітірушілер жоғары білімді қажет етпейтін мамандықтар бойынша жұмыс істейді, деквалификацияға ұрынады. Әрине жоғары білім болуы жұмысқа тұру үшін қажетті және жеткілікті шарт емес, бірақ өте жағымды, жақсы әсер ететін фактор.
Қалыптасқан әлеуметтік теңсіздік білім беру саласында әлі де жалғасуда. Жыл сайын студенттер қатары шамамен 68% жоғары статусты тұрғын халық, 32% төмен статусты тұрғын халық өкілдерімен толықтырылуда. Яғни төмен статусты тұрғын халық арасынан шыққан жастар екі есе аз. Сапалы білім кез келген тұрғын халықтың өкіліне қолжетімді деген көзқарас қазіргі заманға сәйкес емес.
Сапалы білім тұрғын халықтың кез келген өкіліне қолжетімді болуын өткір түсінгендер де болды. Мәселен, 1960 жылдары академик М.А. Лаврентьев Новосибирскдегі Академиялық қалашықтан ғылыми қызметкерлер мен студенттерді Совет Одағының түкпір-түпкіріне білімге құштар жасөспірімдерді іздеп, тауып келуге жібереді екен.
Білімнің қажетті болмай қалуының қандай себеп салдары болуы мүмкін? Әлеуметтік капитал сапасының төмендеуі эмиграция, наркомания, алкоголизмге әкеп соғуы мүмкін.
Әрине оқу жүйесіндегі реформалар пайдалы. Ол үшін оған сұраныс және оны іске асыруға қабілеті адамдар қерек. Мүмкін оқытушылардың жартысы білім беру саласын модернизациялауды қолдайтын шығар, бірақ олар жиі болатын реформалардан шаршаған.
Сонымен қатар, жоғары оқу орны оқытушыларының еңбек ақы деңгейі төмен, орташа жастары ұлғайған, қоғамдық ортада бұрынғыдай мәртебелі емес.
Адам капиталына салынатын негізгі инвестициялар – білім беру, өндіріске дайындау, денсаулық сақтау, тәрбиелеу, келесі ұрпақты қайта өндіріске баулу – білім беру саласында іске асады.
Білім беру саласы әлеуметтік ұтқырлық, қоғамның жіктелуі және қоғамның бірігуін қамтамасыз ететін зор күш. Ол сапалы әлеуметтік капиталды қалыптастырады. Сапалы әлеуметтік капиталға сұраныс артқанда білім беру саласы өркендейді деп ойлаймыз.
Ләззат Сейітқазықызы Спанқұлова
экономика ғылымдарының докторы, профессор
Нархоз Университеті, Қаржы және технологиялар мектебі
“The Qazaq Times”