Әлем елдерінің басшылары Украинаның жаңа президентін құттықтап жатқан кезде, Кремль жақ кірісін ашпады. Бірақ, президент Путин Украинаның шығысындағы Донецк пен Луганск облысының тұрғындарына жеңілдетілген жолмен Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойып, ресми атқаруға берді.

Кезінде президент Порошенко бұны Ресейдің Украинаның шығысында әскери әрекет жүргізуге құқықтық мүмкіндік алу үшін жасап отырғанын айтқан. «Өздерін Донецк пен Луганск Халықтық Республикасы» деп атаған аймақ тұрғындары жеңілдетілген жолмен Ресей азаматтығына өтер болса, бұл Ресей қарулы күштерінің өз азаматтарын қорғау желеуімен аймақта әскери операция жүргізуіне құқықтық мүмкіндік береді. Себебі, РФ Конституциясында Ресей шетелдегі азаматтарын қорғауға міндеттелген.

Негізінде, РФ заңына сәйкес, Ресей азаматтығы ел территориясында 5 жыл тұрғаннан кейін және орыс тілінен алынатын емтиханнан өткеннен кейін ғана беріледі. Кремльдің бұл қадамы Украинаның жаңадан сайланған президенті Владимир Зеленскийге жасаған қысым қатарлы да бағалануда.

Аймақта қанша тұрғын бар?

Аталған екі аймақтағы тұрғындарына жеңілдетілген жолмен Ресей азаматтығы берілсе және бұл әрекеттері нәтижелі болып жатса, онда Ресейдің демографиялық жағдайына бірқатар өзгерістер алып келеді. Донецк пен Луганск облыстарында қанша тұрғын бар екендігі жайлы нақты мәлімет жоқ. Өздерін «Донецк пен Луганск Халықтық Республикасы» атаған ұйымның көрсеткен мәліметіне нансақ, өңірде 3,7 млн адам жасайды.

Алайда, Украинаның ресмилері болса бұл аймақта 2,7-2,8 млн шамасында халық бар екенін, көптеген тұрғынның Ресейге көшіп кеткенін айтқан. Ресей ІІМ де кезінде Украина шығысынан миллионға жуық халық көшіп келді деп мәлімдеген.

Ресей азаматтығын алу біржақты жүзеге аспауы мүмкін

Қазірге дейін Путин қол қойған жарлыққа Украина шығысындағы қайсы аймақтарға қаратылғаны белгісіз. Екі ел заңына сәйкес бір елдің азаматтығынан бас тартқаннан кейін ғана екінші елдің азаматтығын алуына болады. Демек, аталған екі облыс тұрғындары Ресей азаматтығын алу үшін ең әуелі Украина азаматтығынан бас тартуы керек.

Ресей азаматтығын беруге құзіретті мекемелері Ішкі істер министрлігінен тыс, шетелдегі елшіліктері болып саналады. Путин қол қойған жарлық бойынша екі облыс тұрғындары Ресейдің Ішкі істер министрлігі арқылы алуы керек. Донецк пен Луганск облыстарында Ресейдің ІІМ бөлімшелері жоқ. Демек, Ресей азаматтығын алғысы келген тұрғындар көршілес жатқан Ростов облысына баруы керек.

Ресей азаматтығын тарату бұдан бұрын да Ресей-Грузия тіресі кезінде де болған. Сол тұста Абхазия тұрғындарына Ресей азаматтығы жаппай таратылып еді.

Мәскеудің көздегені

Бірқатар елдің басылымдары бұл туралы сараптауларында, Ресейдің кезекті қадамы жаңа президентке деген ескерту деп бағалаған. Расында да, аталған екі облыс тұрғындарына Ресей азаматтығын беру Мәскеу үшін аса маңызды да, керек те емес. Онсыз да бұл аймақтың тұрғындары Ресейге емін-еркін кіріп шығып жүр. Тек, Мәскеу бұл арқылы жаңа президентке белгілі дәрежеде қысым түсіріп, келіссөздерді қайта бастаудың мүмкін еместігін көрсеткісі келеді. Сол арқылы Украинаны келіссөз талаптарын жеңілдетуге көндіргісі келеді.

Зеленский бұл жөнінде жалт қаратар мәлімет жасамады. Тек, бұл бейбітшілік пен соғыс тоқтатуға кедергі келтіреді деген мағынадағы бағасын ғана берді. Ал, Украинаның СІМ тарабы Донецк пен Луганск тұрғындарын Ресей азаматтығын алмауға шақыруда. Қазірге, Украина тарабы бұған қарсы көрнекті қадам жасамады деуге де болады. Жаңа сайланған Зеленский өз «командасымен» Ресейге қандай позиция ұстанатыны да белгісіз.

“The Qazaq Times”