Бүгінде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер қатары артып келеді. Бизнес пен бәсекеге қабілетті адамдар санының көбеюі – әл-ауқатымызды арттырып, экономикамызды дамытады.
Үкіметтен несие алып, абердин-ангус асылтұқымды сиырларды көбейтумен айналысып жүрген кәсіпкердің бірі – Жамбыл облысы Шу ауданы Алға-1 ауылының тұрғыны Сәбит Мейірханұлы. Ата кәсіп мал шаруашылығын дамытудағы тәжірибесі туралы әңгімелескен едік.
- Жастар жаппай қалаға ұмтылып жатқан кезде сіздің ауылда қалып, мал шаруашылығымен айналысуыңызға не себеп болды?
- Жаңадан 9-сыныпты бітіріп, өмірге деген көзқарасымды үйден алған тәлім-тәрбие арқылы туралап, Ақтөбе қаласына арман қуып, жолсерік мамандығын игеруге аттандым. Бірақ күтпеген жерден Ақтөбе қалалық медициналық колледжіне дантист мамандығына оқуға түстім. Колледжді үздік тәмамдап, жоғары оқу орнында білімімді жалғастырайын деп Ақтөбе облыстық медицина университетіне тест тапсырғаныммен, 1 балл жетпей грантқа түсе алмадым. Ақылды оқуға ата-анама салмақ салғым келмеді. Ауылға қайтып келіп бір стоматологияға жұмысқа қабылдандым. Бірақ жалақысы өте аз еді. Көп ұзамай жеке фирмаға сауда өкілі болып жұмысқа орналастым, бүгінде сол фирмада директордың орынбасары қызметіндемін. Жұмыс істей жүріп Әулие Ата атындағы колледждің заң факультетіне оқуға түсіп, кейін жоғары білімді ТарМУ-дан алдым.
Бос уақытымда әкемнің бас-аяғы 10 шақты сиыр, 70-80 бас қойына қарап, бас-көз болып жүрдім. Үйдің қара шаңырақта қалатын кенжесі өзім болғандықтан ендігі жерде ауылда қалатыным анық еді. Құр жүргенше мал басын көбейтейін деп шештім. Сол уақытта Канададан асылтұқымды абердин-ангус ірі қара мал тұқымы келіп жатқан болатын. Осы тұқымды естіген соң ізденіп, сұрастыра бастадым. Естігенімдей, сипаты бөлек, сиыр тұқымдарының ішіндегі өте сапалы ет беретін тұқым екен. Негізгі бағыты – етті бағыт. Былай айтқанда салмағы ауыр, егер бұқасын бордақылаған жағдайда, етті салмағы 700-800 кг-ға дейін жетеді екен. Өзінің таза тірі салмағы 1300-1500 кг болатын тұқым. Өзім жинаған ақшаларыма қосып, үйімді кепілдікке қойып Үкіметтен 4 млн теңге шамасында несие алып, Қордай ауданынан 27 бас сиырды сатып алып, мал шаруашылығымен толықтай айналыса бастадым.
- Абердин-ангус тұқымын бағу оңай болмаған шығар, сиырлардың жерсінуі, климатқа үйренуі қалай болды?
- Мен сатып алған кезде сиырлар Канададан 1-1,5 ай бұрын келген екен. Бөтен жердің, басқа климаттың малы біздің жерге, күннің ыстықтығына әрең үйренді. Одан кейін біздің малдар өріп жайылса, бұл тұқым тұрып жайылады екен. Өрістен, табыннан қалып қалады. Абердин-ангус сиыр тұқымдарының ішінде сапалы ет бергенімен, жақсы азықтандыру мен бағып-күтуді қажет етеді екен, дегенмен тез жетіледі.
Мал баққанға бітеді, малдың бейнеті көп. Неше түрлі қиын кездер болды. Қыстың күні малдың шөбі аздау болса, қыс қатты болса, көтерем болып қалуы мүмкін. Сосын малдың неше түрлі ауруы бар, мысалы сиырдың 40 түрлі кеселі бар. Оның үстіне малшылар жақсы қарамаса, мал ұстау, оның бабын келтіру қиын.
- Мал шаруашылығымен айналысу үшін несие алуда қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?
- Ауыл шаруашылығымен айналысу үшін несие алу өте ұзақ уақытты алады. Қағазбастылық, құжаттардың соңынан жүгіру оңай емес. Мен де ортан жолға келгенде, шыдамым таусылып, қолымды бір сілтегім келді. Бірақ бастаған істі аяғына жеткізуім керек болды. Құжаттарын реттеуге алты ай уақыт жұмсадым. Талмай, артынан жүгіргеннің арқасында несиені алып, мал шаруашылығы кәсібімді бастап кеттім. Бұл – менің жағдайым, ал қарапайым ауыл тұрғындары үшін сонша уақыт пен қаржыны жұмсап несие алу деген қиын. Құжаттар санын немесе оның қаралатын уақытын азайтса, біршама халық мал шаруашылығымен айналысуға ниетті.
Оңтүстік Қазақстанда жайылымдық, игерілмеген жер көп. Оларды арықтық суаруды қажет етпейтін дәнді-дақылдарды ексе болады деп ойлаймын. Бизнес-жоспарың дайын болғанның өзінде сенде техника болуы керек. Осындай қиындықтар қаншама адамның мал шаруашылығымен айналысуына кедергі болып, тығырыққа тіреп тұр. Тек еңбектеніп, ізіне түсіп ізденіп, бір нәтиже шығарамын деп талпынғандар, шыдамы мен сабыры жеткендер ғана несиеге қол жеткізіп отырғанын көзіміз көріп отыр.
Бүгінде ауылдағы бір үйдің қорасында әрі кетсе 4-5 сиыр, он шақты бас қой бар. Несие беру жолдары оңайлатылса, біраз адам өз-өзін жұмыспен қамтыр еді. Етті бағытқа қарай жылжып, тіпті етті экспорттауға жол ашылады.
- Ауыл тірлігін жақсы білесіз, осы ретте ауыл жастарына мемлекет тарапынан қандай мүмкіндіктер беру керек деп ойлайсыз?
- Ауыл жастары не істеймін, немен айналысамын деп уақытты созып жүре бергеннен гөрі ізденгендері жақсы. Жастарды, ауылды, кәсіпкерлерді қолдау палаталарының съездеріне, сабақтарына қатысып, теориядан жұмыстың ретін үйрену керек. Қабылданып жатқан бағдарламалардан тыс қалмай, бағдарлама талаптарына қарай төселіп жұмыс істесе, пайдасын көреді.
Адам баласының жалпы жұмысқа деген күші отыз жылға жетеді екен. Көпшілігіміз 60-70 мың теңге жалақыға зейнетке шыққанша жұмыс істеуден шаршамаймыз. Бірақ адамдар үш жылда өз бизнесін аяққа тұрғызуға сабырсыздық танытып шыдамайды. Мал шаруашылығымен, бизнеспен айналысам деген адам қорықпай екі білегін сыбанып, екі қолға бір таяқты ұстап, малдың артынан қалмай, оны күтіп-бағып жасайтын болса, рахатын көретіні анық.
Өз тәжірибеммен бөлісетін болсам, малды алғанда санына емес, сапасына көңіл бөлу керек. Кеңестік кезеңде жергілікті халық Алатау тұқымын өсірумен айналысты. Алатау тұқымы сүтті және етті бағытта жүреді. Бүгінде абердин-ангус, қазақтың ақбас сиыр тұқымдарын дамыту қолға алынып отыр. Менің қазақи Алатау тұқымын көбейтсек деген ойым бар. Халыққа өте пайдалы. Сиырлары ірі, сүтті голштин тұқымынан көп бермесе аз бермейді. Қазір оның тұқымы өте аз. Осы жағынан көңіл бөлінсе деген тілегім бар.
Менің ендігі мақсатым – қойды асылдандыру болып отыр, олардың санын көбейтуге кірісіп жатырмын. Қазір қолымдағы 100 шақты қой төлдеп жатыр. Енді гиссар асылтұқымды қойын әкеліп жатырмын. Олардың ерекшелігі – құлағы мен белі ұзын, өзінің салмағы 150-160 кг, 90-95 кг ет береді. Болашақта тек сиыр, қой шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, басқа шаруашылықтарды да игеруге ниеттімін.
- Қала жастарының бос уақытта белгілі бір нәрсемен айналысуына мүмкіндік көп. Ал ауыл жастары неге қызығады?
- Өз ісіңнен жаның рахат тапса, жақсы өмір сүруге деген ынтаңыз болса, ауылда да талай нәрсеге қол жеткізуге болады. Мал шаруашылығын бастағалы ауылдан ешқайда кетпейтінімді түсіндім. Егер біз өзіміз ауылды дамытуға үлес қоспасақ, аймақтар, еліміз қалай дамымақ?
Өзім бос уақытта ат жарысқа, көкпарға барамын. Жазда балыққа, қыста аңшылыққа шығамыз, ат баптағанды ұнатамын. Қалалық жігіттер астындағы темір тұлпарын сәндеумен айналысса, мен жылқыны сәндеуге құмармын. Ер-тұрманынан бастап, тағасына дейін талғаммен қараймын. Жасаған істеріме көңілім толады, өз мақсаттарымды жайлап іске асырып келе жатырмын. Алдағы уақытта шаруашылығымды дөңгелетіп, ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етсем деген арманым да бар.