Сәрсенбінің таңында Алматы қаласында 2, астанада 5 адамнан инфекция табылғаны хабарланды.

Соңғы деректі қоса есептегенде, елде барлығы 79 науқас қатерлі инфекция жұқтырған.  Олар, астанада – 41, Алматы қаласында – 31, Қарағанды қаласында – екі, Алматы облысында – бір, СҚО мен Ақтөбе облысында – бір-бірден, Шымкент қаласында бір адам ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ пациенттермен байланыста болған немесе болуы мүмкін мыңдаған адам  үйде немесе стационарлық карантинде жатыр.

Жауапты ведомствоның хабарлауынша, 24 наурыз кешке тіркелген науқас 1996 жылғы Шымкент тұрғыны астанадан автобуспен келген. Бейресми ақпаратқа қарағанда, ол астанада карантин жабылар кезде Шымкентке қарай жолға шыққан, ал үшінші мегаполиске автобуспен жетуге кем дегенде бір тәулік кетеді. Ал Жамбыл облысында тіркелген азамат Қырғызстанға қатынайтын жүргізуші екені айтылды.

 

Сарапшылар мен министрлер болжамы

Ұлыстың ұлы күні Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы COVID-19 инфекциясының моделі бойынша 10 сәуірге қарай Қазақстанда тіркелген науқастар саны 17 мыңға жететіні жөніндегі пессимистік болжамын бөліскен еді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook желісіндегі ресми парағында індеттің шарықтау шегі, пик кезеңі сәуір айының алғашқы онкүндігінде өтіп, кейін бәсеңдейтінін мәлімдеді. Бас дәрігердің сөзінше, «қабалданған шешімдердің арқасында аурудың тарауы шамамен 50%-ға азайған» көрінеді.

«Алдағы уақытта да карантин тыйымын қатаң сақтау өте маңызды. Шара күшейтіліп, жалғасуы мүмкін. Бұл дерттің тарауын алдын алатын ең төте жол», – деді Біртанов.

Тоқаевтың ресми пәрменімен індет жөніндегі ақпаратты жариялау «құқығын иемденген» ақпарат министрі Дәурен Абаев дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде ТЖ мерзімі нақты еместігін айтқан. Әлемнің өркениетті озық елдері кеңінен қолданып жатқан мемлекет тарапынан азаматтарға жәрдемақы беруді «жүйесіз популистік әдіс» деп санайтын министр брифингте:

«Қазақстанда вирус жұқтырғандар әлі өсіп, шегіне жетеді. Одан кейін вирус жұқтырғандар саны азаяды. Мұның бәрі бір айдың ішінде аяқталады деп үміттенеміз», – деп болжаған.

 

Қайта ойлануға мәжбүр әлемнің ахуалы

Dadax комерциялық емес компаниясына қарасты Worldometer статистикалық ақпараттар базасының соңғы дерегі бойынша, әлем жұртшылығын елеңдетіп, экономикасын тұралатқан COVID-19 індетіне шалдыққандар саны – 420 мыңнан асып, қаза болғандар 19 мыңға жуықтаған. Сейсенбі күні, 24 наурызда АҚШ-та бірден 11 мың, Испанияда 7 мыңға жуық, ең көп зардап шеккен Италияда 5 мың, сондай-ақ Германияда 4 мыңдай науқас анықталған.

Болжамын жеткізерде сөзден жаңылған бұрынғы атышулы бас санитар Бекшиннің орнына келген жаңа басшының 24 наурыз кешкілік «ауру атласына» байланысты жаңа қаулы шығарды. Дерт дендеген 1А санатындағы елдерге Франция, Иран, Италия, Испания, Германия, Үндістан, Тайланд, Малайзия, БАӘ, Шри-Ланка, Египет енді. Енді аталған елдерден келген азаматтар арнайы орындарда 14 тәулік карантинде жатады. Ал 1Б санатына коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген өзге барлық елдер жатады.

Әлемнің бірқатар елінде жағдай қиындап, апта басынан бері Британия, Испания, Франция, Өзбекстан, АҚШ-тың бірнеше штаттары қатаң режимдегі карантин жариялап үлгерді.

Жұқтырушыларды тіркеу динамикасына қарағанда, бірінші 100 мың науқас алғашқы 67 күнде, екінші жүзмыңдық 11 күнде, кейінгі 100 мың пациент 4 күнде, ал соңғы жүздік бір-ақ күнде тіркелгенін байқауға болады. Халықаралық ВВС медиакорпорациясы сарапшыларының болжауынша, инфекцияның жұғуы осы қарқында жалғаса берсе, онда 27 наурыз COVID-19 жұқтырушылар қатары 1 миллионға дейін өсуі ықтимал.

"The Qazaq Times"