Трамп пен оның президент әкімшілігі Ауғанстандағы «Талибан» ұйымымен бейбіт келісімге келуге жақын тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, АҚШ тарабы тәліптермен келіскен «Ауғанстандағы зорлық-зомбылықты азайту» деп аталатын уақытша атысты тоқтату шартты мерзімі қазірге дейін «жақсы орындалып жатыр» деп бағалайды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістандағы ресми сапарының соңында да Ауғанстан мәселесіне тоқталды. Ол Ауғанстан бейбітшілігін жан-жақты қолдайтынын, бұл жаңа қадамдар Жаңа-Дели үшін де «қуанарлық» іс екенін айтты. Тәліптермен арадағы қол жеткізген келісімдер туралы айта келіп, президент Трамп: «Біз жақын тұрмыз, не болатынын көреміз», – деді.
29 ақпанда тараптар Катардың Доха қаласында қайталай кездеседі. Оған дейін тараптар оқ атыспау келісімін сақтаса соңғы бейбітшілік келісіміне қол қойылады. Бұл келісім АҚШ-тың 13 мыңнан астам әскерінің Ауғанстаннан шығарылуына алып келеді деген мәліметтер де бар. Осылайша, АҚШ өзінің Ауғанстандағы соғысын тоқтатқан болып көрінбек.
АҚШ тәліптермен 18 ай бойы келіссөз жүргізді. Катар екі тарапқа келіссөз үстелін әзірлеп берді. Бұл келісім мазмұндарында АҚШ-пен одақтас шетелдік күштердің Ауғанстаннан шегінуі туралы да тармақтардың бар екенін Катар ақпарат құралдарында жазылып жатыр. Ал, енді АҚШ әскерінің толық шегінетіні әлде 8600 адамға қысқаруы туралы соңғы шешім шыққан жоқ. Сондай-ақ, келісімге сай тәліптер терроризмге қарсы күресуге міндет алмақ. Бұл да болса келісімнің назар аударарлық тармақтарының бірі. Келісім Ауғанстанның ішкі диалогына да оң ықпал жасайды деген болжамдар да бар.
Тәліптермен уақытша атысты тоқтату келісімі атқарылып жатқан тұста, АҚШ әскери күштер елдегі өздерін «Ислам мемлекеті» террорлық тобына қарсы әуе соққыларын жасаған.
Ауғанстанда 19 жылға жалғасқан соғысы кезінде АҚШ 1 триллион доллар көлемінде шығынға ұшырады және ауған жерінде 2400-ге жуық жауынгері қаза тапты.