Әлемдік пандемия коронавирус Қазақстаннан табылғаны ресми расталған тұста  ҚХР елшісі Чжан Сяо өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақтарында «белгісіз ел билігін» сынап жады.  

Facebook пен Twitter желісіне қатар жарияланған жазбада екіұшты бағытта «геосаяси ойын, ішкі саясат пен Қытайды қаралаудан қолдарыңыз тимеді», «індет тарай бастаған кезде не бітіріп жүрдіңіздер?» деп жекиді. Елші «Қытайлар әлемнің бүкіл еліне, оның ішінде сіздерге ұтып берген алтын уақытты босқа сарп еттіңіздер» деп айыптай сөйлейді.

«Денсаулық сақтау саласы шенеуніктерінің індеттің алдын алу жөніндегі ескертулерін «жалған» деп, ахуалды бақылауда ұстап отырмыз дедіңіздер. Ал қазір вирус штаттардың көпшілігіне тарап, 40 адам қаза болғанда, бірден бөрікті аспанға атуды қойып, абдырап қалдыңыздар» деп Уашиңтон жағын атайды.

Чжан Сяо індетке қарсы жедел іс-қимылды қолға алудың орнына «Қытайға кінә артып, оны қытай вирусы деп атаған» АҚШ-ты сынайды. «Кінәліні іздеуді қою керек. Сіздерде маска, қолғап, тестер мен қажет техника жетіспейді. Қор нарығы құлдырап жатыр. Бұған да Қытай кінәлі ме?» – дейді «қызба» елші.

Сяо өзінің орыс тіліндегі жазбасында Америка құрамындағы «штаттар» сөзін бір-ақ рет қолданған.  бір рет қана атаған елші пікірін толықтай орыс тілінде жазған. Бір қызығы, жазба Ақүйге қарата жазылған болса, оны АҚШ-тағы Қытай елшісі Суй Тянькай емес, америкалықтар түсінбейтін орыс тілінде Қазақстандағы ҚХР өкілі Чжан Сяоның жазуында қандай мән болуы мүмкін деген орынды сұрақ туады. АҚШ-тағы Қытай Халық Республикасының Елшілігінің (Embassy of The People's Republic of China in the United States) ресми парағында жарияланбаған айыптау мәніндегі үндеу неліктен Қазақстандағы елшінің атынан жазылды?

Қазақстандықтар көзқарасында «ашушаң» елші атанған Чжан Сяоның «ақылы төгіліп», өршелене жазған жазбасы аз емес. Ол бұған дейін «елші» деген лауазымына қарамастан, кейісін көптің алдында жайып салған. Мәселен, Қытай зауыттары мен «шарты аз, кепілі зор» инвестициясына халық тарпынан наразылық өршіген тұста, Шыңжаң қазақтарының қысым көріп жатқанын әлемдік ақпарат көздеріне дәйекпен мәлімдеген кейіпкер-куәгерлерінің сөзін этикаға қайшы ырғақпен «арандатуға» балап, жоққа шығарған еді.

Жуырда ғана Қазақстанда үні қуатты қоғамдық резонанс тудырған «Сайрагүл Сауытбайдың ісі» халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарын аудартып, АҚШ мемлекеттік департаментінің «колония көрген» этникалық қазақты «Батыл әйел» сыйлығымен марапаттауын Сяо «арандату, күйе жағу» деп бағалаған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының сөзі «Қазақстанға қатысты «орынсыз ашу шақырып, от шашып» жүрген елші жергілікті халықтың «ашумен басталған іс абыройсыз аяқталады» деген нақылын ақылына тоқып алса» дегенге саяды. «Ел шамына жиі тиетін елшінің тілін тартқызу керек» деп санайтын қазақстандықтар билікті одан сенім грамотасын қайтарып алуға шақырады.

Тіпті ол Помпеоға қарата жазған сөзінде «...сіздер Қазақстанда бір шақырым жол төсеп я бір көпір салдыңыздар ма? Егер шынымен қазақстандықтарға жандарыңыз ашыса, Қазақстанның ең табысты саласы мұнайға ғана көңіл бөлмей, Қазақстанның индустриясы мен инфраструктурасына да ақша құюға назар аударсаңыздар. Қытай сияқты елдің экономикасына ақша құюға дәттеріңіз жете ме?» деп, Бейжіңнің астанаға «қол ұшын созып, болысқанын» міндет еткендей, түртіп алғандай сыңай білдіреді.

АҚШ не Қазақстанға қарата жазғаны анық емес жазбаға мамандар филологиялық-саяси сараптама жасау қажет дейді наразы азаматтық қоғам өкілдері.

30 жылдан астам Бейжіңнің СІМ саласында қызмет етіп келе жатқан Чжан Сяо бұрындары Украина, Белорусь, Ресей, Өзбекстан елдеріндегі Қытай елшілігінде әртүрлі лауазымда қызмет атқарған. Ол 2018 жылғы 31 тамыздан бері дамушы-үшінші елдерді «инвестициялағыш» державаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елші қызметінде.

"The Qazaq Times"