Бүгін Қазақстан парламентінің төменгі палатасы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын мақұлдады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 19 бапты қамтитын заң жобасы бір жарым миллионнан астам мұғалімнің жұмысына қатысты маңызды құжат. Заң жобасы негізінен төрт бағыт бойынша өзгеріс жасауды көздейді: жүктемені азайту, педагог қызметіне талапты күшейту, материалдық тұрғыда ынталандыру және материалдық емес механизмдер.

Министрдің айтуынша, оқылым кезінде заң жобасындағы мұғалімдер елдің қоғамдық экономикалық дамуына үлес қосуы керек деген бөлік алынған, себебі заңның бұл бөлігін кейбір басшылар «асыра пайдалануы мүмкін» деген күдік айтылған.

Енді «мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін басқа жұмысқа тартқан немесе орынсыз есеп беруін талап еткен кез келген басшы не қызметркерлерге 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынбақ».

Министр Аймағамбетовтің сөзінше, қазір мұғалімдер орташа жалақы көлемінің 65%-ын ғана алады. Егер заң жобасы жыл соңына дейін қабылданса, келесі жылдан бастап, мұғалімдердің жалақысын 25%-дан бастап өсіру қарастырылған.

– Мұндай жұмыстар қаңтар айынан басталады. Сынып жетекшісі болғаны үшін және дәптер тексергені үшін үстемақыны екі есеге ұлғайту бұл 182 мың педагогты қамтиды. Сонымен бірге мұғалімдердің демалысын 56 күнге дейін ұлғайту көзделген. Қазір олар 42 күн демалады, – деді бас мұғалім.

Ал заңды жүзеге асыруға бес жыл ішінде 5,3 триллион теңге қаражат қажет көрінеді. Министрдің өзі мойындағандай, әдетте Қазақстанда мұғалімдер қауымы әкімшілік іс-шараларға мәжбүрлі түрде (2017 жылғы ЭКСПО, Сайлау науқандары мен санақтар) қатыстыратынын, директорлар биліктік газет-журналдарға қинап жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. Ел ішінде «үкіметтің қол баласы» деп аталып кеткен педагогтардың тұрмысы мен кәсіби білігін дамытуға мүмкіндігі жетіңкіре бермейтіні көп талқыланып келеді. Мұғалім қызметіне билік пен бұхара құрметпен қарауды «заң күшімен іске асыру мүмкін емес» дейді кей сарапшылар.

Жаздан бері «көптің қызу талқысына түскен» заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдап қабылдады. Жоба Сенат талқылауына өтеді. Заң жобасының толық мәтінін мына жерден оқи аласыз.

"The Qazaq Times"