Мюнхендегі үш күнге созылған қауіпсіздік бойынша 56-шы конференция аяқталды. Жиынға 35-ке жуық мемлекет және үкімет басшылары, 100-ге жуық Сыртқы істер және қорғаныс министрлері қатысты. Жаһандық тақырыптар талқыға түскен жиындағы негізгі мәлімдемелерді назарларыңызға ұсынамыз.
Конференцияның күн тәртібінде «ЕО мен НАТО болашағы», «Киберқауіпсіздік», «Денсаулық сақтау мәселелері», «Сауда соғыстары мен санкциялар», «Жалған ақпарат, насихат пен күмәнді жаңалықтар», «Таяу Шығыстағы ахуал», сондай-ақ Еуропалық одақ, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастар тақырыптары талқыланды.
Жиынның соңғы күні Ливия мәселесі бойынша халықаралық кездесу өткізілді. Оған АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Түркия, Ресей, Египет, Алжир, Қытай, БАӘ, Конго Республикасы, Тунис, сондай-ақ БҰҰ, Африка одағы және Араб Мемлекеттері Лигасының өкілдері қатысты.
Алдағы жылдары ЕО құрамына енуді көздеп отырған Украина президенті Владимир Зеленский биыл қазанда Украина аумағында, соның ішінде Киевке қарасты Донбасс пен Қырымда жергілікті сайлау өтетінін хабарлады. Франция президенті Макрон Еуропалық одақ құрамындағы елдерін Ресеймен серіктес болуға үндеді. Ал Еуроодақ дипломатиясының басшысы Джозеф Боррель Еуропалық одақ АҚШ-тың принциптеріне қайшы келетін іс-қимылдан барынша аулақ болуы тиіс деп мәлімдеді.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Huawei және басқа да қытайлық компаниялар тыңшылық, барлау қызметін атқарады деп кесіп айтты. Сол себепті АҚШ Huawei орнына 5g заманауи телекоммуникациялық желілерін дамыту керек деді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияда «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбында өткен панельдік пікірталасқа қатысты. Президент Тоқаев пікірталас кезінде: «Жер көлемі бойынша тоғызыншы орындағы Қазақстан Республикасы туралы айтатын болсақ, Қытай мен Ресейдің ортасында орналасу – мүмкіндік. Біз екі елмен көршілес болу арқылы көптеген мүмкіндікке ие болдық. Сонымен бірге, Орталық Азияның көп бөлігін иемдену де географиялық ерекшелік. Менің ойымша, Орталық Азия өзінің геосаяси маңызын жоғалтпайды», – деді. Шарада БҰҰ беделі мен астана процесі де талқыланды.
Таулы Қарабах дауы
Армения мен Әзербайжан басшылары Таулы Қарабах мәселесін талқылады. Армения премьер-министрі Никол Пашинян: «Соңғы 25-30 жылда кездескен сайын бір нәрсені қайталай береміз. Менің ойымша, халықаралық қауымдастық бір нәрсені ести бергеннен әбден шаршады, бізге жаңа идея керек», – деді. Тараптардың ортақ келуі жөнінде пікір білдірген Ильхам Әлиев: «Таулы Қарабах бұл Әзербайжанның бір бөлігі, бұл тарихи шындық...териториялық тұтастығын бүкіл әлем мойындаған және Таулы Қарабах Әзербайжанның ажырамас бөлігі», – деді. Мюнхендегі жиында отыз жылдан астам уақытқа созылған мәселе туралы ресми өкілдердің бас қосуы – әлемдік БАҚ назарына енді.
Армения мен Әзербайжан арасындағы дау 1988 жылдың ақпанында Таулы Қарабах автономия аумағы Әзербайжан құрамынан шығатыны туралы мәлімдеген кезде басталды. 1992-1993 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабах пен оған қарасты жеті ауданнан айырылды. 1992 жылдан бастап ОБСЕ-нің Минск тобының аясында осы дауды бейбіт жолмен реттеуге қатысты келіссөздер жүргізіліп келеді. Екі ел ара-қатынасын шиеленісті жағдайға жеткізген мәселенің реттеуге Ресей, АҚШ және Франция елдері де атсалысып келгенмен, аталған аймаққа қатысты даудың ендігі барысы болашақтың еншісінде.
Сүрия дағдарысы
Ресей мен Түркияның сыртқы істер министрлері Сүриядағы жағдайды кеңінен талқылап, осы мәселе бойынша бүгін Түркия делегациясы Мәскеуге баратынын мәлім Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мюнхен конференциясында әлем елдерін Ресейге қарсы қоюды доғарып, Еуропадағы қауіпсіздік мәселелерін реттеуді ұсынды. Ал Түркия Сыртқы істер министрі Чавушоглу ресейлік С-400 техникасын сөз етті.
Ресей СІМ айтуынша, Мәскеу Сүриядағы жағдайды қатаң бақылап отыр. 2014 жылы АҚШ терроризмге қарсы күрес ұранымен Сүрияға әскерін кіргізсе, Ресей 2015 жылы қыркүйекте аймақтағы соғыс алаңына қосылған. Ресей Башар Асадтың әскери күштеріне қолдау көрсетіп, «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымын бомбалау міндетін мойнына алды. Ал Асад режиміне бұрыннан қарсы АҚШ-тың мемлекеттік күштермен күрес жүргізіп отырған күрдтер, өзге де ислам топтарын қару-жарақпен қамтамасыз еткендігі туралы мәліметтер бар. Көршілес Сүрияда күрдтердің күшейе түскенінен «қорыққан» Түркия 2016 жылы тамызда қарулы қақтығысқа араласты.
Дүниежүзін алаңдатқан дерт
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адан Гебрейесус короновирустың қаупі әлі де жоғары екенін және Қытай тарапы бұл ретте мәліметтерді жасырып отырғанын айтты. Шетелдік сарапшылар аталған дерт әлем экономикасын дағдарысқа ұшыруы мүмкін дейді.
Соңғы ресми дерекке қарағанда, Қытайда ауру жұқтырушылармен қатынаста болған 150,5 мың адам дәрігерлердің қатаң бақылауына алынған. Тағы 7,2 мың адам коронавирус күдігімен карантинге жатқызылды. Медицина мамандарының бағалауынша, елде 10,6 мың науқастың жағдайы тым ауыр.