БҚО Бөрлі аудандық соты экс-прокурор Қайрат Қайырмұхановке 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал әу баста «пара алды» деген күдікке ілінген вице-министр айыбын мойындағанына қарамастан, айыппұлмен құтылып кеткен.
«Орал апталығының» хабарлауынша, бұған дейін прокуратура қызметкері пәтерін кепілге қойып, бостандықта жүрген. Үкім оқылғаннан кейін экс-прокурор сот залында қамауға алынды.
Прокурорға арызды Ақсай қаласы тұрғындарының бірі Азат Мұратов жазды. 2019 жылдың ақпан айында бір топ адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген деген айыппен Азаттың досы, Дамир Бакеевке қарсы қылмыстық іс қозғалды. Қайрат Қайырмұханов іс материалдарын зерделеп, сотталушының кінәсін мойындаған жағдайда, сот бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындай алатын білдірген. Прокурор күдіктінің жақынына «істі белгілі бір төлеммен шешіп беруге» ұсыныс білдірген. Тараптар тіпті біраз саудаласып баққан – прокурор өзінің «еңбегіне» 2 млн теңге сұраған, алайда сотталушының туысы бағаны 1,5 млн теңгеге дейін түсірген. Сонымен былтыр ақпанда істің сотқа жолдануына бір апта қалғанда Қайрат Қайырмұханов Азат Мұратовтан ақша алады.
Бірақ прокурор Қайырмұханов өз «міндетін» орындай алмайды. Себебі аудан прокуроры Нұрлан Мақатов іс материалдарын зерделеп, күдікті Бакеевтің бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағанын ескеріп, істі толық сотқа жібереді. Ал сот Дамир Бакеевті алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарады. Прокурор сотталушының туыстарына 1,5 млн теңге қайтарудан бас тартқан. Бұған шамданған Азат Мұратов Қайрат Қайырмұқановтың атына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроға арыз жазып, дәлел ретінде прокуратура қызметкерімен бірге моншаға барып,ақша бергендегі сөйлесудің аудиожазбасын қоса берген. Осы арызы үшін Мұратов полиция мен прокуратурадан көп қысым көргенін айтады.
Десе де сот Қайрат Қайырмұқановты мемлекеттік қызметтен шеттеп, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жалпы режимдегі колонияда 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Былтыр жазда, анығы шілде айында білім министрінің бұрынғы орынбасары Эльмира Сұханбердиева Қылмыстық кодекстің үш бірдей баптары (361, 364 және 366) бойынша, «қызметін асыра пайдаланды», «пара алды» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» деген айыппен тергеуге алынып, артынша прокурормен процессуалдық келісім жасасу арқылы тек айыппұлмен босап шыққан болатын. Оған Есіл аудандық № 2 соты 2500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, яғни 6 миллион 312 мың 500 теңге айыппұл кескен еді. Тергеу изоляторында 34 күн отырған Сұханбердиева тергеу кезінде айыбын мойындап, «Түрме вице-министр көзімен» деген тақырыпта кітап жазып шыққан.
Қазақстанда ірі лауазымдағы қызметкерлер әдетте бірдей қылмысы үшін «кішкентай кадрларға» қарағанда жеңіл жазамен жиі құтылып кетіп жатады. Азаматтық қоғам тарапынан қатты сынға ұшыраса да, мұндай жағдайлар тоқтар емес. Аймақтық жергілікті басқару жүйесінің қызметкерінің қолға түсуі оңай, ал жоғары лауазым иелерінің қылмысын әшкерелеу, тіпті қылмыс анық дәлелденсе де, өзге істермен тең дәрежеде жазалана қоюы екіталай.
Қазіргі таңда Қазақстан Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2018 жылға арналған Жемқорлық индексінде «коррупция салтанат құрған елдердің» тізімінде, 124-орында тұр.
Жемқорлық жазасынан құтқаратын айналайын айыппұлдан!
Сөзіміздің дәлелі ретінде Азаттық әзірлеген «Парамен ұсталып, айыппұлмен құтылған» қазақстандық шенеуніктердің тізімін келтіруге болады:
-
2016 жылы маусым «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы құрылыс департаментінің жетекшісі Қажымұрат Үсенов «қызметіне асыра пайдаланды, бюджет қаржысын шашты» деп айыпталып, 2 жылға сотталған. 2017 жылы сәуірде рақымшылықпен босап шықты.
-
«Мердігер компанияға тендер алып беру үшін ірі көлемде пара алды» деп айыпталған Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов 2016 жылы 13 жылға сотталған. Бірақ 2019 жылы сәуірде шартты мерзіммен босап шықты.
-
«Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, «1 миллион доллар пара алды» деп айыпталған Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаеваны сот қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Судья олардың "бұрын сотталмағанын, тағылған айыпты толық көлемде мойындағанын" ескерген. Үкім 2017 жылы сәуірде шықты.
-
«25 мың доллар (шамамен 10 млн теңге) пара алды» деп айыпталған Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновке сот 240 млн теңге айыппұл (631 мың доллар) айыппұл салды. Үкім биыл мамырдың 19-ы күні шықты.
-
2010 жылы қарашаның соңында «Қазақстан инжиниринг» компаниясы төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанбеков «пара алғаны үшін» екі жылға сотталған. Кейін Әскери сот алғашқы инстанцияның шешімін өзгертіп, оған 2 миллиард 139 миллион теңге айыппұл салған.
-
«4,3 миллион теңге пара алды» деп айыпталған «ҚазМұнайгаз» өнімдері компаниясы директоры Қуандық Қалмұрзинге 129 миллион теңге (алған парасынан 30 есе көп) айыппұл салынды. Үкім 2019 жылы ақпанда шықты.