Амалы таусылған екі құрылысшы су мұнарасына шығып, еңбекақысының үштен екі бөлігін өндіріп алды.
Жамбыл облысында еңбекақысын ала алмаған жұмысшылар су мұнарасының үстіне шығып, «Бас мердігер маңдай тер ақымызды бермесе, биіктен, осы жерден секіреміз» деп шағынған.
Барлығы бес адам тротуар төсеу үшін 2 миллион 180 мың теңгеге тапсырыс алған. Бірақ жұмыс аяқталуға тақағанда бас мердігер нәтижеге көңілі толмайтынын айтып, бәрін бұзғызып, қайта істеуді тапсырыпты. Ашынған жұмысшылар кәсіпкерден осыған дейін төккен маңдай терінің ақысын беруді талап еткен. Мердігер компания оған көнбек түгілі құлақ түрмеген. Амалы таусылаған бес азаматтың екеуі биік су мұнарасына шығып, талап қоюға мәжбүр болған.
«Есеп айырыспаса, өлеміз!» деген екеуін ешкім төмен түсіре алмай әуреге түсті. Арадағы жеті сағаттық келіссөзден кейін бас мердігер жұмысшылардың еңбекақысының бір бөлігін беруге келісті. Нақтырақ айтқанда, сұралған 1 млн 300 мың теңгенің 800 мың теңгесі қолма-қол қайтарылды. Содан кейін шу көтергендер жерге түсті. Ал кәсіпкер жұмысшылардың бұл әрекетін «бопсалау» деп бағалап отыр. Оның айтуынша, олар сапасыз құрылыс жүргізген.
«Заңсыз алып тұр, мұны бопсалау десе де болады. Бізге олардың істеген жұмыстарына қатысты акт әлі келген жоқ, енді келеді. Акт болмағандықтан, біз ақшаны төлей алмаймыз. Жұмысшылар жұмысты істегенімен, дұрыс атқармаған. Сондықтан техқадағалау қабылдамай, бұзғызып тастады», – дейді бас мердігер Жұмағұл Байменов.
Қазақстанда еңбек дауы жиі болып тұрады. Мұның себебін мамандар еңбек келісімшартын жасаспау, яғни азаматтардың құқықтық сауаттылыққа бейжай қарауы мен кәсіподақтардың өз деңгейінде жұмыс істей алмауымен байланыстырады.