Ұлыбритания парламентінің партияаралық тобы елдегі сайлау процестеріне араласқан Ресейге қарсы шара қолданбағаны үшін үкіметті сотқа берді.
Премьер-министр Борис Джонсон бастаған министрлер кабинетіне қарсы сот ісін алты парламентші: лорд Пол Страсбургер, лейбористік партияның депутаттары Бен Брэдшоу және Крис Брайант, Жасылдар партиясының өкілі Каролин Лукас, Шотландия ұлттық партиясының мүшесі Алин Смит және Баронесса мен Джейн Уиткрофт бастаған.
Үкіметті сотқа беруші тараптар 2014 жылы Шотландияда өткен тәуелсіздік және 2016 жылы Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы туралы референдумдарының нәтижелеріне ықпал ету әрекеттерін тергеуге құлық танытпауы – корольдіктің Еуропалық құқықтар туралы конвенцияға No1 хаттамаға сәйкес қабылдаған міндеттемелерін бұзу деп санайды. Осы құжаттың 3-бабы «еркін сайлау өткізуді» көздейді. Парламент мүшелерінің пікірінше, бұл ережені Ресей билігі бұзған.
Өздерінің үндеуіне олар 2010-2012 жж. саясаткер Питер Риккетстің куәгерлік мәлімдемесін де қосты. Ол – Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмеронның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған және 2000-2001 жылдары Бірлескен барлау комитетінің төрағасы болған.
Ұлыбритания парламентінің «Ресейдің іші саясатқа араласуы» туралы есебі
21 шілдеде Ұлыбритания парламентінің барлау және қауіпсіздік комитеті Ресей билігінің ішкі саясатқа араласуына қатысты есеп жариялады. Құжатта «Ресейдің Ұлыбританиядағы ықпалы қалыпты жағдайға айналған. Себебі бірнеше маңызды саяси оқиғаларға Мәскеудің тікелей қатысы бар. Бұған Ұлыбритания үкіметі тиісті шара қолдануы тиіс», – делінген.
Парламентшілер Ресей ұйымдасқан қылмыстық топтарды әр мемлекетке арнайы тапсырмамен жіберіп, «киберкеңістіктегі зиянды әрекеттерді» жүзеге асырады деп санайды. Сонымен қатар, комитет «Мәскеу Шотландияның тәуелсіздігі туралы 2014 жылғы референдумға және 2016 жылғы Brexit референдумына ықпал етпек» деген шағым жасады.
Ал Ресей билігі Мәскеудің Ұлыбританиядағы сайлауға араласпағанын мәлімдеді. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Біріккен Корольдік парламенттік комитетінің есебін «русофобия» деп бағалаған.