Сейсенбіде, 39 елдің БҰҰ-дағы дипломаттары Қытай үкіметі Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасап жатқан қысымын айыптады. Бұндай ауқымды қарсылыққа Бейжің тарабы ашулы жауап қайтарды, әрі наразылықтың артында Америка Құрама Штаттары тұрғанын айтып шағынды.
39 елдің атынан сөйлеген Германияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Кристоф Хейзген болды. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясындағы әлеуметтік, гуманитарлық және мәдени мәселелерді талқыға салған үшінші секциясында Қытайдың Шыңжаң мен Тибет жеріндегі этникалық және діни азшылықтарға жасаған қысымын сынға алды. «Біз Қытайды адам құқықтарын құрметтеуге, әсіресе Шыңжаң мен Тибет автономиясындағы этиникалық және діни азшылықтардың құқығын құрметтеуге шақырамыз», – деді Кристоф Хейзген сөзінде.
Германия өкілі Шыңжаңда адам құқықтарының бұзылуы туралы мәліметтердің жиілегеніне алаңдаушылық білдірді. «Шыңжаңда діни наным-сенім мен ұлттық салт-санаға, жүріп-тұру еркіндігіне қатаң шектеулер бар. Кең ауқымды қадағалаулар ұйғыр және өзгеде аз санды ұлттарды нысанаға алуда. Мәжбүрлі еңбектен тыс, стерилизация және жүктілікті бақылауға алу сынды өрескел жағдайлар көбеюде», – деді Хейзген сөзінде.
Бас Ассамблеяның отырысынан кейінгі баспасөз жиынында Кристоф Хейзген Бейжіңді Шыңжаң мен Тибет жеріндегі лагерлерді жабуға шақырды. Былтыр Шыңжаң мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, Бейжіңді аз санды ұлттарға қысымды тоқтатуға шақырған елдер саны 23 болса, биыл екі есеге жуық көбейген. Германия өкілі Бейжіңге бұны «айқын белгі» деп ескертті. «Бейжіңнің Шыңжаңға деген саясаты барған сайын назар аудартып, әлемнің алаңдаушылығын тудыруда. Мен атап өткен сандар мақсатты түрде сандарды зорайтып көрсету емес, 39 ел Қытайға алдын ала сигнал жолдады десе де болады. Бұл сигнал арқылы біз Қытайды Шыңжаңдағы лагерлерді жабуға, мешіттер мен діни орындарды бұзуды тоқтатуға, мәжбүрлі еңбекті тоқтатуды және босануды күшпен басқаруды тоқтатуға талап етеміз», – деді.
Германиямен қатар Британ өкілі де Қытайды тәуелсіз халықаралық комиссияның Шыңжаңға баруын қабылдауды сұраған. Бұған қоса баспасөз жиыны кезінде Қытайдың 30 маусымда қабылдаған даулы Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заңы да сынға алынды. Британ өкілі бұл заң Гонконгтың автономия құқығын шектеп, қала тұрғындарының наразылығын басып-жаншуға мүмкіндік берді деп айыптады.