«Шекарасыз журналистер» ұйымының өткен айда жария еткен мәліметіне қарағанда, әлемде журналистер үшін қауіпсіз елдер саны азайып барады. Есесіне, авторитарлық режимдердің бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуі барған сайын күшеюде. Әлем елдерінде ақиқатты ашқаны үшін өлтірілген журналистер саны да көбейген.
1993 жылы халықаралық қауымдастық 3 май күнін Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні ретінде белгілеген еді. Ол күні әлемде қызмет барысында қаза тапқан журналистер еске алынады. Халықаралық Журналистика Федерациясының мәліметіне қарағанда былтыр 95 журналист қастандықпен өлтірілген.
Былтыр солардың арасында бұрынғы сауд арабиялық журналист Жамал Хашоггидің өлімі әлемнің назарын өзіне аударған еді. Сауд әулеті билігінің қараңғы құпияларын ашқан журналист бір адамның бұйрығымен, басқа емес сол елдің Түркиядағы елшілігінде өлтіріліп, боршаланған денесі әр жерден табылған еді. Бұл әлем жұртшылығын әділет пен ақиқат үшін, журналистердің тағдыры үшін ойлануына түрткі болып еді. Атағы аспандап, алапасы өрлеп тұрған мұрагер ханзада Мұхаммед өзіне тағылған айыпты мойындамады. Алайда, көптеген елдер бұл үшін Сауд Арабиясының үкіметін жазғырды.
Бір ғана Хашогги емес, Малтада жемқорлық туралы зерттеу жүргізген жауынгер журналист Дафни Каруана Гализия да ақиқат үшін күрескен журналист ретінде елдің қолдауына ие болды. Бұлардан тыс авторитарлық режимдер жағынан атылған, асылған, сотталған, түрмеленген журналистер де жетерлік. Террорлық ұйымдар тарабынан іздеу салынып, азаппен өлтірілген репортер саны да бірнеше ондап саналады.
Бұл үрдіске байланысты Журналистердің Халықаралық Федерациясы мен «Шекарасыз журналистер» ұйымы әлем жұртшылығын журналистерді қолдауға шақырған.