Қытайдағы екі миллионға жуық қазақтың ерке ақыны аталған Ержанат Байқабаймен Атамекеніне келуі және екі елдегі қазақ ақындары мен қазақ айтысының жай-күйі туралы әңгімеде болған едік:
– Қазақтың айтыскер ақындарының бірі және Қазақстандағы қазақ айтыс алаңына сырт көз ретінде бүгінгі айтысқа қандай баға берер едіңіз?
– Өз басым, бізге жетіп жатқан 1999-2000 жылдан бері қарайғы айтыстарды қалдырмай тыңдап келемін. Ол кезде де өз дәуірімен бір толқын айтыс ақындары шықты. Айталық, Мұхамеджан Тазабеков айтысқа теңеу алып келді, Мэлс Қосымбаев жыраулық сарынның сол кездегі көрінісін көрсеткендей болды, сонымен қоса, Оразалы Досбосынов, Айнұр Тұрсынбаева сынды ақындардың да жалындап шыққан кезі. Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков тағы басқа бір топ ақындар да айтысқа жан-тәнімен келді. Қазақ даласының әр тұсынан келген осы талантты ақындар қазақ айтысын белгілі бір деңгейге көтеріп тастады. Солардың ішінде 2002 жылғы Айнұр мен марқұм Оразалының айтысы және Оразалы мен Ринат Зайтовтың айтыстары сол дәуірдегі өресі биік айтыстардың қатарына жатады. Мен өзім осылар арасынан Оразалы Досбосыновты арғы бетте жүрсем де өзіме ұстаз тұттым. Оразалының жаңғыртқан Сүйінбай мақамын өзімше құбылтып, оның айтыстағы өзгешеліктерін өзіме сіңіру арқылы Ержанат болып қалыптастып, өз айтыскерлігімді тың деңгейге көтердім десем болады. Ал бүгінгі айтыс туралы айтар болсам, әзір де не бір керемет айтыскерлер шықты. Жандарбек, Ринат, Мұхтар, Қайнар тағы басқа да. Қайсы бірін айта берейік, қарап тұрсаңыз бәрі де кереметтей жақсы айтыскерлер.
Бірақ менің ойымша соңғы кезде бұл жақтағы айтыста сәл жасандылық басым болып бара жатқандай. Біз айтыскер болғандықтан байқап отырамыз, кім қалай дайындалып келді, кім қайсы сөзін суырып салып айтты, қайсы тақырыпты алдын ала дайындалып жырлап шықты, тіпті шаппа-шап ұстасқан айтыста да қайсы ақын әріптесін тұзағына түсірді... міне осының бәрі басқаға болмаса да бізге анық байқалып тұрады. Дұрыс, дайындалған дұрыс, мен де дайындаламын. Біреуге екі ауыз сөз айту үшін де іштей дайындық болатыны секілді, ел алдындағы айтылатын сөзге әрине дайындық керек. Бірақ айтыс бастан ақыр дайындықпен өтсе, онда ол айтыс емес қойылым болып кетеді. Бұл белең осында ғана емес, Қытайдағы қазақ айтысында да соңғы кезде байқалып келеді. Әсіресе жас ақындардан.
Енді бұл жақта айтыстың аудиториясын кеңейту үшін айтыскерлер мен әншілерді айтыстырып, шоу айтыс жасап жатыр ғой. Негізі айтысты кең көлемді насихаттау үшін ондай шараларға қарсылығым жоқ. Бірақ, айтысты қалаға әкеліп тықпалай бермей, қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдарға, аудан, облыстарға апарып дүркіретіп өткізер болса, оның берер әсері манағы шоу айтыстан әлде қайда керемет болар еді. Қытайда айтыс солай өтеді. Қазақтың өнері, қазақ көбірек қоныстанған аймақ, аудандарда жеке-жеке өз міндетіне алып өткізіп келеді. Соны осында да жасауға болады, биыл Қызылорда өткізсе, келесі жылы бүкіл Қазақ еліне сауын айтып Атырау өткізіп дегендей. Сонда, қалада ғана өтіп жататын айтысқа аяғы жетпей отырған талай айтыс жанкүйерін тартуға болар еді.
Тағы бір байқағаным, бұнда айтыскерлердің топ-топқа, жік-жікке бөлініп кеткен жағдайы бар екен. Анау Жүрсіннің жүйріктері, мынау пәленнің ақындары деген секілді. Айтыс қазақтікі болса, айтыскер де қазаққа ортақ. Оны ешкім меншіктеп ала алмайды. Ақындарды үйіріп алып, қорға бағатын ештеңе жоқ. Иә берсін, тұрмыс жағдайын жасасын. Көлігін, пәтерін берген шығар, жолын ашқан шығар, қажыға апарған шығар – олардың жақсылығы Алладан, қазақтың ақ батасынан қайтады. Солай жасадым деп ақындарды өзінің сөзін сөйлеткісі келетіндер бар. Олай қазақ айтыскерлерін топқа жікке бөлуге өз басым өкпелімін де қарсымын. Оларсыз да қазақ айтысы жойылмайды. Әлем де үш қазақ қалғанша, екеуі айтысып біреуі тыңдаса да қазақ айтысы жойылмайды. Жүлдені мақсат етіп айтысуға болмас, әрине енді еңбегің, қаншама ай жарадың, қанша күн талығып дайындалдың дегендей. Бірақ жүлдені бармақ басты, көз қыстылықпен беруге де қарсылығым бар. Айтыс халық өнері болғаннан кейін ол ізгілікке, әділеттілікке құрылуы керек емес пе!
Ал, бұндағы айтыстың басты ерекшелігі ретінде шеңбер қойылмайтындығын айтар едім. Ақынның не айтқысы келсе соны айтуға ерік берілетіндігі өзіме қатты ұнады. Ал бізде олай болмады, бізде тек бір ғана партияның қолдауында өтетіндіктен, соның үгітшісі ретінде, одан алқып сөз айтуға келмейтін шеңберіміз бар.
– Шеңбер демекші, айтыста айта алмай кеттім ау деген «әттеген-айлар» болды ма?
– Әрине, «әттеген-ай» көп болды. Тілімнің ұшы қайырылып желкеме байланғандай талай кездер болды. Саясатты жырлайсыз әрине, нанын жеп отырмыз, тікелей жамандығын көріп отырғанымыз жоқ. Қып-қызыл саясатты жырлаған ақынар да болды, бірақ халық оны қабылдай алмайды. Мен енді ауылдың баласы болғаннан кейін де, ауыл жұртының қал-күйін толық сезініп-білем десем артық емес. Ақпарат жүзінде былай деген дүниенің олай емес екенін, шын мәнісінде басқаша болып жатқанын анық байқап отырамын. Өзім малшының баласы болғасын да, егінші-малшы қазақ арасында көп жүремін, олардың да «әттеген-айы» бар. Ауылда қаншама қазыналы қарттар бар, алты ғасырдың тарихын аударып жатқа айтатын. Әкім қаралар солардан өкілдер сайласа ғой деймін іштей. Сондай адамдармен көп әңгімеде болам, олар арыз-арманын құдайға жеткізіп берердей маған айтады, оны мен кімге барып айтайын? Сосын айтыстарда өлеңге айналдырып айтамын. Өлең, толғау, әнге айналмаса, тағы сені ішіңдегі дертке айналады.
Кей нәрсені шеберлікпен астарлап айтып кетуге болады. Үкіметті мақтай отырып, халықтың арман-тілегін сыналап айтып жіберген кезім де болды. Бірде: «Есектің есту түйсігі әлсіз бопты, құлағы қанша ұзын болғанымен» деп, ел тілегін тыңдамайтын шенділерді шенегенім бар. Ол жерде нені айтып отырғанымды тыңдағанның бәрі біліп қабылдап отырды. Сол секілді, сен жамансың деп айтқаннан көрі, астарлап отырып өңменінен өткізіп жіберуге болады.
– Қытайдағы қазақ айтысының жәй-күйі туралы мұндағы оқырмандарға толықтырып айта кетсеңіз. Ондағы үкіметтің қолдауынан тыс, биліктегі қазақ азаматтарының қолдау көрсетуі қандай?
– Қытайдағы басқа ұлттардың танымында қазақ ұлты мен айтыс бір ұғым болып қалыптасып кеткен. Айтыскерлердің аброй беделі ел арасында әнші-күйші, балуан-батыр, бай-бағыланыңнан әлде қайда жоғары. Бұл сөзімнің бір өтірігі жоқ. Ондағы қазақ – ақыны сөзден, балуаны белдесуден жеңсе, жүйрігі бәйгеден келсе қуанатын қазақ.
Қытайдағы қазақ айтысы, сол елде болып өткен «Мәдениет революциясы» дейтін бұрқасын жылдарда үзіліп қалған еді. Кейін ҚХР саясаты оңалып, ұлттардың мәдени өмірін байыту, ұлттық құндылықтарын жаңғырту туралы арнаулы бағдарламалар қабылданды. Содан кейін барып, халық арасынан Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы сынды ай маңдай ақындар айтыс сахнасына қырық неше жасында көтерілді. Олар шыға салысымен айтыс арқылы берекені, татулықты, жақсылықты ту етіп көтерді. Әне солардың салған іздері кейінгі айтыскерлер арасына үлгі болып қалды да, кейінгі шыққан айтыскерлерде берекеден ажыраған жоқ. Мен көрген ақындардың бәрі де адамгершілікті, жоғары кісілікті жандар еді, аузынан шыққан өлеңі қандай болса өзі де сондай болатын.
Ол жақтағы басшы ағалардың қолдауы туралы айтар болсам, «өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер» дейді ғой. Өмірде алдыңда қолдаушы ағалардың болғаны қандай жақсы?! Кей ақындардың аузында «басшы жаман, әкім жаман, патша жаман, министр жаман» деген сөздер бар. Өз басым оған келіспеймін. Бізде әкім болған, уәли болған (облыс әкімі), автономиялы регион дәрежелі басшы болған ағалар болды, солардың алдын көрдік. Шын мәнісіне келгенде, Қытайда қазақ айтыс өнерінің кең көлемді насихатталып жатқаны сол ағалардың арқасы. Жанәбіл ақсақал, Қыдырбай ақсақал, Асхат Керімбайұлы қатарлы ағаларымыз айтыс үшін жүрегінің жартысын берді. Құрманбек, Жамалхан сынды ақындарды ақ ордасының төріне шығарып, атынан түсіп берді десек артық емес. Сол ағалар үкіметке қайта-қайта хат жазып, үлкен жиналыстарда айтып, қазақта осындай бір халықтық өнердің бар екенін, оны қолдау керектігін айтып, ресми бағдарламаларға енгізді.
Соның арқасында Шынжаң өлкелік айтыстан тартып, әр бір облыс, аймақ, аудан тіпті қазақ қоныстанған шағын ауылдарға дейін мерзіммен айтыс өтіп тұратын болды. Облыс дәрежелі айтыстарда мыңға жуық дәстүрлі киіз үйлер тігліп, бірнеше күн қатарынан ұлан асыр той болады. Жаңағы жоғары дәрежелі басшы ағалар өзі келіп қатысады сол айтысқа. Табжылмай отырып, ақындардың жекпе-жегін тамашалайды. Атының аяғы жеткен қазақ қалмай келіп қатысып, өнер тамашалайды. ЖОО-ның дипломын беретін «Ақындар класы» дейтін оқу орнын да ашып беріп, қаншалаған қазақ ақындары соның арқасында білім өресі көтеріліп, мемлекеттік қызметке тұрды. Айтыс үшін ол жақтағы басшы болған ағалардың еткен еңбектерін айтсам өте көп.
Соның дәлелі ретінде өзім көрген бір ғана істі айтып берейін. Алтай аймағында кезекті бір айтыс өткелі жатқанда, сондағы негізгі билікті ұстап тұрған өзге ұлттан бір басшы тұрып: «Айтысты неге өткізе береміз? Анау жайлауға апарып айтыс жасаймыз, мыңға жуық киіз үй тігеміз, сахна жобасының өзіне миллиондап қаржы кетеді, мыңдап қой, жүздеп тай сойылады екен, жол шығыны тағы бар... Өткізсек қалада өткізе салу керек» деген пікірін айтыпты. Сол жерде аймақ уәлиі болған қазақ ағамыз, автономиялы региондағы жоғары басшы Жанәбіл Сымағұлұлы ақсақалдан болған жайды айтып нұсқау сұрайды. Сонда Жанәбіл ақсақал тұрып: «Жоқ, айтысты дүрілдетіп өткізе бер, біз жоғарыдан арнаулы қаржы босатамыз. Бүкіл Шынжаңға сауын айт. Ондай көзқарастағы адамға түсіндіріп айт – қайта осы айтыстың аймаққа зор табыс әкелетінін; көршілес облыс, аймақтар құр келмей тойлығымен, берекесімен келетінін; Мемлекеттің жер жерінен туристер келетінін, сахарадағы қазақты үкіметтің жиынына қуалап әкелсең де келмейтінін, айтыс десең аты жеткен қазақтың бәрі жиналатынын түсіндір», – деп айтып, арнаулы қаржыны бөліп, жоғары үкіметтен арнайы өзі де келіп сол айтыстың басы-қасында болды. Дүбірлі жиынды бастау сөзін өзі сөйлеп: « Қазақ айтысын насихаттау, қорғау Орталықтың (Бейжің) бағдарламасына енген. Тіпті БҰҰ-ға да жолдама алды. Сондықтан кейбір жолдастар бөгде көзқараста болмасын, жер бетінде үш қазақ қалғанша айтыс тоқтамайды, ақын деген адамзаттың ортақ ұланы, отанның үгітшісі», – деп екі тілде сөз сөйлеп, айтысты дамытуға сара жол салып берді.
Мен өзім Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абай, Бүбімәри сынды аға буындардың жырын жаттап, солардың тәлімінде, көзі тірі марқасқалардың етегіне оралып, баладай еркелеп өстім. Көзі жұмылып кеткен көптеген майталман жүйріктердің алдын көргенім өзімнің бір бақытым деп бағалап келем, айтыс сайын аузымнан тастамай айтып жүрем. Көзім көрген Құрманбек атам болсын, Жамалхан, Бүбімәри апаларым болсын бұлар бір бір мектеп, әлем қазақтарына ортақ айбоз ақындар деп айта алам.
Ал одан кейінгі Қайрат Құл-Мұхаммед бастаған бір буын болды. Кейін Еркін Ілиясұлы, Шәкен Рахметоллаұлы, Әбдіғани Бәзілжанұлы бастап бір толқын ақындар шықты. Қазақ облысындағы үш аймақтан Мұрал, Зура, Айғаныш, Шұғыла т.б. бәрі осы толқынға кіреді. Осындай толқындардың алдында көш бастайтын бір-бір марқасқасы болатыны заңдылық екен. Жаңағы айтқан Құрманбек, Жамалхан, Еркіндер басынан бақайына дейін тұнып тұрған өлең боп кеткен кісілер еді. Қайрат Құл-Мұхамметтің ерекшелігі жыраулық сарынымен, өлеңді төрт аяғын тік бастырып айтады. Ақының қайсы десе міне дейтіндей білімділігімен дара болып қалды. Еркін Ілияс қазақ айтысына көркемдік биік өре әкелді. Мен Еркін ағаны айтыстағы қазақтың Омарғазысы (О.Айтанұлы) деп танимын. Өмірден ерте кетті, бірақ, қазақ айтысына қосқан үлесі өте көп. Ал, Шәкен болса нағыз жекпе-жектің ақыны. Әбдіғани ағам болса нағыз баяғының сал-серісі секілді, ақындығы мен азаматтығы бойынан қатар байқалып тұратын еді.
Кейінгі мен қатарлы айтыскер ақындар арасында Нағыман Шоқанұлы мен Ұларбек Минатхан, Қанатбек Зейтоллаұлы, бұлар енді аламан шабыстың ақындары. Таңды таңға жалғап, қанша айтыстырсаң да бұрлықпайды. Қалихан Қабдірасул, Жамиға Дәулетқызы, Ерлан Аманқожа сынды жүйріктер шықты, бәрі өз биігі мен өз жолын тауып, айтыста керемет өнер көрсетіп жүр. Орал Бөкбай деген айтыскер бауырымыз болды, ол да қазіргі «мен» деген ақынды қалпақпен ұрып алатын ақын. Бірақ, апарат саласында еңбек етіп жүр. Олардан бөлек, «Ел іші –алтын кеніші» демекші, ауылдарда, ел арасында талай-талай бозтарлан жүйріктерді, айтыса түскенде алдыңды орап кететін талай ақынды көзіммен көрдім. Санатбек Таудайұлы дейтін ақын болды, ел арасында айтысып жүріп, кейін үлкен аламандарда топ жарды. Сол және Қуанышхан деген ағамыз бар, жай бір ортада айтқан өлеңін жазып алып, осында өзге ақындардың өлеңімен салыстырсаңыз сап сөз өнерінің жауһары екенін бірден байқайсыз. Ол жақтағы қазақ жерін түгел аралап дәмін таттым, сонда жолықтырған не бір ақындар болды. Ауылдың алты ауызы ретінде айтқан жырын естігеніңізде, өлеңінің салмағынан жаныңыздан түңілесіз тіпті. Танылмай жүрген не бір таланттылар бар, сол қазақтың ауылдарында.
– Екі елдегі қазақ айтыскерлерінің барыс-келісі, байланысы қалай?
– 2004 жылы Оразалы Досбосынов пен Айнұр Тұрсынбаеваның барып, Еркін Ілиясұлы мен Шәкен Рахметоллаұлы сынды ақындармен айтысты. Қазақ еліндегі ақындардың ол жақтағы алғашқы қадамы сол болды. Керемет айтыстар жасап, жұрттың мейірін қандырып қайтты. Сонда, өздерімен айтысқа түскен Еркін, Шәкен ағаларымызға жоғары бағасын беріп, разы болып аттанған еді. Ал 2006 жылы әнші Әділ Сіләмханұлының ұйымдастыруымен, бір топ өнерпаздармен бірге Сара Тоқтамысова барды. Ол жолы Сарамен мен айтысқа шықтым. Келісіп айтыспадық, кездесіп таныса салып айтыстық, керемет қыз-жігіт айтысы болды. Халық сүйіп тыңдап, бір желпініп қалды.
Бұл жақтан барған қай-қайсы ақындардан сұрасаңыз да, сол жақтағы айтыстың тыңдарман-көрермендеріне ерекше сүйінішін айтады. Бәрі де: «Мұндай шын жүрегімен, қызу ынтасымен беріліп келетін көрермен болады деп ойламадық. Нағыз тыңдаушысы бар сендер бақытты екенсіңдер», – деп бізге айтатын. Менше мұндай көрермен Қазақ елінде де бар. Тек айтысқа қолы жетіп келе алмай жатқан ауылды жерлерде, сахараға алып барса, қызу қанды, шын пейілді көрермендер көп болады деп ойлаймын.
Ал, бірақ Қазақ еліндегі ақындарға бір «әттеген-ай» дейтінім – біздің тарихымыз бен тарихи тұлғаларымызды қазақ тарихының бір бөлшегі ретінде елестете білмейді. Айталық, Ер Жәнібек, Ақыт қажыны айтсаң, ол кім дейді. Қаны бір, бірге туған бауырының өткені мен кешкені туралы білмей жатады. Егер айтар болсақ Ақыт қажы Ұлымжыұлы қазақ түгіл адамзатқа ортақ тұлға деп, тұтас Қытай мойындап отыр. Керек болса бұрынғы Қытай үкіметінің түрмесінде қазақ үшін басы кетке боздақ. Темір тормен бөлініп бір ауық алыстап қалсақ та, біз барынша қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі тұлғалардың өмірі мен еңбегін жатқа айтып өстік. Алтай да жатсақ та, Атыраудағы, Еділ мен Жайықтағы, Сыр мен Қаратау, Арқа мен Алатау арасындағы тұлғалардың елеулілерін жырымызға қосып, сондағы елдің құлағына сіңіріп отырамыз.
Бұрқасында бөлініп қалғанымыз болмаса, біз де қазақ тарихының бір құрамдас бөлегіміз. Мұндағы аштықты, соғысты көрмедік десек те, онда да зұлмат соғыс пен ашаршылықты көрдік. Тіпті жартымыз жердің астында қалды. Анау Гималай асып, бүгінгі Еуропа қазақтары аталып жүрген де кешегі бізден кеткен көш болатын. Осындай қанды тарихымыздың бар екенін, қазақтың онда да небір «Қазағым» деп кеткен боздақтарын қазақ айтыскері ретінде білмей қалу, қалай болады? Алтайдың арғы бетінен басталатын Ертістің бойында қаншалаған қазақтың нар тұлғалы адамдары өмірге келді. Ертіс Ертіс болмаса Сал Біржан бара ма, Естай ақын Ертісті бойлап ән сала ма?! Аға сұлтан Құнанбай барған Ертіс, өзінде мекен еткен қазақты арыстан ұлдардан кем еткен жоқ. Керек десе, мен де сол нар тұлғалар туған Ертістің ең тұнығынан су іштім деп мақтанып айтуыма болады. Айтайын дегенің өзімізден кейінгі ұрпаққа сыйластық, құрметімізбен үлгі болып, қазақтың әлемнің қай жерінде жүрсе де ажырамас бір бүтін тұлға екенін танытуға тиіспіз деп ойлаймын.
– Сол жақтағы қазақ өнерпаздарының Қазақ еліне көптеп келіп, рухани өмірімізді байытуға үлестер қосса, қазақ көшінің жандануына үлкен әсерін берер ме еді. Ондағы қазақ өнерпаздарын не ұстап отыр деп ойлайсыз?
– Біріншіден, әркімде әр түрлі жағдайлар болып жатады, жеке басындық. Содан да болар, қысқа жібі күрмеуіне келмей жатады. Негізгі себебі, ол жерде де өнерді қолдау мен қажетсінудің барлығы. Қазақ өнерпазы ретінде мен ондағы үкіметтің еш бір жамандығын көрген жоқпын. Өнерімізді қолдады, айтысымызды дүбірлетіп өткізіп берді, халықтың еркесі болдық. Өз басым соның бәрін қалдырып, бір жола Қазақ еліне қонысымды күрегелі келіп тұрмын.
Әрине қазақ өнерінің өкілі ретінде, қазақтың еліне, қазақтың мемлекетіне есе қосса ол бір ғанибет қой. Біз келсек алайық деп емес, берейік деп келеміз. Құл болайын деп емес, ұл болайын деп келеміз. Кейде осындағы кейбір жағдайлардың сол жақтағы қазақ өнерпаздардың жабал келіп, ірге теуіп, еңбек етуіне кері әсерін беріп жатады. Өзгенің арасында өр көңілін жықпай жүрген қазақ, қазақтың елінен тек мейірім мен ыстық құшақ қана күтетін болса керек.
Олай болса, өзіңізді ата мекенге алып келген күшті не деп көрсетер едіңіз?
Бала кезде Қазақстаннан барып білім аласам, сол топырақтың дәмін татып суын ішсем деген арман болды. Кейін айтысқа қатыстым, мұндай келіп оқу арманым кешеуілдеп қала берді. Ер азамат болып, жер көріп, ел таныдық. Оң солымызды білдік. «Есің бар да еліңді тап» деген жүйелі сөзге жығылып Қазақстанға бір жолата ат басын тіреген жайым бар. Әрине, бір ғана сағынышым туған жер. Ол да менің ата мекенім. Берісін айтқанда алты бабамның басы жатқан, түрктен тартып қазаққа дейін, көшпелінің қордалы ордасы болған мекен. Осында келіп қоныс тепкен әр қазақтың көкірегінде де сыздап тұратын осы нәрсе деп ойлаймын. Әрине, оған біз жазықты емеспіз. Заманымыз солай болған шығар.
Сол мекенде баяғы аңқау, аңғал, даладай дарқан, тау мінезді қазақ болмысы тұп-тұнық күйде сақталып тұр. Ендігі жерде қалай болатыны белгісіз. Қазақтың байырғы мінезі, қонақжайлығының бәрі, бәрі сақталып келеді. Кішкентай күнімізде, шешелеріміз, жеңгелеріміз үйдегі жылы-жұмсақ, тәтті-тәрмекті бізден қорып – «Бұны жеме, қонақ келгенде қонақ жейді. Кісі келгенде береміз», – деп отыратын. Әжелеріміз, аталарымыз жаны қиналып ауырып жатқанда, «Ей, Тәңірім, осы бейнетті, осы ауыруды мен ғана көрейін, бар азапты менімен бірге жібер, бейітіме бірге ала кетейін, ұрпағыма жақсылық бер!» деп жататын. Әне сондай қазақы жандарды енді көреміз бе, көрмейміз бе!
Бұндағы елдің бар жақсы тілегін тілеп келдім, өсе берсін деп, өне берсін, көркейе берсін деп. Келе салып, кей ауыздан билікті жамандаған сөздерді де естисің, бірақ шеттегі қазақ бәрі бір сол «Қазақ билігі» деген сөзбен марқайып, мақтанып жүреді. Іштей демеу көреді. Ел басын да, айналасындағы ел қамы деп шын жүрегімен беріліп, еңбек еткен ел ағаларын шеттегі қазақтар жақсы көріп тұрады. Өз басым да сол көңілмен келген қазақпын. Сондықтан, Алатауға арқа сүйеп, Арқадан самал жұтқан аз қазақтың шаңырағы биік бола берсін. Ел басымыз да, еліміз де аман болып, еңсеміз аласармай бейбіт заманда өмір сүре берейік деген ақ көңілден шыққан тілегім бар.
Атамекенге ала келген тартуым ретінде, өнерім мен шығармашылығымнан қазағыма шашқан шашуым ретінде 25 наурызда жекеліп кешімді бергелі отырмын. Бар қазақты сол кешке шақырамын!
– Сұхбатыңызға рахмет! Өнер жолыңызға қазақ дейтін еліңіздің ақ батасы дари берсін!
Әңгімелескен: Естай Божан
“The Qazaq Times”