Солтүстік Кореяда билік құрып тұрған Еңбекшілер партиясының құрылғанына 75 жыл толған орайда ел орталығы Пиоңяңда (Пхеньян) дабыралы шара өтті. Шарада КХДР өзінің құрлықаралық баллистикалық зымыранын жұртқа көрсетті. Солтүстік Корея көрсеткен жаңа қару қандай? Одан үрейленуге негіз бар ма? АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея сарпашылары бұл туралы өз ойларын өз елдеріндегі БАҚ-ына бөліскен.
Бұл жаңа қару туралы Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim JongUn) биыл жыл басында, ел халқына жаңа жылдық жолдау жасағанда айтқан болатын. Ол Солтүстік Кореяның «әлемді таң қалдыратын заманауи ең озық қаруға» ие болу алдында тұрғанын, бұл жаңа қарудың «стратегиялық маңызы зор» екенін атаған еді. Сондай-ақ, бұл қару КХДР мен АҚШ қатынасына да ықпал ететіні туралы сөз еткен.
Шыны керек, сол тұста көптеген елдің сарапшылары, ақпарат құралдары оны ядролық қару туралы айтып отыр деп қабылдады. Алайда, бұл ядролық оқ тұмсық емес, құрлық аралық баллистикалық зымыран болып шықты. Бұл зымыран Солтүстік Кореядан атылса АҚШ территориясына еркін жете алады. Бұл Пиоңяңның Трамп саясатына қарсы бағыттаған қаруы.
АҚШ-тың зымыранға қарсы жүйесіне жаңа қауіп
Бұған дейін Солтүстік Корея екі рет құрлықаралық баллистикалық зымыранды сәтті сынап үлгерді. 2017 жылы сыналған алғашқы зымыран –Hwasong-14. 10 000 шақырым қашықтыққа дейін ұшып бара алатын Hwasong-14 Құрама Штаттың және Еуропаның жартысына дейін ядролық оқ тұмсықты жеткізуге қабылетті. Сол жылы тағы 13 мың шақырымға жете алатын Hwasong-15 те сәтті сынақтан өткен.
Жаңа зымыранның нақты қанша қашықтыққа ұшып жетері анық емес. Себебі, ол әлі толық сынақтан өткен жоқ, бірақ, олған Hwasong-15 жүйесі қолданылатыны белгілі. Солтүстік Корея жаңа зымыранның ұшу аралығын ұзартқан болуы мүмкін деген алғашқы болжамдар бар. Бұған қоса Солтүстік Корея ядролық оқ тұмсығы бар бірнеше зымыранды қатар ұшыру техникасын дамытуға күш салып жатыр. Дәл бұл мәселе АҚШ-тың әуе қорғаныс жүйесін жаңа сынаққа тап қылмақ.
Әскери мамандардың назарын аударған тасымал көліктері
Солтүстік Корея бұған дейін өзінің баллистикалық зымырандары және ядролық қарулары арқылы өзгелерді қорқытып келгенімен, зымыран ұшыру жүйесінің кемшілігі олардың басты әлсіздігі қатарлы айтылған. АҚШ әскери барлау қызметі әр кездегі барлау жұмыстарының нәтижесінде Солтүстік Кореяда зымыран ұшыру жүйесінен 6 данасы бар екенін анықтаған. Былайша айтқанда, бір уақытта 12 зымыран ұшыруға мүмкіндігі бар. Бұған Құрама Штаттардың әуе қорғаныс жүйесі толық тосқауыл бола алады деген болжамдарда айтылған.
Бірақ, кезекті әскери шеруде КХДР өзінің жаңа зымыран ұшыру жүйесін (зымыранды тасушы және ұшырушы көлік) көрсетті. Бұл әскери мамандардың назарын аударған түйін еді. Бұдан 10 жыл бұрын Солтүстік Корея Қытайдан заңсыз жолмен ауыр әскери тасымал көліктерін сатып алды. Ол көліктер Солтүстік Кореяда жаңартылып жаңа зымыран тасымалдаушы көліктерге айналған. Пиоңяң бұған дейін де заңсыз жолдармен ірі техникаларды сатып алуда тәжірибелі.
Былайша айтқанда, Солтүстік Корея өзінің заңсыз жолдармен техникаларды сатып алып, оны күрделі өзгертулер арқылы әскери техникаға айналдыра алатынын байқатты. Осының бәрі санкция қысымдарына қарамай жүзеге асырылып жатуы да Солтүстік Кореяның ел шамалаған деңгейде еместігін де аңғартса керек. Бірқатар елдің әскери сала мамандары осы мәселеге баса назар аударып, Пиоңяңның кезекті қадамында қауіптенуге негіз бар екенін алға тартуда.