22 тамыз Бразилия президенті Жайр Больсонаро атақты Амазонка орманының өртенуіне қатысты мәлімдеме жасап, шетелдік державаларға килікпеу жайында ескертті. Тамыз басынан бері жердің тынысы «өкпесі» атанған мәңгі жасыл орманның отқа орануы Бразилияға қаратылған халықаралық сыни айыптауларға ұласқан еді. Президенттің айтуынша тілсіз жау фермерлердің тропикалық орманда заңсыз от жағуынан туған.
Франция президенті Эммануэль Макрон және БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш екеуі де твиттерде осы жылы рекордтық деңгейге жеткен өрттер жөнінде алаңдаушылығын танытып, тіршілік компонентін қамтамасыз етуші ең ірі жасыл аймақтың бүлінуі – климаттың өзгерісіне әкелуі мүмкін деп қауіптенетінін айтқан.
Больсонаро сөз еткен килікпеу туралы «Мұнда қаражат аударып жатқан елдер бізге қайырымдылық таныту үшін емес, біздің суверенитеттік егемендігімізге қол салу үшін араласып жатыр», – деген уәжін білдірді фейсбук парақшасында. Бірақ, ол өткен аптаның бейсенбісінде өзі Амазонка көлемі Еуропамен шамаластығын алға тартып, өртпен күресуде ресурс тапшы екенін айтқан болатын. Билік келтірген деректер бойынша, Амазонка алқабындағы өрт оқиғалары алдыңғы жылдарға қарағанда 83%-ға дейін өскен. Тіпті экспансивті жалынның түтіні ғарыштан NASA және NOAA спутниктерінде де байқалған. Ұлттық ғарыштық зерттеулер институты – INPE жыл басынан бері 73 000 астам, ал тамыздың алғашқы бейсенбісінен бері 9 500 өрт болғанын анықтаған. 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 000-нан аз болған. 60%-ы Бразилия жерінде жатқан орманды қызыл от шарпуы әлі де мемлекет қауқарына қарсы айыптауларды күшейте түсуде.
Орман өрттерінің түтіні дүйсенбі күні 1700 мильден асып, қара түтін Бразилияның ірі қаласы Сао Паулуға да жетіп, экохаос тудырған.
Епископ конференциясы Латын Америка елдеріне аталмыш трагедияға қатысты шұғыл жұмылып, тропикалық қалың жынысты орман мен жақын маңдағы тұрғындарды қорғау бойынша қажетті шараларды қолға алуға үндеді. Конференция хабарламасында «Біз Амазонка елдерінің үкіметін, әсіресе Бразилия мен Боливияны, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық қауымдастықтарды жасыл әлемді құтқару үшін маңызды шаралар қабылдауға шақырамыз», – делінген.
Боливиядағы Амазонка бөлігі де қызыл жалынға жем болуда. Шенеуніктердің мәлімдеуінше, соңғы күндері ауданы америкалық Делавэр штатымен шамалас аймақ күлге айналып үлгерген.
Жаз айында жер бетінде өрт жиілей түскен. Шілдеден бері Сібір ормандары да ұзақ уақыт бойы өртеніп, табиғи биоценоз жүйесіне орасан зор шығын келген тұғын. Адамзат табиғатты қорғауда әлсіздік танытуда, қауқары шектеулі.