(жалғасы, басы өткен шығарылымда)

      «Мән бермеппін жер атына бұрын мен, Кездерім көп мән бермеуден сүрінген»

(Ж. Нәжімеденов.)

Бүкіл тіршілік атаулының тұрақ мекені болған жұмыр жердің төсінде қайнаған тіршілік базары сан жүз мыңдаған ғасырлар желісінде өсіп өркендеумен, дамып, өзгеріп толысу жолымен тарих керуені тоқтаусыз жылжуда. Адамзат нәсілі шыр етіп жерге түсіп, кіндік қаны тамған қастерлі атамекенінде тілі шығып, өмір үшін күрес жолында санасы оянып, сан салалы білім, тәжірибе жинақтау үстінде дүниетанымының көкжиегі кеңейе қорлануымен қатар, оның тарихи есі (жады) де биіктеп келеді. Әрі бұл – тоқтаусыз, толассыз өсе беретін эволюциялық даму үстіндегі жанды құбылыс.

Қазіргі кезеңде қоғамдық пікірде тарихи ес мәселесіне айрықша мән беріліп, жіті назар аударылуда. Тарихи зерденің елеулі бір саласы ретінде танылған адамзат баласының тербеліп өскен тал бесігі – Жер-ананың географиялық елді мекен атауларына дейін – бәрі де қоғамдық пікірде қайта екшеліп, сын көзімен қаралып, жаңаша мән-мағына берілуде.

Осы тұрғыдан қозғау салып пікір таратар толғағы жеткен мәселенің бірі – халқымыздың кіндік қаны тамған атамекен, жер атаулары жайында болмақ. Себебі географиялық жер атаулары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жалғаса тұрақтанған топонимдердің «жер тарихы – ел тарихы» деп танылған тарихи есінің бір көрінісіне жатады. Халқының осы даналық ой-толғанысын тереңнен ұғынған айтулы ұлы Шоқан Уәлиханов: «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты адам аттары, жер-су атаулары, тағы басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады»[1], – деп, мән бере жазуында айтарлықтай терең мағыналы ғылыми ой тамыры жатыр. Яғни тарихи естегі жалғастық дәстүрі үзілген жерде рухани тіршілігі үзіліс табады деген сөз. К. Г. Паустовскийдің айтуынша «Жер атаулары дегеніміз – халықтың өз елін ақындық тілмен бедерлеуі. Бұлар – халықтың мінез-құлқы тарихы, ой аңсары мен тұрмыс-салт ерекшеліктері туралы шертеді».

Тіл қандай көне қоғамдық санаға жатса, атамекен, жер-су атаулары да сондай есте жоқ ескі замандар қатпарында жатқан мәңгілікке сақталған тарихи есіміздің айтулы бір саласы болғандықтан білікті ақын Зиябек Рүстемовтің:

Болсам да өзім жастау елім кәрі,

Әрине, елімнен де жерім кәрі.

Кәрі ел, кәрі жер мен кәрі салттың,

Үйреткен кәрілікке мені бәрі, –

деп тебірене сыр төгуінде терең мағыналы ой жатыр.

Өте көне замандар түпкірінен дәл бүгінге дейін атамекен, жер-су атауларының санамызда бекіп қалыптасу жолы мен әрқилы сан алуан тарихы сапырылыстардың, алабөтен саяси-әлеуметтік ірі оқиғалардың, жаңаша дүниетанымдардың әсерімен алмасып, өзгерістерге түсіп жатуы да заңды құбылыс. Бірақ осылардың арасынан жер-су, елді мекендер атауларының тез алмасып өзгеріске түсуіне әкелетін елеулі себептер, көбінесе, жаугершілік, отаршылдық, жаулап алушылық, әрекеттерімен тікелей байланыста жататыны да тарихи шындық. Біздің жыл санауымызға дейінгі кезеңнен бүгінге дейінгі қазақ даласындағы географиялық жер атауларының тарихи қабатында жатқан жеті түрлі қатпарлы тарих көшінің ізін көреміз. Егер бұл қанды қол іздер тарихын ғылыми тұрғыдан тани алсақ, «жер тарихы – ел тарихы» деген халық даналығына іштей мән берерлік терең шындық көріне бастайды.

Атамекен жеріміздегі топонимикалық атаулардың шығар көзі ғасырлар бойы фольклор мен эпостық, тарихи жыр дастаңдар арқылы тарих көшінде жиі алмасқан ұрпақтар санасыңда сақталып, жалғастық дәстүр негізінде тұрақтанып қорланатын тарихи естің жиынтығы іспеттес нәрсе. Түркі халқының тарих сахнасына шығып, мемлекет құрған кезеңі Түрік қағанаты дәуіріндегі елді мекен, жер-су атаулары тікелей сол халықтың ана тілінде жасалып, саф алтындай қоспасыз таза сақталған түрін тасқа мәңгілікке қашалып жазылған Орхон-Енисей жазба ескерткіштері талассыз айғақтап отыр емес пе? Осы жазба ескерткіште көрініс берген топонимикалық атаулардың бір ерекшелігі – олардың жеке кісі атына қойылмай, жер рельефінің табиғи ғажап көріністерін көркем де образды ұғымдармен ажарлап беру жағының басым жатуында. Мысалы, Інжу өзен (Сырдария), Түн жазығы, Темір қақпа, Жасыл өзен, Көгман, Қарақұм, т. б. ақындық сезім көрігінде сомдалып бедерленген атаулардың бәрі де жер рельефінің шырайлы көрінісін көз алдына кестелеп тартатыны бар. Бұл ғажайып өзіндік табиғи дәстүр қазақ топонимикасында жалғастық тауып, жер атын бейнелі көркем образ, шындық ұғыммен беру салты атап айтуға тұрарлықтай ерен құбылыс. Өйткені халық ғасырлар бойы көшіп қонып жаз жайлап, қыс қыстап келген атамекен атауларын көбінесе жер рельефі мен пейзаждық болмысына сай ерекшеліктеріне орай өте дәл, сындарлы көркем ұғымдармен бедерлеуге ерекше мән бере қараған шығармашылық әрекетті танытады.

Ал кейбір халықтарда гидроним, ороним, ойконим, этноним саласындағы атауларды қою практикасында жеке кісі атына сәйкес қою жағы басым жататын ерекшелікті де аңғартады. Жеке кісі аты (антропонимдер) демекші, бір халықтың құрамындағы адам есімдері мен фамилиясына қарап отырып, олардың мағынасы мен беретін мәніне қарай жіктеп-жүйелегенде, ол антропонимдік атаулардың сан қырлы қатпарларыңда сол халықтың басынан өткен әртүрлі тарихи және саяси-әлеуметтік өзгерістердің себептерін танып білуге септігін тигізетін тарихи іздер табы ұшырасады. Бұл іспеттес құбылыстың өзіміздің туған жер, атамекен аттарына қойылған топономикалық атаулар мен антропонимдер табиғатына ой жіберіп, себептерін білуге ұмтылған әрбір саналы ойлы жас – оның көне қабаттарында қатпарланып сыр бүгіп жатқан астарлы ұғымдардың құпиясын ашып, жабулы сырын ұғынып, себеп-салдарын білуге көз жеткізе алады

Қазақстан картасындағы апайтес алып даланың бойында сан мыңдаған топонимикалық атаулардың XIX ғасыр аяғына дейінгі құрамдары мен тарихи қабаттарын ашып зерттей қарасақ, географиялық жер атауларының басым жағы байырғы қазақ тілі негізінде жатқаны анық.

Қазақ жеріндегі топонимикалық атаулардың сіресіп жатқан тарихи қабаттарын ашып, олардың қатпаршақтарын жазғанда ұшырасатын: қытай, грек, парсы, араб, моңғол, қалмақ, орыс тілдерінде қойылған жер атаулары кейде бірен-саран, ілуде бір кездесіп отырса, кейде олардың қарасы қоюланып түйдектеле түсетін тұстары да баршылық. Әрине, бұлардың арғы төркінінде қазақ даласында болып, өткен айтулы оқиғалар мен тарихи жағдайлардан келіп туындаған географиялық жер атауларының қойылу, өзгерілу, алмасу себептері жатыр.

1

Ұлы дала төсінде көшіп-қонып тіршілік еткен қазақ халқының атамекен, жер атауларының ең көне қабаттарында жатқан бөгде ел, бөтен тілден белгі болып қалған бірлі-жарымды, сирек ұшырасатыны қытай тіліңдегі топонимикалық атаулар дер едім. Қытай тіліндегі жер атауларының мүлде некен-саяқ түрде сақталуының да белгілі бір себептері болса керек-ті. Өйткені б. э. д. Іле мен Сыр аралығында жасап келген көне дәуірдегі Үйсін, Қаңлы немесе Ұлы Қытай қорғанына дейінгі жердегі көшпенді Ғұн мемлекетінің, не V-VIII ғасырларда тарих сахнасына шыққан Түрік қағанатының болсын Қытай империясымен қарым-қатынас, дипломатиялық байланысы әрқилы тарихи жағдайға орай бірде бейбіт, бірде қақтығыста болып келген. Бірақ Қытай империясының идеологиялық ықпалын бойларына дарытпай екі араны алшақ ұстаған. Нешеме ғасырлар бойы түркі халықтары Қытай империясымен арақатысында бірде басым түсіп, бірде шегіне жүрсе де, қытай дипломатиясы өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар көшпеңді өркениетті тудырған бұл халықтарға өз дүниетанымын, идеологиясын, салт-санасын күштеп таңа алмаған. Осы себепті де қытай хакімдері: көшпенділерді жаулап алып бодан етсе болады, бірақ олардың тұрмыс салтын, ата дәстүрін өзгерту мүмкін емес деп қараған.

Қытай империясы о бастан-ақ отарлаудың басты әдіс-айласын, теориялық негізін салған өте көне әккі саясат ұстанған мемлекет болуымен де ерекшеленеді. Олардың «и чжи и» – яғни, тағыларды тағылардың қолымен жусату дейтін әдісін келе-келе еуропалықтар қатты дамытып жетілдіру арқылы бүгінге дейін қолдану үстінде. Немесе олардың «юань цзяо цзинь гун» дейтін әдісі, яғни жақын тұрғандарға жақсы сый тарт, тиіспе, алыстағыларына жаман сый беріп, жақындат дейтін мағынадағы айла тәсілдері де, тіпті Орхон жазба ескерткіштеріне өз табын қалдырған. Бұл іспеттес тұзақты әдістен келер ұрпағын сақтау жолында өсиет еткен Түрік қағаны жазып калдырған:

Жырақ тұрғандарға жаман сыйлық,

Жақын тұрғанға жақсы сыйлық, –

дейтін аталар сөзі – ақылдың көзі уағыз еткен астарлы сөздің мағынасында терең мән-мағына жатса керек-ті. Немесе империя өз мүддесі үшін көшпенді халықтарды бір-біріне айдап салып, біреудің қолымен от көсемек болған саясатын сезінген бабалар:

Табғаш халқының алдауына сенгендіктен,

Арбауына көнгендіктен,

Інілі-ағалының дауласқандығынан,

Бекті халқының жауласқандығынан,

Түркі халқы елдігін жойды...

Түрік бектері түрік атын жоғалтып,

Табғаш бектердің табғаш атын тұтынып...

деуінде көне түркілердің белден шалдырған қайғылы тағдыры айтылған. Тіпті түрік бектері өздерінің түрік атын жоғалтып, табғаш атын алып рухани жағынан сіңісіп жұтылудың аз-ақ алдында қалды.

Хуңдардың (ғұн) ғасырлар бойы арпалысып тайталасқан елі қытай империясы болатынды, өйткені олар көшпенді халықты тағы, жабайы деп, нәсілшілдік идеологияға сүйенуден хундарды «кекті, ызалы құл» деген мағынада атаған. Ал осы хундардың бір тармағы болған Мұқылы елін қытайлар кемсітіп «жуан-жуан» атандырғанын профессор Ә. Марғұлан өз еңбектеріңде атап өтеді.

Отаршылдық топонимикадағы бір ұрымтал тәсіл – жергілікті халық тілінде географиялық жер атауларын өз тілдеріне аударып беру арқылы да түпнұсқа сөздің халық санасынан шайылып өшіп кетуіне күш салуында жатыр. Мұны ғылым тілінде калька (көшірме) деп атайды. Мысалы, көне түркі тілінде Тангритағ (Ерен-қабырға) аталған тауды Тянь-Шань деп қытайша қалыптастырып жіберуде отаршылдарға тән ортақ әдіс жатыр. Ертеде көне түркілер Көк тәңірге сыйынған. Көне түрік қағандарының құлан иек таң атып, Тәңіртаудың ұшар басын күн нұры шалған қалпын елден бұрын биікке шығып табынатын дәстүрі болған.

Өте көне дәуірден бері қытай тілінен қалған жер атауларының бірі – Қырғызстандағы Маси қойнауы. «Маси» сөзінің қытайша мағынасы – «жылқы қырылған жер» дегенді аңғартады. Міне, осы елеусіз Маси атауының тарихи төркініне көз жіберер болсақ, халық басынан өткен дүрбелең дәуірдің таңбасын көргендей боламыз. Өйткені бұл жер атауы Қытай империясы мен Тұран елі арасында болып өткен қанды жорықтардың бір елесін береді. Екі ел арасындағы келісімшарт бойынша, қытайларға «ер қанаты – ат» деп дәріптелген сәйгүліктер берілмек болып шешілгенде, елдің аптал азаматтары ертең өздеріне қарсы шабар қытай әскерінің астында ойнайтыны себепті, оларды түн жамылып барып қырып салады. Мұны көрген қытайлар «маси-маси», яғни «жылқы қырылған жер» деп шуылдасқаны себепті, бұл ара Маси атанып, бізге дейін өзгермей жетіп отыр. Бұл іспеттес өткеннен белгі болып қалған жер атының ел тарихын жаңғырту себепті ұзақ уақыт сақтала беруі заңды да.

1758 жылы Цин империясы Шығыс Түркістанды жаулап алып, отарланған елдің ежелгі атын халық санасынан өшіру мақсатымен оны қытай тілінде Синьцзян (Жаңа шекара) атандырып жіберді, ол осы күнге дейін өзгермей келеді. Қазақстан жеріндегі «Шүршіт қырылған» деп аталатын елді мекен де Олжабай батыр бастаған қазақ қолы мен Цин әскері арасында болған қанды қақтығыстан белгі болып қалған микротопонимдердің бірі. Бұл атау да халық санасында ұмыт қалмай сақталып, ұрпақтан ұрпаққа өтсе де, сол тарихи оқиғаның ізін сақтап отыр.

2

Қазақ даласындағы сан ғасырларға созылған талай-талай қатыгез қанды сапырылыстарға түскен тарихи қайғылы оқиғалар тізбегінің жанды белгісіндей болып із қалдырған көптеген географиялық жер атауларының терең қабаттарындағы сыр бүгіп жатқан қатпарларын қиял қанатымен ашып, ондағы қанды жорық – тарих көшін көз алдына елестеткен ақын:

Оң жақтан – үнді, парсы, араб келген,

Сол жақтан – шүршіт, моңғол, қалмақ келген,

Батыстан – Балқаш елі қатынасса,

Шығыстан – қытай, қашқар шай әкелген, –

деп қазақ тарихының шоғырланған өзекті үш бұрышын бағдарлай жырлауыңда зерделі жанға аса күрделі көп сырдың өзекті желісін ұстатқандай тарам-тарам тамырлы ойлар желісін алдына жаяды. Ал осы ой төркіндерінің астарындағы жер тарихы, оңдағы баяндалар ел тарихына тіл бітіріп, топонимикалық атауларды сөйлете алсақ, өткен тарихымыздың қаншама «ақтаңдақтары» сыр шерткен болар еді.

Республикамыздың оңтүстік өлкесінде бүгінге дейін ел аузында айтылып келе жатқан:

Ергенге тасты ұнтап кел,

Ескі әніңді шырқап кел.

«Ескендір қайтқан төбеден»

Есетін жел боп бұрқап кел, –

дейтін бұраң бел арудың назында саналы жігіт ұғына білсе, қаншалықты терең шежіре сыр жатыр? Осы өлеңдегі сөзге түсіне, ұғына білген кісіге алабөтен мән бере айтылатын, ал ой көзімен шолмай салғырт қараса жай айтыла салған мағынасыз сөздей көрінетін «Ескендір қайтқан төбенің» астарында көне тарих көшінің нелер ғажап шежіре сырлары жатқандай. Осындағы ой сілемінің ізі тіпті халықтың тарихи есінің бір елесі:

Батыста Балқан деген жер бар екен,

Балқанда юнан деген ел бар екен.

Юнандар Келеске бір басып кіріп,

Қазақтар қайта қуып барған екен, –

деп жырлайтын Зиябектей шежіре ақын сөзінде юнан (грек) жұртының Келеске дейін басқыншылық жорықпен келіп, «Ескендір қайтқан төбеден» аса алмай кері қайтқанын және де бабаларымыздың: «Барар жерің Балқан тау, О да біздің көрген тау» деген сөздеріне қарап, көне заманда бастан кешкен сан түрлі тарихи оқиғалар белгі беріп, ізін қалдырғандай шындық елесін сезінеміз. Гректерді жорыққа бастаған Александр Македонский патшаның тауы шағылып, ат басын кері бұрған жерін «Ескендір қайтқан төбе» деген микротопонимді өлең жырына қосып, әнмен тербеп ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бүгінге дейін сақтап әкелуде тарихи естің қайталанбас тағылымы жатыр емес пе? Әсіресе бұл өлеңдегі тарихи еске айналған ұғымның сан ғасырлар асуында мызғымаған беріктігі таңдандырады.

Міне, көне қытай, юнан жұрттары қалдырған қазақ даласындағы жер атауларының көмескі іздері – атамекеніміздегі географиялық жер атауларының өте көне қабаттарында жатқан тарихи естің бір елесі болса да, соның өзін зерлей қарап, тетігін басып сейілте білсек, көмескі тарих көмбесі құпия сырын ашып, рухани қазынамызды молықтыра бермек.

3

Атамекен жеріміздің топонимикалық терең қат-қабаттарында жатқан айтулы бір кезең – Тұран елі мен Иран, яғни парсы жұрты арасында өткен қарым-қатынастардың тарихи шежіре сырын шертер географиялық жер атауларының молдығымен ерекшеленеді. Әсіресе бұл елеулі ерекшелік республикамыздың оңтүстік облыстарына тән болып келеді. Тіпті тарих қойнауының қатпарларында жатса да белгі беріп жатқан тарих жадының елесін нақтылы көз алдыңа келтіретін дерек мағлұматтар ізін халықтың өлеңдері мен әндерінен де ұшыратамыз:

«Рүстем төбе», «Зал арық-ай»,

Жолға шығып қарадым-ай.

Қайсы көлге қондың екен

Алпақ қудай қарағым-ай, –

деген өлең жолыңдағы аппақ қудай бұраң белін армандаған жігіт аңсарымен айтылған сағынышты назды сөзде еске алынатын өте көне микротопонимикалық атаулар – аталарымыздың бастан кешкен көне заман шындығында жатқан тарихи естің тағы бір жаңғырып өткен қуатты көріністері. Мұның арғы түп төркіні Фирдаусидің «Шаһнамасына» барып тіреледі.

Географиялық жер атауларының шығу тарихы мен аталу себептеріне төтенше мән беріп жырлайтын сергек сананың шежіре ақыны Зиябек:

Ертеде әл Әму, Сырды – Тұран дейтін,

«Түркістан келіп шыққан бұдан» дейтін.

Ол жердің қазіргі аты – Орта Азия

Бес ұлт сыйып отыр бұған еркін, –

деп баяндауында түркі халықтарының мекені Тұран, Түркістан, Орта Азия болып үш рет алмасып өзгеруінің өзінде қазіргі ұрпақ біле бермейтін жер тарихы мен ел тарихының бұралаң бұлыңғыр сырлары жатыр.

Көне замаңдағы Тұран мен Иран, яғни түркі халықтары мен парсы жұрты арасындағы тарихи қарым-қатынастар ізін тағы да халық санасыңда ғасырлар бойы сақталып жеткен географиялық жер атаулар: Рүстем төбе, Зал арық, Шуст (Залдың қызы Шусбану), Талберзин, Салар суы – бәрі де парсы патшасы Кейқаус заманына орай айтылатын аңыз-оқиғалардың тарихи ізін алдыңа көлденең тартқандай. Осы аңыз-әңгімелер сарынына орай сөз болатын көне Тұран жеріндегі көптеген қала, елді мекен, жер атаулары ақын жырына арқау болып:

Сайрамның сұлтаны екен – батыр Сияб,

Сияптың атасы екен Афрасиаб.

Атасы – Тұран екен, күйеуі оның –

Ер Сауран баласы оның – батыр Сығанақ,

деп бөле-жара аталып отырған Тұран (кейін Түркістан, Орта Азия атанған) өлкесіндегі тарихи қалалар: Сайрам (Испиджаф), Афрасиаб (Афрасиаб – парсы-тәжікше аты; оның көне түркі тіліндегі есімі – Алып Ер Тоңа екендігі «Құтадғу білік» дастанында айтылған), Сауран (Афрасиабтың ағасы Тұранның баласы), Сығанақ (Сауранның баласы) – бәрі де Сыр мен Әму ағысындағы ертедегі өркениеттің тербеліп өскен тал бесігі болған. Біз бұл арада Иран мен Тұран елінің есте жоқ ескі замандардағы байланысының тек қана топонимикалық атаулардағы сақталған ізінің елеусіз ғана өзекті желісінің бір арнасын алып отырмыз. Оларды толығымен зерттейтін болсақ, оның өзі ауқымды ғылыми жұмыстың нысанасы боларлықтай аса күрделі сүбелі еңбектің сыбағасы.

Атақты Шаш қаласының (қазіргі Ташкент) өте көне замандағы он екі дарбазасының бір ұшы қазіргі Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза темір жол станциясына келіп ұштасқаны себепті:

Дарбаза – қақпа деген парсы сөзі,

Он екі қақпа болған Шаштың өзі.

Біреуі – он екінің бұл Дарбаза,

Ескерткіш бізге қалған Шаштың көзі, –

деп ақын қазіргі Дарбазаның түп төркінін сыр етіп ағытса, әрі қазіргі балаң ұрпақ үшін ескіден қалған көненің көзі деп ескертеді де. Яғни халық жадында сақталып қалған Дарбаза топонимі тегін білер тектіге көненің көзіндей аса қастерлі шежірелі дүние екен.

Дарбаза! Осы бір ғана микротопонимнің түп төркініне ой көзімен қарасақ, тұнып тұрған көне тарихтың шертілмеген шежірелі сыры жатыр. Ал жай ғана салғырт көзбен қарасақ, қарапайым көп атаулардың бірі сияқты сырдаң тартады. Егерде көне тарих қатпарларын жазып сырын ағытсақ, оның төркінінде ағыл-тегіл төгілмеген күйдің сазы, ақындық өнері сүйегіне біткен от жүректі дарынды ақынның жырланбаған жалын құшқан жыры жатқаңдай аңсарың ауады. Осы іспеттес шежіре сырға толы атамекен жер атауларының құпия сырлы қоймаларын ақтарғың келгенде, ұлы М. Әуезовтің біздерге арнап кеткен: «Жер – анасы, ел – баласы деуге болады. Ел айтқан әңгімені, ер бесігі жер де айтады. Көз жіберсең, көңіл тоқтатсаң, тыңдап көрсең көпті айтады», – деп тебірене ойланып ескерткен зерек сөзі саналы сергек жандарға айтылғандай алыстан қол бұлғайды.

[1]               Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы, 1985, 115-бет

"The Qazaq Times"