АҚШ –Қытай сауда соғысы
Былтыр жаздан бастап АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы ақпарат құралдарының қызғын тақырыбы болды. Әлем экономикасына кері ықпал жасауы мүмкін деп қауіптенген осы сауда соғысы турасында талай сараптамалар жарық көрді. Қытаймен шекарасы тиіп жатқан көршілес ел, әрі экономикалық байланысы, алым-берімі көп Қазақстан үшін Қытайдың экономикалық жағдайын жіті қарап отырудың өзіндік маңызы зор. Соған қоса сауда соғысы да біздің назардан тыс қалмауы керекті. Олай болса АҚШ-Қытай сауда соғысына тағы бір тереңдей үңіліп көрелік.
Биыл 6 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп құны 340 млрд долларға тең Қытайдың 1333 түрлі тауарына 25 пайыз кеден салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұлардың көбі электроника өнімдеріне салынған. Ал, 2 тамызда Қытай бұған жауап ретінде 60 млрд доллар құнындағы АҚШ-тың бірнеше мың түрлі өнімдеріне 25, 20, 10 және 5 пайыздық салық енгізді. Бұның басым көбі ауылшаруашылық өнімдері екені мәлім.
Былтыр G20 саммитінен кейін тараптар сауда соғысын 3 айға тоқтатқан еді. Алайда, тараптар келісімге келе алмағандықтан мамыр айында АҚШ өзінің тарифтік шектеуін бастады. Қытайдың 250 млрд доллар көлеміндегі тауарына 25 пайыз көлеміндегі салық енгізді. Бір күннен кейін тағы 60 млрд доллар көлеміндегі қытайлық импортқа 5 пайыздан 25 пайызға дейінгі тарифтерін белгіледі. Ал, 1 қыркүйекте Трамп Қытайдың 300 млрд доллар құнына ие тауарына 10 пайыз кедендік салығын салды.
Тамыздың 5-і күні Қытай юанның долларға сындырылымы 7:1 ден асып кетті. Қытай өз валютасын құнсыздандыру арқылы АҚШ-пен арадағы сауда шығынын азайтуды көздеді. Бұнымен бір уақытта 75 миллиард долларға тең АҚШ өнімдеріне 15% салық салатынын жариялады. Сол күні АҚШ жақ құны 300 миллиард долларға тең Қытай өніміне 15% , 250 миллиард көлеміндегі тауарына 25- 30 пайыздық тариф белгіледі.
12 қазанда жоғары тариф белгіленген 300 миллиард долларға тең Қытай өнімдері мыналар (млрд/доллар: ұялы телефондар – 44.6, компьютер 41.1, киім-кешек 35.2, ойыншықтар 25.5, аяқ киім 14.3. Алайда, бұл тарифті атқаруды желтоқсан айына дейін кешіктірді. Ал, 2020 жылы қаңтар айынан бастап электр өнімдерге 20 пайыз, механикалық құрылғыларға 13 пайыз, ойыншықтарға 14 пайыз тариф енгізілмек.
Екі алыптың қуаты
АҚШ пен Қытай әлемнің бірінші және екінші экономикасына ие. Екі елдің жалпы ішкі өндіріс құнын қоссақ әлем экономикасының 40 пайызын иелейді, оның 24 пайызы АҚШ-қа, 16 пайызы Қытайға тиесілі. АҚШ әлемдегі ең ірі ипмпорттаушы ел және екінші ірі өндіруші ел. Экономикасының 80 пайызы қызмет өтеу кәсібіне тәуелді. 19 пайызы өнеркәсіпке, тек 1 пайызы ғана ауыл шаруашылығына тиесілі. 2014 жылы екі елдің жалпы сауда көлемі 555 млрд доллардан асып, алмасқан инвестиция көлемі 1,42 трлн долларға тең болған. Ал, осы инвестицияның басым көбі АҚШ-қа тиесілі еді.
АҚШ тың өзге елдермен сауда байланысы:
Экспорт | 1.66 триллион доллар | импорт | 2.54 триллион доллар |
Ауыл шаруашылық | 10.7% | Ауыл шаруашылық | 10.5% |
Мұнай, кен | 9.4% | Мұнай, кен | 10.7% |
Өнеркәсіп өнімдері | 74.8% | Өнеркәсіп өнімдері | 78.4% |
Басқа | 5.1% | Басқа | 4.2% |
Экспорт | Импорт | ||
ЕО | 18.7% | қытай | 21.4% |
Канада | 18.3% | Еуро одақ | 18.9% |
Мексика | 15.9% | Мексика | 13.2% |
Қытай | 8% | Канада | 12.6% |
Жапон | 4.4% | Жапон | 6% |
Басқа | басқа | 27.9% |
Қытайдың басқа елдермен сауда қатынасы:
Экспорт | 2.49 триллион доллар | импорт | 2.14 триллион доллар |
Ауыл шаруашылық | 3.2% | Ауыл шаруашылық | 9.5% |
Мұнай, кен | 2% | Мұнай, кен | 21.3% |
Өнеркәсіп өнімдері | 94.3% | Өнеркәсіп өнімдері | 64.4% |
Басқа | Басқа | 4.8% |
Экспорт | импорт | ||
АҚШ | 19.25% | Еуродақ | 12.82% |
Еуродақ | 16.43% | Шығыс оңтүстік азия | 12.58% |
Шығыс оңтүстік азия | 12.83% | Корей | 9.58% |
Гонконг | 12.16% | Жапон | 8.45% |
Жапон | 5.91% | Тайвань | 8.32% |
Корей | 4.37% | АҚШ | 7.24% |
Үндістан | 3.08% | Үндістан | 4.03% |
Ресей | 2.64% | Бразилия | 3.63% |
Кестедегі санды мәліметтерге қарап Қытайдың ірі сауда елі екенін, сыртқы саудаға тәуелділігі АҚШ-тан жоғары екенін көруге болады. АҚШ Қытай экспортының 20 пайызын қабылдайтын ел. Сауда соғысында АҚШ тарабы Қытайдың осы 20 пайыздық экспорттық тауарларын зерделей отырып кедендік салықты жоғарлатты. Қытайдың АҚШ-қа шығаратын тауарларының жалпы құны 500 млрд доллардан асады. Трамп әкімшілігі бұның жартысынан көбіне, яғни, 300 млрд доллар көлеміндегі тауарға салық салып отыр. Ал АҚШ-тың Қытайға бағытталған экспорты тек 8 пайызды құрайды. Оның құны 120 млрд доллар көлемінде ғана. Осы арқылы есептегенде сауда соғысында Қытайдың тартқан зияны АҚШ-тан үш есеге көп.
Бұған қоса, Қытай 200-ден астам өнімді өндіруде әлемде бірінші орында тұрғанымен, бұл өнімдердің көбі шетелдік қаржы немесе технологияға сүйенеді.
Сауда соғысының себептері: Құрама Штаттың лидерлік орны
Америка Құрама Штаттары бір ғасырдан астам уақыттан бері әлем экономикасының көшбасшысы болып келді. Әрі, шетел қаржысын көбірек баураған ел ретінде белгілі. Кеңес одағымен болған «Қырғи-қабақ соғыстың» да бір парасы экономикалық бәсекеде жатыр. Кеңес одағы экономикасы ең шарықтау шыңына шыққан кездің өзінде АҚШ экономикасының 60 пайызына жете алған. Экономикасының басты кірісі мұнай мен кен өнімдерін экспорттаудан кірген. Ал, сол экономикасының 70 пайызын әскери-қорғаныс саласына аудару Кеңес одағын ядролық держава еткені белгілі. 1970 жылдары АҚШ Орта Шығыс елдерінің мұнайы арқылы Кеңес одағының мұнай экспортына соққы жасады. Нәтижесі Кеңес одағының ыдырауына алып келді.
1980 жылдары Жапония қарқынды экономикалық даму көрсетіп, әлемнің екінші ірі экономикасы болып тұрды. АҚШ экономикасының 60 пайызына дейін жеткен. Алайда, 1989 жылғы дағдарыстан кейін 20 жыл бойы есеңгіреген күйде болды. әлемді жалт қаратты. АҚШ экономикасының
Ал, қазір Қытай экономикасы АҚШ экономикасының 65 пайызына тең. Бір қызығы, Қытай экономикасының 70 пайызы Кеңес одағы секілді белгілі бір салаларға ғана тәуелді. Айталық, тұрғын үй, инфрақұрылымдарға жұмсалған. Тіпті, 2011 жылы Қытайдың құрылыс және инфрақұрылымдарға пайдаланған цементтерінің жалпы көлемі АҚШ-тың 70 жылда пайдаланған цементінен асып кеткен. Бұндай үрдіс Қытайда жылжымайтын мүліктер құнының жоғарлатып көпірме экономика қалыптастырды. Қытай экономикасының осал тұсы да осы еді. Бұған қоса Қытайдағы шетел қаржысының 30 пайызы АҚШ-қа тән. АҚШ енді өз лидерлігіне таласу мүмкіндігі бар Қытай экономикасының «жынын қағып алуы» мүмкін.
2018 жылы АҚШ Қытайды «халықаралық сауда заңының принциптеріне сай жұмыс істемей отыр» деп айыптады. Президент Трамп кезекті бір мәлімдемесінде АҚШ Қытайға жыл сайын 500 млрд доллар көлемінде ұтылып отырғандарын айтып, сауда теңсіздігі туралы баса сынға алды. Трамптың Қытайды сауда теңсіздігі бойынша айыптауына көптеген елдер келіседі. Себебі, Қытай 2001 жылы ДСҰ-ға мүше болған кезде шетелдік тауарларға төмен тариф белгілеуге келісім берген. Бірақ, бұл келісімді қазірге дейін орындаған емес. Қытай АҚШ тауарларынан 25 пайыз көлемінде кеден салығын алып отыр. Бұдан бұрын Қытай экономикасының әлсіздігін ескеріп, АҚШ тарабы бұған кешіріммен қарап келген. Алайда, Қытай экономикасы дамығанымен де осы үрдісін жалғастырды. Трамп айтып отырған 500 млрд доллар міне осы 25 пайыздық тариф арқылы Қытайға құйылып жатқан АҚШ қаржысы еді. Бұларға қоса Қытайдағы 100 мыңдаған америкалық кәсіпорындары екі елге бірдей пайда келтіріп отырды. Бірақ, Қытайдың күн сайын ұлғаюы АҚШ-қа жаңа қауіптерді ала келді. Міне осылардан кейін АҚШ Қытай экономикасына қарсы шектеу шараларына қадам басты.
Технология жарысы немесе «Қытайлық брендтер – 2025»
1980 жылдардан бастап триллиондаған қаржы Қытайға құйылып жатты және сол қаржымен бірге шетелдік технологиялар да Қытайға ағылды. Қытай осы шетелдік технологияларды көшіру, ұрлау арқылы өз технологиялық мүмкіндіктерін де дамыта түсті. Тек ел ішінде ғана емес, шетелге білім алуға барған қытайлық студенттерде технология жаңалықтарының Қытайға жеткізілуіне жұмыс істеді. Айталық, АҚШ-та білім алатын 60 мыңнан астам қытайлық студенттер есебінен АҚШ-қа 170 миллиард доллар кіріс кіреді. Алайда, Қытай осы студенттер арқылы АҚШ технологияларын, ғылыми жаңалықтарын ұрлап келген. Бұл Құрама Штаттағы зияткерлік меншік құқығына ауыр зиян келтірді. Қытайлық студенттерден кіретін кірістен көрі қауіптің күшті болатынын білген Уашингтон билігі қытайлық студенттер мен зерттеушілердің елге келуіне шектеу қоя бастады.
Бұдан тыс, Қытай өзінің арзан еңбек күші арқылы шетелдік өндірушілерді еліне тартқан болатын. Әлемнің 28 пайыз өнімін өндіргенімен бұлардың арасында бренд өнімдер тым аз еді. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін Бейжің үкіметі «Қытайлық брендтер – 2025» стратегиясын қабылдады. Жобаны жүзеге асыру үшін мол инвестиция аударды және шетелдік мамандарды да көптеп тартты. Сол арқылы информация, цифрлы технология, электр-технологиясы, робот жасау, авиация, теңіз инженериясы, атом энергиясы, медицина саласы және автокөлік пен энергетика саласында әлемнің алдынғы қатарына шығуға талпыныс жасады. Жоспар бойынша 2025 жылы аталған салаларда Жапония мен Германияны басып озбақ болды. Қытай үкіметінің бюджет қоржыны толық болғандықтан бұл жобаны жүзеге асыруға да мүмкіндігі бар еді. Бірақ, бұл Құрама Штатты қатты алаңдатты. АҚШ өзінің технология саласындағы үстемдігіне қатер төнгенін анық байқап, қарсы шараға көшті. АҚШ жоғары тариф белгілеген Қытай тауарлары арасында электронды жабдықтардың көп екені белгілі. Бұл Қытайдың электр-техникалық өнімдерінің сатылуына соққы беру дегенді білдіреді. Бұған қоса, Huawei, HTC қатарлы қытайлық брендтерге де түрлі шектеулер қоя бастады. Соған қоса екі ел арасында 5G техникасы саласында да бәсеке де қыза түсуде.
Қытайдағы АҚШ доллары
Қытай ең ірі сауда елі болғандықтан сыртқы қорында 3.1 триллионнан асатам АҚШ доллары сақталған. Әлем елдері арасында 66 пайыз сыртқы сауда АҚШ доллары арқылы жүргізілетіндіктен, долларға деген сұраныс жоғары. Ал, АҚШ доллары Қытайдың АҚШ-тан келетіні түсінікті. Бұған Қытайдың АҚШ-қа бағытталған 20 пайыз экспорты да дәлел. Ал, сауда соғысы басталғаннан бері Қытайдың сыртқы қорынан 1 трлн долларға жуық (994 млрд) жуық қаржысы азайған. Сыртқы инвестиция да доллар арқылы жүретіні белгілі. Сондықтан да, Қытай доллар тапшылығынан 2019 жылы сыртқа аударған инвестициясы 50 пайызға дейін қысқарған. Бұл Қытайдың сауда қуатының әлсіреуіне әкеліп соғады.
Шетелдік компанияларды Қытайдан шығару
1970 жылдары АҚШ пен Батыс Еуропадағы экологиялық дағдарыс қаупі өндіріс орындарын сыртқа шығаруға итермеледі. Осы кезде сыртқа есік ашқан және арзан еңбек күшке бай Қытай басты сұраныста болды. 1979 жылдан бастап шетелдік компаниялар, зауыт-фабрикалар Қытайға ағылды. Сол жылдың өзінде Жапония Қытайға жылдық өсімі 3 пайыз және 30 жылдық мерзіммен 50 млрд доллар қаржы салды. 40 жылда Қытайға 2.1 триллион доллар инвестиция салынды. Жалпы саны 660 мың шетелдік кәсіпорын Қытайда жұмыс істеп тұрған болса соның 30 пайызы америкалық кәсіпорындар еді. 2013 жылға жеткенде Қытай ЖІӨ-ның 65% шетелдік компаниялардан кірді. Қытайдағы шетелдік компаниялар сыртқы сауданың басым көп бөлігін иеледі, мемлекет кірісінің үштен бір бөлігін еншіледі және экспорттың 66 пайызын меншіктеді. Қытайда Тайуанның (Тайвань) 80 мыңға жуық компаниясы орналасты. Бір ғана Foxconn компаниясы арқылы 1 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылды. Осы компаниялардың кірісі Қытайдың Юннан, Гуйжоу, Гансу және Шынжаң сынды провинцияларының ЖІӨ-не тең болды.
Егер Қытайдағы осы шетелдік компаниялар бір күнде шығып кететін болса, Қытай экономикасы орнынан тұра алмастай күйде қалар еді. АҚШ сауда соғысы кезінде осы компанияларды біртіндеп Қытайдан шығарудың жолдарын қарастырды. Кәсіпорындарға салықты азайту арқылы өз компанияларын кері қайтуға шабыттандырды және Қытайда өндірілген тауарларға тарифті жоғарлату арқылы да компаниялардың Қытайдан шығаруға тырысты.
Бұдан тыс 40 жылдан бері Қытайға толассыз ағылған қаржы Гонконг арқылы ағылып өтіп тұрды. Гонконгтағы әлеуметтік толқулар, толассыз наразылық шаралары Қытайдың күре тамырын буып тастағанмен бірдей болды.
Сауда соғысының салдары
30 миллионнан астам кәсіпорыны бар Қытайда соңғы жылдары 5 млн кәсіпорын жабылды. Соның көбі шетелдік кәсіпорындар еді. Тікелей сауда соғысының ықпалынан жабылған кәсіпорындар санының өзі 2 миллионнан асады. Гуаңдуң провинциясында жекелік кәсіпорындардың құны 236 миллиард 400 млн доллар болып 5 пайызға азайған болса, мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар құны 93 млрд 500 млн доллар болып, 15 пайызға артқан. Ал, шетелдік кәсіпорындар құны 2017 жылғы 184 млрд 900 млн доллардан 2018 жылы 165 млрд 100 млн долларға дейін азайған.
Сауда соғысының нәтижесінде Қытайдағы шетелдік өндірушілер Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қарай кете бастады. Тіпті, Қытайдың «Хуавей» компаниясы да зауытын Италияға көшірді.
Қытай ұлттық валютасының бағамын төмендету арқылы компанияларының шығынын жеңілдетіп жатса, АҚШ жоғары салықтан түскен пайданы зардап шеккен салаларға салу арқылы экономикалық жебеу шараларын жасауда. Айталық, былтыр ауылшаруашылық саласына 16 млрд доллар көлемінде көмек берілді.
Сауда соғысының Қазақстанға пайдасы
Екі елдің сауда соғысына байланысты АҚШ өзінің ауылшаруашылығын басқа елдер арқылы Қытайға кіргізуді көздегені рас. Ал, Қытай кейбір өнімдерін шетелде өндіру арқылы жоғары тарифтен құтылуға тырысты. АҚШ ауылшаруашылық саласында зиян шегіп жатқандықтан, ыңғайлы елге өз технологиясы және қаржысын салу арқылы зиянның орнын толтыруға тырысады. Ал, Қытайда ірі қара саны 120 млн болса, қой, ешкі, шошқа саны 470 млн шамасында. Бұл Қытайдың алып тұтынушылар базарын қамдауға мүлде дәрменсіз. Бұл айтылған жағдайлар Қазақстанға жаңа орайдың дабылын қағып тұрғаны белгілі. АҚШ-тың қаржысы және ауылшаруашылық технологиясы арқылы Қытайдың алып нарығын қамтамасыз етуге ұмтылса, бұл жағында жүйелі, сыбайлас жемқорлықтан ада жұмыс жасалса Қазақстан үшін аса пайдалы болмақ.