АВТОР.: Мектептегі тағы бір оқиға. Жаны таза, ислам дінімен сусындаған, иманы берік адамның болмысы іс-әрекетінен де көрініп тұратын. Мектепте қазақ қызын арам тағамнан жирендіремін деп арпалысқаны бар.
Шу ауданының орталығы Новотроицкіге Қарағанды қаласынан Чултуров деген хирург ауысып келеді. Хирург тапшы мамандықтардың бірі еді. Чултуровтың өзі қазақ болғанымен, тілі орысша екен. Өзі ғана емес, Сайлаудың сыныбына келген Мағрипа есімді қызы да орысша сайрайды. Қазақша тіл қатса, ол: «я не знаю казахский язык», – деп сөз қайтарады. Содан да болар, екеуінің арасында көзге көрінбейтін ала көлеңке түседі.
Мектепте буфет жоқ, балалар тамақты үйден әкелетін. Бір күні үзілісте Сайлау Мағрипаның шошқаның салосын (майын-ред.) нанға қосып жеп отырғанын байқап қалып, жанына жетіп келеді.
– Мынау не?
– Это сало.
– Сен қазақсың, мұсылмансың ғой!
– Да, ну и что.
– Таста! Мұсылмандар шошқа етін жемейді.
– Нет! Какое твое дело!
Бүкіл сынып қарап тұрған. Намыстанып кеткен ол қыздың қолындағы салоны жұлып алып, жерге ұрады. Мағрипа жылап ойбай салады, айнала қоршаған орыс балалар «ах, ты какой, мы думали ты хороший мальчик, а ты оказывается хулиган, националист», – деп шулап кеткен. Сынып жетекшісіне жүгіргендері де бар. Дереу жеткен мұғалімі Сайлауға ұрсып, мектеп директорына алып барады. «Бұл не қылғаның?» – дейді директор. «Она мусульманка, ей нельзя кушать запрещенную свинину», – деп бұл да бетінен қайтпай тұрып алған. Оның уәжіне мектептің орыс басшысы қарсы тұра алмады. Мұсылмандарға доңыздың еті харам екені Құранда жазылған. Мына қайсар оқушы соны көлденең тартуда. Шарасы таусылған директор соңында: «жарайды, маған келіп болған жайды білдірсең, ол қызға ақыл айтар едім», – деп жылы сөйлеп, оқиғаны жауып тастайды.
«Мүмкін соның әсері шығар, кейін қазақша сөйлемейтін сол қыз қазақ жігітке тұрмысқа шығыпты. Жамбыл облысы Атқару комитетінің председателі С. Аққозиев деген ағаның жақын туыс тары екен. Бертінде Мағрипамен С. Аққозиевтің үйінде бір дастарханның басында кезіктік. Мен оны бірден таныдым. Қолындағы шошқаның майын тартып алғаным, оның да есіне түскен болу керек. Әрине, ондай жағдай ұмытылушы ма еді. Ол менімен қазақша сөйлесті», – деп күлді Сайлау аға. Мағрипаның ойбайлаған бейнесі көз алдына тағы бір рет елестеп өткен болу керек деп ойладым.
Иә, бодандық заманда қазақтың оқыған азаматы аз болатын. Бірақ бойда білім болғанмен, ойдан дегдар қасиеті жоғалса бәрібір емес пе. Ғылым білдім, жеттім дегендердің ұрпағы шала жетіліп жатқан кез еді. Арам менен адалды айыра алмаған халық адасуға бет алған. Қазақтың бүгінгі қаракөз қызы, ертеңгі анасы бойын араммен аламыштай бастаған. Қарақан басын ғана күйіттеген біраз ел ағалары, бұған көз жұма қараған сол ауыр жағдайда, батыл жүректілер ғана аюдай алысудан тайынбайт ын. Бірақ олар аз, таңғы аспанның жұлдызындай сирек болды.
Оқушы Сайлаудың балалық ойынынан гөрі, білімге көп бейімділігі мына істен де байқалады. Кәдімгі қабырғаға ілетін күнтізбе тек орысша, неге қазақша шықпайды деген мәселе оны мазалайды. Календарь кітапша датаны белгілеумен қоса, сол күнге қатысты тарихи оқиғалар мен тұлғалар жөнінде ақпарат береді. Танымдық, тәрбиелік маңызы бар, ал қазақшасы жоқ. Осы ойын мектеп баласы «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас алаш») газетіне жазады. Редакциядан календарьдың болашақта қазақша басылатыны айтылып жауап келді. Бірнеше жылдан кейін календарь қазақ тілінде де шығады. Бір қызығы, «Лениншіл жас» газетіне жазған осы хат туралы арада көп уақыт өткен соң газеттің бас редакторы, белгілі журналист, қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың өз аузынан естіген. Сәкең мен Сейдахмет аға-інілік, жақсы достық қарым-қа тынаста болды. Екеуі көбіне ұлттық мәселені, Мәскеудің үстемдік саясаты тұрғысында ашық әңгімелесіп, ойлары бір жерден шығатын. Бір күні күнтізбеге байланысты сөз туып, Сәкең мектепте жүргенде газетке осы тақырып жөнінде хат жазғанын тілге тиек етеді. Сол кезде есіне осы жағдай түсе кеткен Сейдахмет «тұра тұр, мен «Лениншіл жас» газетінің редакторы болып жүргенде осындай бір хат алғамыз. Көтерілген тақырып жақсы болғандықтан, оны редакцияда талқылап, Республика Баспа комитетіне жолдағанбыз. Бала күніңнен тіл мәселесін көтерген, хаттың авторы сен екенсің ғой», – дейді.
АВТОР.: Сіз әңгімелеген «Мағрипа оқиғасы» қазақтың қасиеті қашып, ар-ұяты жиі қолжаулық болған кездің боямасыз көрінісі екен. Намысқа тиетін мұндай оқиғалар университет қабырғасында да көрініс берді ме?
С. Б.: Әрине, болды. Мына бір жағдай есімнен кетп ейді. Ташкентте соңғы курста оқып жүрген кезім. Бір күні өзбек жігіттер келіп, «мұнда бір қазақ қызы еврей жігітімен жүреді. Ашықтан-ашық құшақтасып, сүйісіп отырады, қазақтың қызы ғой, ұяты қайда?» деп намысымызға тиді. Біздің университетте қазақтың біраз қыз-жігіттері оқитын. Өзбектер өздері мұндайға қатты намысты ғой. Әлгі еврей жігіті Мәскеуден келген студент екен. Алтынбек деген досыма осы жағдайды айтып: «анау жігітпен сөйлесемін», – дедім. Сосын, кешке қарай қыздың жатақханасына бардық. Қызға ескертіп, «мынауың ұят қой, тоқтатсаңшы!» деп айтпақпын. Барсам екеуі көшеде құшақтасып келе жатыр. Әлгі студенттен: «сен мына қызды шынымен сүйесің бе?» – деп сұрасам, «жоқ, әншейін, жай жүрмін», – деп қарап тұр. Ашуым бойыма сыймай кетсе керек, жалма-жан жақтан тартып жібердім. Қорқақ біреу екен, алды-артына қарамай зытып берді. Әлгі қызымыз айғай салып, бүкіл жатақхананы шулатты.
Алдында бір жыл Сирияның Дамаск университетінде оқып қайтқан едім. Дамаскіге кетпес бұрын партияның кандидаттығына өткенмін. Университетте комсомол комитетінің мүшесімін, ол дегеніңіз едәуір абыройлы жұмыс. Жастарды комсомолға қабылдау, өту осы комсомол комитеті арқылы жүргізілетін. Партия мүшесі атынан екі ұсыныс болса, үшінші қолдауды комсомол комитеті беретін. Прокуратура, милиция және түрлі әкімшілік орындарға партия мүшесі болсаң ғана қызметке тұра аласың. Көптеген қазақ студенттернің партияға өтуіне көмектестім. Партия мүшелігіне өтуге жақын қалғанда аяқ астынан осындай жағдай туындады. Ол уақытта «интернационализм» деген ұран биік кез. Ұлтқа бөлуге болмайды. Сонымен не керек, шулаған қыздардың бір тобы «шығыстану» факультеті деканына «Сайлау ұлттар достығына қарсы хулиган» деп шағымданып үлгеріпті.
Бірер күн өткен соң мені партияға қабылдайтын жиналыс болды. Партбюро мүшелерімен бірге, декан да бар. Мына жақта менің Гарикті сабаған «ұлтшылдығымды» жайып салмаққа, тағы бір топ қыздар анталауда. Ішімнен «шаруам біткен шығар» деп ойладым. Енді, бірнеше қыз шулап тұрса, қалай таласасың? Парторг анкетамды, жақсы мінездемемді оқып берді. Басқа пікірлер тыңдалатын кезде қыздар мені жамандап шулай беріп еді, «тоқтай тұрыңдар, бюро мүшелері ғана сұрақ қояды», – деп декан оларды тыйып тастады. «Сирияда Дамаск университетінде еңбек тәжірибеден жемісті өтті, оқуы жақсы, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады, партияға өтуге лайықты», – деп декан өз пікірін айтты. Соңында, «басқа ұсыныс жоқ», – деді де, шулағандардың аузын да аштырмастан мені партияға өткізіп жіберді. Сонымен, «партия» қатарына өтілсін деп шешім қабылдады.
Дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының өмірі мен қызмет жолына арналған "Тәуелсіздік жолындағы дипломатия" кітабынан.
Автор: Мұрат Алмасбекұлы
“The Qazaq Times”