Өткен аптаның соңында, Иранда жанармай бағасының көтерілуіне байланысты наразылық шарасы болғаны мәлім. Елдің рухани көсемі наразылық әрекеттерді дүрбелең және басбұзарлық ретінде бағалады. Аятолланың пікірінен кейін Иран үкіметі ел көлемінде ғаламторды жауып тастады, содан бері 6 күн өтсе де Иранда ғаламтор әлі қосылмады.
Ең маңыздысы Ирандағы наразылықты үкіметтің бүлік қатарында бағалауы болып отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда Иран полициясы ереуілшілерді тарату үшін оқ атқан. Бұдан бұрын VOA ақпараттық агенттігі Amnesty International ұйымының мәліметіне сілтеме жасап, Ирандағы наразылық кезінде 106 адам қаза тапты деген де мәлімет таратқан еді. Бірқатар әлемдік ақпарат құралдары адам өлімі бұдан да көп болуы мүмкін деп болжап отыр.
Осы тақырыпқа байланысты Иранның ресми ақпарат құралдарында тараған хабарлардан Теһран билігі елдегі наразылыққа байланысты Батыс елдерін айыптап жатқанын көреміз. Айталық, жартылай ресми ParsToday ақпараттық агенттігі бір хабарында: «Бүліктің астарында АҚШ-тың Орталық Барлау Агенттігінің (CIA) ізі жатқаны белгілі болды», – деп мәлімдеді.
Шетелде тұратын ирандықтар туыстарымен хабарласа алмай отырғанын әлеуметтік желілерде жазып жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы интернеттің жабылуын биліктің өз қылмысын жасыру үшін жасаған қадамы деп айыптады. «Иран билігі өзінің қылмысты және үрейлі әрекеттерін жасырып қалу үшін ғаламторды жауып отыр», – деді АҚШ президенті.
NetBlocks үкіметтік емес ұйымы әлемдегі ғаламтор пайдалану үрдісін тынбай бақылап отырады. Аталған ұйым Ирандағы ғаламтор желісінің үзілуі бұған дейін еш елде көрінбегенін айтты. Ел көлемінде ғаламтор пайдалану деңгейі бұрынғымен салыстырғанда 5 пайыз ғана болған. Бұл тек ресми орындардың қажеттілігінен тыс барлық ғаламтор желісінің жабылғанын түсіндіріп тұр.
Мәліметтерге қарағанда, Иран секілді елде интернет желісін бір ғана тетікпен өшіріп тастау мүмкін емес. Айталық, Иранның ғаламтор желісін бірнеше жеке компания сатып алған. Бұндай жағдайда бүкіл ел көлемінде интернетті жауып тастау аса қиын. Алайда, шетелмен байланыс орнатуды Ұлттық телеком компаниясы мен Физика және математика институты сынды екі мемлекеттік мекеме бақылауына алған. Демек, шет мемлекеттермен байланыс орнатуды Иран билігі оп-оңай-ақ өшіріп тастай алады.
Қазір, Ираннан сыртқа шыққан санаулы ақпараттар ондағы өзге елдердің ғаламтор желілері, шетелдік байланыс құралдарын пайдаланған санаулы көздерден ғана тарап тұрғаны белгілі. Сондықтан да, Ирандағы наразылық шарасы мен оған қарата үкіметтің реакциясы туралы толық мәліметтен әлем жұртшылығы хабардар емес.