Жуырда ғана 43 жасқа толған, "өлімінің саяси астары бар" делінетін астаналық азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің жаназасына мыңнан астам адам жиналды.
Ақмола облысындағы Талапкер ауылының мешітінде өткен жаназа кезінде бірқатар белсенділер арнайылап сөз сөйледі. Белгілі журналист Рысбек Сәрсенбайұлы "37 жылғы қудалаудың қайта жанданғанын" еске алып, "Дулат Ағаділдің өлімі сұраусыз қалмайды" деп ескертті.
Марқұм Ағаділдің ту ораған табытын елдің әр өңірінен жиналған азаматтар бір шақырым жердегі зиратқа жаяу көтеріп барды. Ашынған жұрт "әділдік", "жүйе қиянаты", "бостандық", "шал, кет" деп айқайлап ұрандасты.
Марқұмды еске алуға арналған қаралы жиын жауын сіркіреп тұрған Алматыда да өтіп жатыр.
Соңғы бейнеүндеуінің бірінде "өзінің ішімдік ішпейтінін, темекі тартпайтынын, билік кез келген әдіспен өлтіруі мүмкін екенін" ескерткен Дулат Ағаділдің белсенділер оның бұрын соңды «жүрек талмасымен» ауырмағанын айтады.
Белсендінің қаза болғаны хабар тараған күннен бері астанада, Алматы және Шымкент қаласында жұрт наразылыққа шыққан. Алғашқы күні-ақ елордада елуге жуық белсендіні полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев бастаған жасақ төрт автобусқа күшпен тиеп алып кеткен еді. Ал кешкілік Алматыдағы Целинный кинотеатрының маңына жиналған 50-60 шақты белсенді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, қала прокуроры Бауыржан Жүрекбаев мен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына талап арыз жазып, БАҚ арқылы ресми түрде жауап беруін сұраған болатын.
24 ақпан кешкісін сағат 20:48-де формасыз келген бір топ полицей "сотқа тіл тигізді" деген айыппен Дулат Ағаділді «ешқайда кетпеу» туралы шарасы ретінде үйінен алып кеткен еді. Бірақ бар болғаны 30 шақырымға жетер-жетпес қашықтықтағы изоляторға түнгі сағат 00:00 шамасында жеткізіп, абақтыға жапқан.
Құзырлы органдар 25 ақпан кешкісін өткен брифингте азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап ете жүріп бірнеше рет сотталған белсенді Ағаділов өлімінің себебін «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі» деп атады.